Қазақша контенттің әзілқой «жұлдызы»

Қар 27, 2025

Қазір әлеуметтік желілерді аша қалсаң, жанға жайсыз жаңалықтар алдыңнан шығады. Дегенмен, осындай сәтте көңіліңді сергітіп, ойыңды басқа бағытқа бұратын жарқын жандар да бар. Солардың ішінде күнделікті өмірде орын алатын жайттарды жарасымды әзілмен әспеттеп, көпшілікке күлкі сыйлап жүрген блогерлердің бірі – Алексей Лодочников. Ол –
бүгінде Instagram мен «TikTok-та өзіне тән жеңіл әзілдерімен танылып жүрген танымал контент авторы.

25 жастағы Алексей Лодочников Ақсу қаласында дүниеге келген. Алайда балалық шағы Тереңкөл ауданындағы балалар үйінде өтті. Ол сол жерде тәрбие алып, қазақ тілінде еркін сөйлеуді, домбыра тартуды үйренді. Кейін сол ауылдағы қазақ мектебінде оқыды. Бойындағы өнерге деген талантының арқасында 6-сыныпта дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатында білімін жалғастырды. Ол бұл оқу орнын «Халық әні және домбыра ойыны» мамандығы бойынша тәмамдады.

Алексей блогер боламын деп бұрын-соңды ойламағанын айтады. Бірақ бала кезінен актерлікке әрі өнерге жақын болды. Көпшілікке танымал болуды армандады. Сөйтіп, сол уақытта Астана туралы әзіл видео түсіріп, оны өзінің ТikTok-тағы парақшасына жүктейді. Аз уақыттың ішінде әлеуметтік желі қолданушылары оның видеосын тамашалап, бір күнде оған 5 мың адам жазылады. Сол сәттен бастап ол домбырамен ән айтып, түрлі әзілді түсіруді әдетке айналдырды.

– Астанаға тәжірибеден өтуге келгенім әлі есімде. Астананың климаты бәрімізге белгілі: жел, жаңбыр. Сол кезде мен алғаш рет осындай ауа райына тап болып, бұл туралы шынайы видео түсірдім. Ештеңе жоспарлаған жоқпын, сценарий де болған жоқ. Бәрі өздігінен шықты. Кейін видеоны TikTok-қа жүктеуін жүктеп, ол туралы мүлдем ұмытып кетіппін. Екі сағаттан соң достарым хабарласып: «Керемет видео шығыпты!» деп жаза бастады. Желіні ашсам, үш сағаттың ішінде видео миллион қаралым жинапты. Кейін түрлі паблик пен блогерлер видеоны бөлісе бастады. Үш күн ішінде 5 миллион қаралымға жетті. Сол кезде мен өз фишкамды тапқанымды түсіндім. Яғни, айналамдағы жайттарды ирониямен, шынайы нұсқада көрсетемін деп шештім, – дейді ол.

Осылайша, қазақ тілінде еркін сөйлейтін, ашық мінезді блогер елдің назарын бірден өзіне аудартты. Оның үстіне сол кезде әлеуметтік желілерде қазақ тіліндегі контент аз болатын. Қазіргі таңда оның Instagram парақшасында 346 мың жазылушы бар. Ал видеолары миллиондаған қаралым жинайды.

Блогердің айтуынша, оның әзіл-сықақ видеоларының барлығы да өмірден алынған. Ол ешқашан сценарий жазбайды, оған ешкім идея айтып отырмайды. Барлық сюжетті өзі ойлап табады.

– Шын мәнінде, менің видеоларым күнделікті өмірде орын алатын жағдайларға негізделіп түсіріледі. Сондықтан ойдан құрастырудың еш керегі болмады. Кейбір блогерлер контент жасауға көп дайындалады. Мәселен, бірнеше камера қояды, макияж жасайды, уақыт пен ақша жұмсайды. Ал менде бәрі бір камераға түсіріледі. Мүмкін, сондықтан оларға қызықты болар. Осы арқылы адамдардың көңіл-күйін көтеруге тырысамын. Өйткені, өмірде бәріне сәл әзілмен қарау керек.

Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен еңбегің екі жақтап» деген сөзі бар. Бұл – менің өмірдегі басты ұраным. Мен ешкімге сене бермеймін, тек күшіме арқа сүйеймін. Кейде қозғай алмайтын ауыр тақырыптар болады. Сол кезде өзіме: «Алексей, бұны енді айтпайсың» деп уәде беремін. Бірақ кейін бәрібір айтамын. Мен қызғылт көзілдірік тағып жүрмеймін. Мүмкін менің контентім біреуге ұнар, біреуге ұнамас. Бірақ блогерлер тек әзіл түсірумен шектелмей, қоғамдағы мәселелерді де көтеруі тиіс. Ал осы мәселелерді жеңіл әзілмен де жеткізуге болады, –
деп қосты ол.

Әлеуметтік желілер арқылы табатын табысы туралы сөз қозғағанымызда, блогер жарнамалық ұсыныстардың көбінен бас тартатынын айтады. Себебі, кей жарнамалардың құны көлемді болса да, көбі түсініксіз әрі күмәнді өнімдер болып шығады.

– Жарнама жасау арқылы көп қаражат табатын едім. Бірақ кей жарнамалар негізгі ұстанымдарыма сәйкес келмейді. Сондықтан әр ұсыныс түскен сайын көмекшіммен бірге компанияны толық тексереміз. Бухгалтерлерінен қарыздары бар-жоғын сұраймыз. Егер заңдық тұрғыдан бәрі дұрыс болса, бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз, – дейді ол.

Алексейдің аудиториясының басым бөлігі – егде жастағы әйелдер. Әр видеоның астындағы пікірлерден-ақ олардың оның видеоларын ұнататынын әрі ерекше қолдауларын байқауға болады. Сондықтан болар, өзінің парақшасына әзіл ретінде «Сенің анаңның крашы» деп сипаттама берген.

– Маған «Сені тек апашкалар мен аташкалар көреді» десе, мен мақтан тұтамын деп айтамын. Өйткені, олар арқылы мені жастар да, балалар да таниды. «Анам саған қарап жүр», «Әжем – сенің фанатың» дегендер де көп. Меніңше, аудиториям керемет! –
дейді ол.

Алексей болашақта да оқырмандарына күлкі сыйлайтын, өмір туралы шынайы әзілдерді айтатын әрі қазақтың ұлттық аспабы — домбыра тартатын блогер ретінде қалғысы келеді.

Айдана БОРАНБАЕВА.