«Қазақ халқына шексіз ризамыз!»

Ақп 27, 2025

Шұғылалы көктемнің алғашқы күнімен қатар келетін мереке — Алғыс айту күні. Бұл — еліміздегі тыныштық пен бейбітшіліктің және барлық қазақстандыққа деген құрметтің орнығуына негіз болған салтанатты күн. Биыл Қазақстан халқы атаулы мерекені осымен оныншы жыл қатарынан атап өтеді.

Қазақ жері репрессия жылдарында тағдырдың тәлкегіне ұшырап, күшпен аударылған түрлі этностың миллиондаған өкілінің құтты қонысына айналды. Себебі қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Сондықтан болар, бүгінде елімізде әртүрлі ұлт өкілдері бейбітшілік пен келісім- де өмір сүруде. Ал бұл мереке сол этностардың қонақжай қазақ халқына деген терең тағзымының белгісіне айналды.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ситораи Сомон» тәжік этно-мәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Хусайн Гулов мерекенің маңызы туралы былай дейді:

— Алғыс айту күнінің маңызы – әртүрлі ұлт өкілін бір-біріне жақындастырып, бір ата, бір ананың баласындай ынтымақта болуға ықпал етуінде. Дәл осы күні Қазақстанда 130 ұлт болса, соның бәрі қазақ халқына алғыстарын айтады. Қазір бұл мерекені атап өту ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Біздің облыстық тәжік этно-мәдени қоғамдық бірлестігінің мақсаты сол – Қазақстанның тыныштығы мен бірлігіне үлес қосу, — деп атап өтті ол.

«Т.Шевченко атындағы украин мәдениетінің Павлодар серіктестігі» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Анатолий Неумывако да бұл мереке алдымен, қазақ жеріне, қазақ халқына шексіз алғыс айту күні деп санайды. Ол қазақ жерінен пана тапқан өзге этностар қазақ халқына шексіз риза екенін жеткізді.

— Алғыс айту күні – ортақ тарихымызға көрсетілген құрметтің, барлық қазақстандықтың өз шаңырағына айналған киелі қазақ жеріне деген ризашылықтың белгісі. Бұл мереке мен үшін алдымен, қазақ жеріне және халқына шексіз алғыс айту мүмкіндігі. Өйткені қазақ халқы қандай заман болмасын, ешкімді ұлтқа, дінге бөлмей соңғы азығымен бөлісті. Тағдыр тәлкегіне түсіп, жан сауғалап пана тапқан өзге этностар қазақ халқына шексіз риза. Бүгінде біздің ұрпағымыз Қазақстанды өз Отаны деп санайды», — дейді А.Неумывако.

Атаулы мерекеде қазақ халқының бойында бұрыннан бері қалыптасқан қонақжайлық, достық және қайырымдылық секілді құндылықтары кеңінен насихатталатынын айта кеткен жөн. Сондай-ақ, кешегі аумалы-төкпелі кезеңде орын алған оқиғаларды еске ала отырып, бүгінгі еліміздегі этностар арасындағы татулық пен бірліктің мән-маңызын түсініп, осындай бейбіт уақыттың қадірін білгеніміз абзал.

Айдана БОРАНБАЕВА.