Өткен жылы елімізде жаңа мерекелердің қатарына аңшылық шаруашылық қызметкерлері күні енгізілді. Ол жыл сайын қыркүйектің бірінші сенбісінде аталып өтеді. Ұлтымыздың байырғы кәсібін дәріптеу мақсатында аталып өтетін мерекенің қарсаңында өңіріміздің намысын қорғап, саятшылыққа өмірінің бір бөлшегін арнап жүрген жас аңшымен әңгімелестік.
Бүгінде аң аулау, аңшылық десе, жазық далада көлікпен немесе тікұшақпен аңды қуып жүру деп түсінеді. Шын мәнінде, аңшылық деген – қазақтың байырғы кәсібі, бекзат өнері екенін білген жөн.
Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы университеттің түлегі, 22 жастағы Шәміл Жексембаев 11 жасынан аңшылыққа қызыққан. Әкесімен жиі саят құруға шығып, еліміздің тылсым табиғатына тамсанудан жалықпай, ұстазынан ұлттық өнердің негізін біртіндеп үйренген.
– Қазіргі таңда негізгі бағытым – бүркітпен аң аулау. Бала кезімнен осындай қалыптасқан дәстүр арасында өсіп, аңшылық қабілетті бойыма сіңірдім. Әкемнің қыран құстарға деген лебізі мен күтімін көріп, саяхатшылыққа қызығушылығым арта түсті. Болашақта дәл осы кәсіпті жалғастырамын деп шештім. Әлі күнге дейін бұны хобби ретінде емес, ұлттық мәдениет пен отбасылық мұраның жалғасы деп білемін. Алайда басқа да ұлттық аңшылық түрлерін зерттеп, дәстүрлі спортпен байланысымды нығайтуды жоспарлаудамын, – дейді Шәміл Жексембаев.
Одан бөлек, жуырда ұлы Абайдың 180 жылдығына орай өткізілген жарыста жүлделі орынға ие болған. Бұған дейін облыстық және республикалық байқауларда бақ сынап, жүйріктердің бірі атанып, өңір намысын қорғаған.
Аңшылар құстарды ұясынан алып, үйлерінде күтіп-өсіріп, аң аулауға дайындайды. Осындай ауқымды жұмысты кәсіпке айналдыру үшін терең философияны жастайынан меңгеру керек. Аталмыш көне дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын отбасылардың арқасында дәріптеліп келеді.
Алдағы уақытта жас аңшы аймақтағы спорт түрлерін дамытуға өз үлесін қосып, соның ішінде бүркітшілікті кеңінен насихаттап, өскелең ұрпаққа үйретуді мақсат етуде. Сонымен қатар, ұлттық спорт федерациясын құрып, қазақ халқының мәдениетін әрі қарай жаңғыртуды жоспарлауда.
Салтанат ҒАББАС.