Шүкір, бізде мереке дегеніңіз баршылық. Ұлттық, діни, мемлекеттік болсын, күнтізбеден бәрі табылады. Одан басқа, туған күн, үйлену тойы, балалардың қуанышы, тағы басқа тойлар болсын, «құтты болсын!» дей жөнелеміз. Қай мерекеде болсын, жұртшылықтың жаппай осы бір жаттанды тіркеспен «тойдырып» тастайтынын қайтерсіз.
Әрине, қуаныш, тамашамен құттықтау жалпы — игіліктің нышаны. Жақсы тілек шын ықыласты адамның ғана аузынан шығады деп білеміз. Құттықтауға қарсы емеспіз.
Бірақ осы игі тілектің қай мерекеде болсын тек «құтты болсын» деген сөз тіркесімен айтылып жүргені таңданыс туғызады. Жұпыны, жұтаң, құрғақ, жаттанды, сөлсіз, құнарсыз, жылусыз, сезімсіз сияқты.
Себебі, қазақ халқында (түркі десеңіз де бір) ертеден әр мерекеге, қуанышқа орай айтылатын құттықтау-лебіздері қолданылатын.
Тал бесіктен бастап жер бесікке дейін.
Кіндігі кесілгеннен бастап, жер қойнына тапсырылғанға дейін.
Мысалы, нәресте туғанда — бауы берік болсын.
Тұсауы кесілгенде — қадамы нық болсын, ақ жол болсын, т.б.
Мектеп босағасын аттаса — зейінді болсын.
Көлік алса, міністі болсын. Жағымды жаңалық, қуанышты хабар болса, жетістікке жетіп жатса — ұзағынан сүйіндірсін. Байғазысын бересіз.
Ер бала сүндетке отырса, «үлкен азамат болсын», «аттай шауып кетсін».
Жастар отау көтерсе, «құтты болсын» емес – «Босағалары берік, шаңырақтары биік, керегелері кең болсын» деп қазақы мағынадағы тілекті төгілтеді..
Ораза құтты болсын емес – «қабыл болсын», «мүбәрак болсын».
Осылай кете береді.
Бұлар – орындарын ауысытырып қолдана беретін синоним сөздер емес.
Әр қуаныштың мағынасы, мазмұны бөлек болған соң қазақ атам одан әрмен көркейтіп, жақсылығы өсе түссін деген оң ниетпен барынша молынан қамтып тілек айта білген.
Бірақ өкінішке қарай қазіргі жұртшылық әр қуанышқа, мереке-жайтқа байланысты лебізін «құтты болсынмен» айтуға көшкен. «Құтты болсынмен» бірге ниеттің де тарылып бара жатқаны көрінбей ме? Асып-төгіліп орнымен айтылса, «жақсы сөз — жарым ырыс» деген.
Неге бізде осы «құтты болсын» әмбебап тіркеске айналды?
Бірінші себебі — қазақ тілінің шұрайлы сөздерін игеруден қалып барамыз-ау дейсің. Болмысын білмеушілік, табиғатын түсінбеушілік. Жазушы Мұхтар Мағауиннің «Мен» кітабынан мынадай мәндегі ой ұшырасып еді: «Бұрын қазақта шұрайлы тілді ауыл-қауымнан бала кезінен қанып сіңіріп өсетін болса, ендігі жерде кітаптан оқып үйренетін болады» дегенді меңзейтін.
Бүгінде кітаптың жұтаң тілінің шеңберінен аса алмаймыз. Орыстілді көпшілік қазақ тілінің мәнісін білмегендіктен «құтты болсынды» көрінген жерге енгізді. Ағылшындардың Congratulations деген сөзі секілді. Соған құлақ үйреніп барады.
Бірақ біз келешек ұрпақтың құлағына қай қуанышқа, мерекеге байланысты қандай құттықтау түрі айтылатынын сіңіруіміз керек.
Ол үшін әрқайсысының жеке қай қуанышқа орай айтылатын орнын ажыратып, қажет десеңіз тізімін жасап, кәдімгідей бекітіп алсақ тіпті жақсы.
Кейде Қазақстанның бір өңірінде жақсы мағынада айтылатын тіркесі екінші бір аумағында оқыс болып естілетіні бар.
Бір-екі мысал келтірейік. Кереку өңірінде қызық-қуаныш, той болса ертеден жергілікті жұрт «қайырлы болсын» дейді. Дұп-дұрыс, толымды, игі ниеттен шыққан, іші алтын сөз. Бірақ батыс өңірлерде «қайырлы болсын» дегенді қазада туысына көңіл білдіруде айтылады деп әлеуметтік желілерден оқып жатырмыз.
Бірақ бұл — тумысынан жақсы сөз тіркесін сыңаржақты түсіну. Дұрысы – «қазаның артының қайырын берсін». Яғни — қазадан соң ұрпақ-туысы қайырлы ғұмыр кешсін, жақсылық болсын деген үлкен мағынадан шыққан. Кейінгі адамдар ол тіркестің бастапқы бөлігін ұмытып, шолақ «қайырлы болсын» деуге көшкен. Әрі өздерінікін дұрыс санап бет бақтырмайды. Кереку өңірінде де «Қазаның қайырын берсін» деген көңіл айту сөзі бар. Бірақ «қайырлы болсын» демейді. Оны қуанышта қолданады.
Дәл сол секілді «көрісу» мағынасын Кереку-Шығыс өңірі керісінше жағымсыз ретінде қабылдайды. «Қауышу» дегенді көбірек қалайды…
Түйіндей келгенде, қазақтың бай мағыналы құттықтау сөздерін орнымен қолдануға көшсек. Ресми мерекелерде «құтты болсын» деп шектелуге болар. Бірақ өз ұлттық, діни, болмысымызды көрсететін мейрамдарымызда тарылмай, тарықпай — пейілі кең, үміті мол, қайырымы кең, келешегі зор ақтілек-құттықтау айтсақ, бір ұпайымыз түгел болар еді.
Сіз не дейсіз?
Нұрбол Жайықбаев.