Қазақы ит – көшпенділер сәні

Қыр 3, 2026

Қазақ құндылығындағы жеті қазынаның бірі – ит. Соның ішінде қазақы иттің тұқымын сақтау және көбейту мәселесіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 3 қыркүйекті «Қазақы тазы мен төбет» күні деп жариялауы — соның бір айғағы.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақы тазы ит тұқымын сақтау, өсімін молайту және оны халықаралық деңгейде ұлттық бренд ретінде насихаттауға ерекше көңіл бөліп келеді. Атап айтқанда, мемлекеттік органдар мен Қазақстан кинологтар одағы бірлесіп, тазы тұқымының бірегей қасиеттерін дамыту және сақтау, жүйелі ғылыми зерттеулер жүргізу, сондай-ақ халықаралық көрмелерге тұрақты қатысу бағытында белсенді жұмыс атқаруы қажет деген еді.

Павлодар облысында ит өсіріп, аңшылықпен айналысып жүрген азаматтардың қатары көп. Солардың бірі – Дәурен Көптілеуовтің айтуынша, аймақта 200-ге жуық аңшы тазы және төбет иттерін баптайды. Бірақ, олардың қолында нақты қанша тазы мен төбет барын айту қиын. Себебі, бір аңшының өзінің ауласында екі-үш, тіпті оншақты тазыға дейін болады.

– Өзім сегіз тазы ұстаймын. Барлығының арнайы құжаты бар. Аймақтағы барлық аңшылармен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Жылына үш-төрт рет тазы жарысын ұйымдастырамыз.  Сонымен қатар, түрлі мерекелерге қатысып, көрмелерге жүреміз. Барлық шығындарды аңшылар өздері көтереді, — дейді Дәурен Көптілеуов.

Аңшының айтуынша, қазіргі күні тазы ит бапкерлерінің басын біріктіретін ешқандай ұйым жоқ. Сондықтан алдағы уақытта жеке федерация ашуды жоспарлап, құжаттарын рәсімдеу үстінде.

– Тазы және төбет иттері — қазақтың көшпенді мәдениетін паш ететін басты құндылықтар. Сондықтан осы бағытқа мемлекет тарапынан көңіл бөлінсе игі еді. Атап айтқанда, осы атаулы күннің қарсаңында тек тазы және төбет иттерге арналған ауқымды шаралар ұйымдастырылып, халыққа көрсетілсе. Себебі, көп жастар бұл жануарлардың ұлттық ерекшеліктерін біле бермейді. Екіншіден, жарыстарға демеушілік жолмен қаражат қарастырылса. Себебі, көбінде ұйымдастырушылар шығынды өз қалталарынан көтеріп жатады. Үшінші, республикалық жарыстарда облыстың атын шығарып жүрген аңшыларды ынталандырып, жекелей Алғыс хаттармен марапаттау керек. Себебі, итті күтіп, баптау жұмысы біз ойлағандай жеңіл емес, — дейді Дәурен.

Жаңа атаулы күн ұлттық ит тұқым-дарының қадірін арттырып қана қоймай, оларды қорғау, көбейту және халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл күн кинология саласының дамуына серпін беріп, жас ұрпақтың дәстүрге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Т.САХАБА.