Жақында қасиетті бес парыздың бірі — қажылыққа аттанған 100-ден астам отандасымыз алаяқ фирманың арбауына түсіп, соның салдарынан Сауд Арабиясында қамауға алынғаны жайлы ақпарат жалпақ жұртқа жария болған еді. Жазықсыз жапа шеккен жандар бір аптадан астам уақыт бойы қиын—
дық көріп, әзер дегенде елге оралды. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы да алаңдау—шылық білдіріп, құқық қорғау органдарына осы жағдайды жіті тексеруді тапсырды. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен, бұдан былай қажылыққа баратындар бармақ тістеп қалмауы үшін нені
білуі қажет? Дін өкілдері қандай уәж айтуда? Жауап іздеп көрейік…
Отандастар неге опық жеді?
Ай мен күннің аманында туристік фирмаға алданып қалған қазақстандықтардың жағдайы көпшілікті толғандырды. Өкініштісі, қасиетті Қағбаға жете алмай, қажылық парызын өтей алмай қалғандардың қатарында қариялар көп. Олардың аңқаулығын пайдаланып, айласын асырған туристік фирманың визасы қажылыққа жарамсыз болып шыққан. Аталған мәселеге қатысты пікір білдірген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы:
— Сауд Арабия мемлекетінде арнайы Қажылық деген министрлік жұмыс істейді. Қазақстан мұсыл-мандары діни басқармасы аталған министрлікпен және көптен бері қызмет көрсетіп келе жатқан туристік фирмалармен келіссөз жүргізіп, биылғы жылы қажылық сапарына 4 мың виза алған. Яғни, 2023 жылы елімізден осыншама адам ғана қажылыққа баруы тиіс болған. Бұдан соң біздің басқарма парызын өтеушілердің барып-келуіне жауапты әрі сенімді туристік фирмаларды анықтау үшін конкурс жариялады. Сол бойынша оған қатысуға ниетті компаниялар тиісті құжаттарын жіберді. Бұған немқұрайлы қарағандар да болды. Яғни, құжаттарын толық жіберме-гендер кездескен. Олардың қаншасы талапқа сай екенін білікті мамандар жіті қарап, 18 фирманы анықтады. Сөйтіп, 4 мың виза осы 18 туристік фирмаға бөлініп берілді. Ал тізімдегі 18 фирмадан өзгелерінің визасы қажылыққа баруға жарамсыз. Осы жағдайды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халыққа ескертті. Әлеуметтік желілер арқылы да хабарландырулар таратты. Соған қарамастан 120 қазақстандық алданып қалды. Салдарынан олар өздерінің толық қажылық парызын атқара алмады. Бұл адамдардар қажылық емес, туристік виза алғандықтан ол құжат қасиетті Арафа жазығы мен Мина тауында қонуға, Муздалифада тұруға жарамсыз болды, — дейді. Сондай-ақ, облыстың бас имамы қажылыққа барған отандастары-мызға бағыт-бағдар беріп, көмек көрсету үшін дін комитетінен бір өкіл еріп барып отыратынын айтады. Ал Араб елінде алданғандарын біліп, сан соғып қалғандардың қасында мұндай жауапты адамдар болмаған.
Президент тапсырмасынан соң…
Қажылыққа барамын деп қамауға алынған ағайынның мәселесіне ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та пікір білдірді.
— Бір туристік компания заңға бағынатын бір топ азаматты алдап, оларды қажылыққа жіберген. Кінәсіз адамдар Сауд Арабиясының полиция учаскесінде қамауда отыруға мәжбүр болды. Осындай алаяқ компанияның заңға қайшы әрекеті азаматтарымыздың денсаулығына олардың моральдік жағдайына және жалпы еліміздің беделіне үлкен нұқсан келтіріп отыр. Бұл жерде, әрине, адамдардың құқықтық сауатсыздығы да бар. Енді, мемлекетіміз, яғни Сыртқы істер министрлігі оларға барынша көмектесуі қажет. Ал Ішкі істер министрлігі алаяқ компанияның басшылығын, қызметкерлерін заңға сәйкес жауапқа тартуға тиіс. Әділетті қоғам құрамыз десек, дәл осындай өзекті мәселелерді шешуіміз керек, — деді Президент. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасынан кейін шетелдік полицияның құрығына іліккен жерлестері-мізге ҚР Сыртқы істер министрлігі араласты. Абырой болғанда, отандастарымыз дін-аман елге оралды. Десе де, бірнеше күн бойы дұрыс ас-су ішпей, адам айтқысыз аянышты күй кешкен тұрғындар көп қиындық көргендерін айтады. Оларды осындай жағдайға түсірген «Zam-Zam Qazaqstan» туристік компаниясы екені анық-талған. Мүфтият қажыға барушыларды алдап кеткен аталмыш компанияның заңсыз әрекеттері туралы құқық қорғау органдарына шағым түсірген. Сонымен қатар, ел тұрғындары да қолдан жасалған қажылық визалар пайдаланатын алаяқ компаниялардың заңға қайшы әрекеттері әлі күнге дейін тыйылмай келе жатқанын айтып, ардан аттаған фирмаларға шара қолдануды талап етуде. Бір қызығы, «жығылған күреске тоймайды» демекші, ел-жұрттың алдында абыройынан айырылған атышулы «Zam-Zam Qazaqstan» компаниясының өкілдері «ҚМДБ жалған қажылық визаларын дайындады» деген негізсіз ақпарат таратып жатқан көрінеді. «Жалған жала жабылды» деген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл фирманың үстінен тағы да сотқа шағым түсірмек. Істің ақ-қарасын құқық қорғау органдары анықтайтын болады.
Нені білу керек?
Болашақта мұндай қиындыққа тап болмас үшін тұрғындар нені білуі қажет? Жалпы, қажылыққа қалай дайындалу қажет? Бұл сұрақ-тарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы жан-жақты жауап берді.
— Біріншіден қажылыққа рухани дайындық жасау керек. Қажылық парыз құлшылық болған соң оның өз шарттары мен ережелері бар. Мұсылман адам қажылық құлшы-лығына әуелі рухани тұрғыда дайындалуы тиіс. Қажылық жай барып келетін жер емес. Сондықтан оған баратын кісі қасиетті мекенге шықпас бұрын қажылық жайында діни мәлімет алғаны жөн. Ал қажылыққа алдын ала рухани дайындалмаған адам Алланың рақымы түскен қасиетті мекенге саяхаттап келген секілді құлшылықтың ләззатын ала алмауы мүмкін, — дейді Ағабек Қонарбайұлы. Сондай-ақ, ол екін-шіден, қажылыққа материалдық тұрғыда дайын болу керектігін айтады.
— Қажылық құлшылығының өзге құлшылықтардан біршама өзге-шеліктері мен ерекшеліктері бар. Қажылық парыз болуы үшін ең бірінші кезекте балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жарамды және қаражаты жететін адам болуы керек. Міне, осы шарттар орындалғанда ғана оған өмірінде бір рет қажылыққа бару парыз болады. Сол үшін шариғатта зекет пен қажылыққа қаражатының жеткілікті болуы парыз етілген. Ал қаражаты жеткіліксіз адамға қажылыққа бару міндет емес. Үшіншіден, қажылыққа сенімді турфирмалар арқылы бару қажет. Қажылық белгілі күндері және арнайы орындарды зиярат ету арқылы орындалатындықтан, оған барлық мұсылман әлемінен келетін қажылар арнайы туроператорлар арқылы барады. Сол үшін әрбір қажылық парызын өтегісі келетін кісі осы жағын ескеріп, тиісті мамандарға жүгіне отырып, шешім қабылдауы тиіс, — дейді ол. Оның айтуынша, біздің елімізде бұл іспен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Қажылық» бөлімі айналысады, — дейді Ағабек Қонарбайұлы. Сонымен, талап бойынша елімізден баратын қажыларға қызмет көрсетуге арнайы лицензиясы бар және «Қажылық» бөлімі мақұлдаған туроператорлар ғана құқылы. Бұдан басқаларының қызметі заңсыз болып табылады. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық сапарын ұйымдастыруға қабілетті деп таныған және Мүфтият жариялаған тізімге сай туроператордың қызметіне ғана жүгіну керек.
Осылайша, қасиетті Мекке жеріне барып тұрып, қажылық парызын өтей алмай, арманда қалған қазақстандықтардың бұл әрекеті көпке сабақ болғандай. Осындай жағдайдың алдын алу үшін алаяқ компаниялардан абай болған жөн, дейді мамандар. Ең бастысы, қасиетті қажылықтың қадірі кетпесін!
Нұржайна ШОДЫР.