Биыл Павлодар қаласындағы Бижан мешітінің ашылғанына — 100 жыл. Бұл құлшылық орнын бір ғасыр бұрын, яғни 1923 жылы жергілікті ауқатты саудагер, діни тұлға Бижан Шоқыбасұлы өз қаражатына салдырған. Тарихи ғимарат Шалдай орманынан жұптап жегілген өгіз арбамен қарағай алдырып салдырған тұлғаның құрметіне Бижан мешіті аталып кетті.
Бижан атындағы мешіттің 100 жылдығына орай Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Дін, мәдениет және iзгi қоғам» атты ғылыми конференциясы өтті. Келелі жиынды алғы сөзімен ашқан облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова егемен елімізде дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
— Еліміз әлемде зайырлы мемлекет ретінде белгілі. Қазақстанда әртүрлі дін өкілдері өзара бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде. осы қоғамдағы келісімді сақтау және әрі қарай дамыту – басты мақсатымыз, — деді Айзада Амангелдіқызы. Шараға арнайы қатысқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы және ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Арыстан Ғазалиев сөз сөйледі. Сондай-ақ, конференция жұмысына Бижан Шоқыбасұлының ұрпақтары, жергілікті зиялы қауым, дін өкілдері қатысты. Шара барысында зиялы қауым өкілдері мешіттің негізін қалаған Бижан Шоқыбасұлының қилы тағдыры, діни орданың тарихынан сыр шертетін мазмұнды мағлұматтарды ортаға салды. Конференцияның пленарлық отырысында Торайғыров университетінің ғалымдары – ф.ғ.д,. профессор Айтмұхамет Тұрышев, ф.ғ.к., профессор Айман Зейнулина, т.б. мазмұнды баяндама жасап, ізгі қоғам құру жолдары жайлы ұсыныс-пікірлерін білдірді. Көзі қарақты оқырман Бижан Шоқыбасұлының ұрпақтары ескі мешіт үйінің орнына заманауи ғимарат тұрғызып, мешітті ел игілігіне қайта ұсынғанын біледі. Бижан мешітінің қысқаша тарихына үңілсек, бұл –
1923-1943 жылдар аралығында Павлодар өңірінде жұмыс істеген жалғыз мешіт. Бижан ата 1931 жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, «Халық жауы» атанып, репрессияға ұшыраған. Мешітте 1943-1989 жылдар аралығында Рахметулла хазірет, Ысқақ хазірет, Әғзам молда, Абдуллаһ Жолдасов, Ертай имам, Бақыт имам, Кененбай имам, т.б. діни тұлғалар қызмет еткен. Мешіт 1989 жылдан 1996 жылға дейін иесіз қалып, кейін 1996 жылы мешітті бір кәсіпорын сатып алып пайдаланған. Бижан мешітінің қаусаған қабырға-лары 1999 жылға дейін тұрған. Кейін осы өңірдің тумасы Рахат Байсуфинов жеке қаражатына 2000-2005 жылдар аралығында оны қайта салады. Мешіт 2005 жылдың қазан айының 3 жұлдызында есігін айқара ашты. Биыл мерейтой қарсаңында мешітке халықтың жинаған қаражатына күрделі жөндеу жасалып, ауласы абаттандырылды. Тұрғындар сұранысымен ғимарат аумағы кеңей-
тіліп, қосымша екі бөлме қосылған. Қазіргі таңда мұнда бір уақытта 300 адам намаз оқи алады. Бұл ретте мешіт жамағатына көп жыл бойы адал қызмет етіп келе жатқан бас имам Әбдусамат Сағыновтың еңбегін де атап өткен жөн.
Т.ӘБІЛДА.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.