Ұлттық мерзімді баспасөз тарихы 20-ғасыр басында жарық көріп, қазақ ұлтының көзін ашып, көкірегіне сәуле шашқан «Қазақ» газетінен бастау алады. Анығын айтқанда, 1913 жылдың 2 ақпанында алғашқы саны жарыққа шықты. 2023 жылдан бастап осы күнді «Ұлттық баспасөз күні» деп белгілеп келеміз.
1913 жылы 2 ақпан күні Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы қатарлы Алаш зиялыларының бастауымен, қазақтың ұлтсүйер ауқатты азаматтарының қостауымен тұңғыш ұлттық қоғамдық саяси және әдеби-мәдени басылымы – «Қазақ» газетінің бірінші нөмірі жарық көрді. Газеттің бірінші бетінен бастап ұлттық нақышта безендіріліп, ұлттың сөзін сөйлеп, білімі мен руханиятын, мәдениеті мен әдебиетін көтеру жолын көздеді. Атап айтқанда, рәміздік бейнедегі киіз үйдің есік жабығының қос босағасына Ахмет Байтұрсынұлы негіздеген төте арабша қаріппен «ҚАЗАҚ» деген сөз жазылған. Бұл – осы ел мен жердің иесі де, есігінің қос таянышы да қазақ халқы, қос босағаң берік болсын дегенді меңзеді. Сондай-ақ, ұлт зиялыларының сөзімен айтқанда «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын» деген аңсар-арман еді.
Торайғыров университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Бақытгүл Қапасованың сөзінше, «Қазақ» газеті Алашорданың ең негізгі платформасы болған. Сондықтан, басылымның ұлт руханияты жолындағы атқарған жүгі ауыр болған дейді ол.
— Жалпы, ұлттық баспасөз күні дегеніміз – қазақ журналистикасындағы үлкен бір бетбұрыс басталған кезеңді білдіретін күн. Негізі оған дейін де басылымдар болған, бірақ, «Қазақ» газетінің орны бөлек. «Қазақ» газеті қазақ баспасөзіндегі үлкен бір элиталық үлгіні көрсеткен басылым болды. Жалпы, қазіргі кезде баспасөздің түрлі жанрын атауымызға болады. Мысалы, газеттен бөлек азаматтық журналистика, әлеуметтік желі, блогерлер бар. Осының бәрі бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін белгілі бір деңгейде атқарып келеді. Ал, «Қазақ» газеті ұлттық баспасөздің бастауында тұрып, осы саланы өзгеше бір биік деңгейге көтерген басылым еді. Бұл басылым қоғамды саяси, әлеуметтік, мәдени, рухани ағартушылық жағын тұтас біріктіріп қарастыра алды. Соның ішінде, ең басты тетігі етіп саяси өзгерістерді негізгі бағыты ретінде таңдады. Бұл басылым Алашорданың негізгі платформасы болды, — деді Бақытгүл Қасымбайқызы.
Ұлт басылым 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап, 1918 жылға дейін 265 нөмірі жарық көрген. Ол бодандық шырмауындағы қазақ халқын бостандық үшін күресуге, ол үшін жас ұрпақты ғылым мен білімге бағыттауға, ұлттың бірлік-берекесін нығайтуға шақыруды біршама орындап үлгерді деуге болады.
— Орынборда жарық көрген ұлттық баспасөздің алғашқы қарлығашы «Қазақ» газетінен кейін ондаған газет-журнал әр өңірде басылып шығып, ұлтымыздың оянуына, тілі мен ділінің, салт-санасының біртұтастануына игі ықпал етіп жатты. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді», — деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқанындай, газет һәм басқа баспасөз құралдарының адамзат баласының ақпараттық қажеттілігін өтеудегі маңызы әрқашан зор болып келді және бола да беретіндігін бүгінгі ХХІ ғасыр дәлелдеп отыр, — деді тарихшы Асылбек Байтанұлы.
Қазір журналистика мамандығын таңдаушылар көп. Бірақ олар бұл саланы меңгермес бұрын ұлттық баспасөз тарихын тануы керек. Бұл — бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет етуді мақсат еткен жастарға оң бағыт көрсетіп, ұлт мүддесі деген ұғымды бәрінен биік қоюына ықпал ететін жағдай.
— Қазір журналистиканың кез келген саласын оқытқанда қазақ баспасөзінің бастауында тұрған «Айқап» журналының, «Қазақ» газетінің шығу тарихын міндетті түрде оқытамыз. Ұлт зиялыларының ақпаратты талдауы, газетке беру тәсілін, қоғаммен байланыс жасау технологиясын жан-жақты көрсетеміз, — деп түйіндеді Бақытгүл Қасымбайқызы.
Тілеуберді САХАБА.
