Жақсылықтың жаршысы болған Наурыз мейрамы Павлодар қаласында ауқымды түрде аталып өтті. Шаһардың Орталық алаңында құрылған ақшаңқан киіз үйлер мен әсем безендірілген сахна маңына Наурызды атап өтуге келген жұртшылықтың қарасы қалың болды. Мерекелік шараға облыс әкімі Асайын Байханов пен Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков те қатысты.
Бұл жылы да мерекелік алаң ерекше безендірілді. Сонымен қатар, Наурызға арналған үлкен әріптерден құрастырылған құттықтау жазбалары орнатылып, мерекелік көңіл-күйді одан әрі асқақтатты.
Жыл сайын жаңартылып отыратын киіз үйлер қалашығы биыл да ерекше сән-салтанатымен көз тартты. Негізгі алаңға әртүрлі тақырыптағы 10 киіз үй тігілді. Әрбір киіз үй қазақ халқының мәдениеті, тұрмысы мен тарихын бейнелейтін жеке тақырыпқа арналды.
Мерекеге орай ұйымдастырылған жәрмеңкеде жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынды. Қонақтар ыстық бауырсақ пен Наурызкөжеден дәм татып, жергілікті қолөнершілер ұйымдастырған көрмелерден қолөнер бұйымдарын сатып алды.
Наурыз мейрамы қазақ халқының ұлттық ойындарынсыз еш уақытта өтпейді. Мәдениет орталығының алдында спорттық сайыстарға арналған арнайы алаңдар ұйымдастырылып, қатысушылар өзара мықтыны анықтады. Олардың қатарында қой көтеру, қол күресі, асық ату, арқан тарту және тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындар бар. Жарыста жеңімпаз атанған қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан бағалы сыйлықтар табысталды. Мереке аясында «Ең әдемі ұлттық киім» байқауы ұйымдастырылып, ең әдемі киім үлгісімен келгендерге сыйлықтар табысталды.
Концерт барысында жиналған қауым ұлттық аспаптарда орындалған әуендер мен халық билері және театрландырылған қойылымдарға куә болды. Сонымен қатар, елімізге белгілі эстрада жұлдыздары — Мәдина Сәдуақасова, Тұрар Ыдырыс, Мархаба Сәби және «Әгугай» ансамблі өнер көрсетті. Одан бөлек, қоңыр домбырада күйлер күмбірлеп, бишілер мың бұрала би билесе, жергілікті әншілер әндерін шырқады.
Ерекше нұсқада өткен шарадан жиналған қауым да ерекше әсер алды. Олардың айтуынша, шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған.
Наурыз – бірлік пен жаңару мерекесі. Биылғы мерекелік шаралар да қала тұрғындары мен қонақтарының ауызбіршілігі мен ұлттық құндылықтарды ұлықтауға арналды.
Нариман ЖЕКСЕНБАЕВ, Павлодар қаласының тұрғыны:
— Күн мен түннің теңелген, Ұлыстың ұлы күнін атап өту үшін мерекеге отбасымызбен келдік. Ыстық бауырсақ пен Наурызкөжеден дәм таттық. Керемет концерттің куәгері болып, спорттық жарыстарға да қатыстық. Барлығы жоғары деңгейде өтті.
Айдана БОРАНБАЕВА.