Өткен аптада Павлодар қаласындағы «Ертіс Promenade» сахнасында облысымыздағы қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Saryarqa samaly» газетінің 95 жылдық мерейтойы аталып өтті. Ұлт шежіресін тасқа қашаған байырғы басылымның дәуір тынысын бедерлеудегі тарихы да, тағылымы да теңдессіз. Осылайша ғасырға иек артқан басылымның парасат биігінен үн қатқан ұлағаты жалғасып, игілікті істері ұлықталды. Шара жергілікті «Ertis» телеарнасы мен  «Halyq radiosy»-нан тікелей эфирде берілді.

 

Ұлт реформаторы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халық­тың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді», – деп айтып кеткен болатын. Арада қанша жыл өтсе де, ардақты тұлғаның бұл сөзі өзектілігін жойған емес. Осы Алаш аманатын абыроймен арқалап, кешегіні саралап, бүгінгіге ой тастап, болашаққа бағдар беріп отырған, ұлт үнпарағына айналған «Saryarqa samaly» газеті облыс орталығындағы «Ертіс Promenade» сахнасында өзінің 95 жылдық мерейтойын атап өтті. Шара барысында қала тұрғындары мен қонақтарына Иса Байзақов атындағы облыстық филармониясы мен «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының өнерпаздары ән мен биден шашу шашып, өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ, газет өміріне белсене араласқан бірқатар авторлар мен тұрақты оқырмандар марапатталды.

Өңірлік қазақ журналис-тикасының кеңістігін толтырып отырған газеттің мерейтойын облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдуманов ортақ тойымыз деп атап өтті. Сондай-ақ, Әлнұр Серікұлы газет бетінде жарық көрген әрбір өзекті мақалалар, шұғыл хабарлар мен ақпараттар, сүбелі сұхбаттар қалың оқыр-
ман қауымның жан серігіне айналғанын толық сеніммен жеткізді. Сонымен қатар, басылымның бұрынғы әріптестері облыстық «Обозрение недели» газетінің бас редакторы Валерия Джембетова, «ERTIS» телеарнасының бас режиссері Гүлнәр Олжабаева және «Ирбис» телеарнасы қазақ редакциясының жетек-шісі Роза Хасенова құттықтау сөз сөйлеп, редакция ұжымына шалқар шабыт пен толағай табыс тіледі.

Бұдан бөлек, мерейтой аясында Ертіс-Баян өңірінің шежірелі тарихын газетпен бірге жазып келе жатқан бірқатар тұрақты оқырмандар мен жас авторлар марапатталды. Атап өтсек, «Жас тілші» аталымы бойынша М.Катаев атындағы Оқушылар сарайының «Қаламгер» студиясының жас тілшісі, Павлодар қалалық Әлихан Бөкейхан атындағы лицей-мектебінің 6 Г-сынып оқушысы Бибігүл Төлегенова, «Жас суретші» аталымы бойынша Павлодар қалалық Әлихан Бөкейхан атындағы лицей-мектебінің 5А-сынып оқушысы Қасым Рүстем Алғыс хат пен бағалы сыйлықтарға ие болса, «Үздік жетекші» аталымы бойынша М.Катаев атындағы Оқушылар сарайының қызметкері Әсем Аипова және ұстаз Балжан Қаппаева марапатталды.

Сондай-ақ, «Ертіс Медиа» ЖШС директоры Руслан Билялов және газеттің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев ел егемендігінің тарихын таңбалап, қаламы жүрдек журналистермен қатар жас ұрпақтың санасын ғибратты ой мен салиқалы сараптама, мағыналы мысал мен өткір сын арқылы қалыптастырып келе жатқан қалың оқырман қауымға еңбектері үшін алғыс білдірді. Бұл ретте, бірге газет өміріне белсене араласқан оқырмандарға Алғыс хат пен газеттің екінші жартыжылдығына тегін жазылуға сертификаттар табысталды. Атап айтсақ, «Үздік оқырман» аталымы бойынша Павлодар облысының Құрметті азаматы Мұхтар Әбенов, «Ертегіші атай» аталымы бойынша ұлағатты ұстаз, еңбек ардагері, «Ainalaiyn» қосымшасының тұрақты авторы Серік Сатыбалдин, «Үздік оқырман» аталымы бойынша Қожагелді Мәуленқұлов және Толқын Сыздықова марапатталды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда «Saryarqa samaly» газетін облыс тұрғындары жаңалықтың жаршысы деп қана емес, халықтың қамқоршысы ретінде де таниды. Себебі, басылымның бастамасымен жыл сайын тың жобалар жүзеге асуда. Мәселен, газет ұжымы жыл сайын қазақтың ұлттық ойындарын дәріптеп, республикалық деңгейде «Тоғызқұмалақ» ойынын өткізіп келеді. Бұдан бөлек, өңірдің саяси-қоғамдық өміріне араласып, толымды жұмыс атқарып жүрген азаматтарды да көпшілік облыстың бас үнпарағы арқылы танып, оқып білді. Тоқсан бес жыл елге хабар таратуда өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған басылымның биылғы мерейтойы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен газет мерейтойына арналған көрмемен басталған болатын. Онда басылым тарихынан сыр шертетін фотосуреттер, газет авторлары мен байырғы басылымда қызмет еткен бірқатар ақын-жазушылардың кітаптары қойылды.

 

А.МҰҚЫШЕВ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.

 

Құрметті «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымы!

Сіздерді мерейлі мерекелеріңіз – облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің жарыққа шыққанына 95 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын!

95 жыл басылым Ертіс-Баян өңірі жақсылығының жаршысы әрі бұл үнпарақ менің киелі кенді мекенім — Майқайыңның қолдаушысы, қамқоршысы болды.

Кентіміздегі келелі мәселелерде газет үн қатып, жетістіктерімізді жар салып, қиыншылықтарымыздың күрмеуі шешілуіне атсалысты.

Газет ұжымындағы Әлғожа Мұхамеджанов, Әбдеш Баймурзин, Әділбек Жұмаділденов, Мұхит Омаров, Асыл Әбішов, Қажымұрат Смағұлов, Бақыт Баймұратов, Өскенбай Тастемханов, Нұрбол Жайықбаев, Мұрат Аяғанов, Еламан Қабділәшім секілді журналистермен тізе қосып ауылымызда орындалмай жатқан істердің нәтижелі аяқталуына әрекет жасадық.

Сондықтан, Майқайың халқының ата басылымға деген құрметі өте зор. Әрі бүгін 95 жылдық тойымызға Майқайың алтын кентінен арнайы шақырумен келіп отырмын. Бұл тойды көру мен үшін тағы да үлкен қуанышты сәттің бірі болды. Өйткені, газетіміздің
75, 80, 90 жылдық мерейтойларында осы ұжыммен бірге қуаныштарын бөліскен едім.

Міне, бүгін Алланың жазуымен 92 жасымда да өздеріңіздің ортала-
рыңызда отырмын. Мен «Қызыл ту», «Сарыарқа самалы» газеттерімен
65 жыл байланыстамын. Сонау 1959 жылдан бері бұл басылымға жазылудан қалыс қалған емеспін. Көп оқырманының бірі ретінде бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылым – «Сарыарқа самалының» ұжымын 95 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, шығармашылық толағай табыстар, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Тәуелсіз еліміздің жарқын келешегі және облыстың өсіп-өркендеуіне қосқан игі істеріңізге Алланың нұры жаусын!

 

Ізгі тілекпен, Мұхтар Зәпішұлы Әбенов,

 «Құрмет» орденің иегері, кенші, Павлодар облысы және Баянауыл ауданының  «Құрметті азаматы», дербес зейнеткер. Майқайың кенті.