Кеңестік жүйенің құрбанына айналған асыл дініміздің шырағы ел Тәуелсіздігімен бірге қайта жанғаны белгілі. Бұған ең бірінші жеткізген — Алласын жүрегінен шығармаған һәм ата-баба жолынан жаңылмаған қазақ халқының селкеусіз сенімі. Ал екіншісі — қолындағы қаржысын дін жолында уақып қылып, ел ішінде мешіт-медресе салдырған демеуші-меценаттардың жанқиярлық еңбегінің нәтижесі. Дәл осындай жомарт жүрек жандардың қатарында белгілі кәсіпкер Рахат Байсуфинов (1963-2021) есімді азамат та бар еді. Ол — Павлодар қаласындағы көне ғибадат үйлерінің бірі – Бижан мешітінің жаңа ғимаратын тұрғызып, халықтың алғысы мен Алланың разылығына бөленген жан.
Бижан ата салған мешіт
Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп көшесі бойындағы Бижан мешітінің салыну тарихына қысқаша тоқталар болсақ, алғашқы ғимараты 1923 жылы салынған. Бұл – қазақты діні мен ділінен, тарихы мен мәдениетінен ажыратуды көксеген Кеңестік жүйенің қаһарына қарсы қойылған тосқауыл секілді болды. Ал ғибадат үйін қожа руынан шыққан белгілі дін жанашыры және көпес Бижан Шоқыбасұлы есімді азамат өзінің қаражатына салдырған. Мешіттің алғашқы ғимараты Шалдай орманынан жеткізілген бөренеден тұрғызылған. Содан бастап Алла үйін жергілікті мұсылман жамағаты 1989 жылға дейін өз иігіліктеріне пайдаланды. Алайда осы кезде облыс орталығындағы Ақмешіт мешіті қайта өз жұмысын бастаған соң барлық жамағат солай қарай кетіп, Бижан атаның мешіті қараусыз қалып қояды. Оның үстіне салынғанына 70 жылға жақындаған бөрене ғимарат шіріп, апатты жағдайға келеді. Міне, содан бастап 2000 жылдарға дейін ешкім есігінен қарамай, қаңырап бос тұрады. Бұл мешіт салынған кезде құрылыс материалы жоқтың қасы болды ғой. Содан болса керек, Бижан ақсақал ғимараттың іргетасын қызыл кірпіштен жинаған екен. Бірақ, іргетасын жаңбыр шая-шая бөрене жерге отырып қалады. Бижан Шоқыбасұлы бұл жерге мешіт салуды қолға алған кезде көше де болмаған, яғни, ашық алаңқай жерге бой көтеріпті. Бірақ мешіт ғимараты пайда болғаннан бастап айналасына үйлер түсіп, ол кейін «Қазкрай» деген үлкен ауданға айналды. Яғни, қалаға келген қазақ ауылдары мешітті пана тұтып, сол ауданға шоғырлана берген. Бір сөзбен айтқанда «Қазкрайдың» пайда болуына осы ғибадат үйінің де өз ықпалы болған дейді үлкендер.
«Рахат қолға алмаса, құлап қалар еді»
Тәуелсіздіктен кейін рухани шөлдеген елді діні мен діліне қауыштырған, Алланың ақ жолына аңсары ауған халықтың арман-мұратын орындаған және жоғалған жоғын қалпына келтірген іскер де елжанды азаматтардың бірі – Рахат Байсуфинов. Ол бүгінгі таңда талай мұсылманның құлшылық орнына айналған облыс орталығындағы алғашқы екі ғибадат үйінің бірі Бижан мешітінің жаңа ғимаратын салып, жамағат игілігіне берген азамат ретінде ел есінде қалды. Осы ретте, кәсіпкер Рахат Маруаұлы осы сауапты да жауапты істің басына қалай келді және мешіт құрылысын қалай жүргізді? деген заңды сауал туындауы мүмкін. Мұны да білетіндерден сұрап білдік.
Жалпы, дүние байлығы кез келген уақытта кез келген адамның уысын толтыруы мүмкін. Бірақ оның барлығының жүрегі мұндай сауапты іске бұрыла бермейді. Рахат марқұмның мешіт салу ісіне келуінің өзінің қысқаша тарихы бар. Бұл туралы осы мешітте ұзақ жыл имам болған Абдусамат Айтқазыұлы әңгімелеп берді.
2000 жылдары облыс орталы-ғындағы үлкен мешіттің де жобасы жасалып, құрылысы басталып жатқан кез болатын. Сол тұста кәсіпкер Алла жолында садақа жасауға ниет етіп, облыста бас имам болған Жұмабай қажы Ықыласұлына келіп, мешітке өзінің үлесін қосқысы келетінін білдіреді. Кәсіпкердің асыл дінімізге деген жанашырлығын сезген бас имам орталық мешіттен гөрі шетте елеусіз әрі апатты жағдайда тұрған Бижан мешіті де көмекке мұқтаж екенін айтып, солай қарай бағыттайды. Рахат ағамыз да бірден мақұл көріп, ескі ғимаратын бұзып, орнына жаңадан ғимарат тұрғызу туралы келісімін алады. Міне, кәсіпкердің мешіт салу ісі осылай басталған екен.
Иә, Рахат Маруаұлы небары 58 жасында ауыр науқас салда-рынан жарық дүниемен қоштасқан. Бұл дүниедегі көрер жарығы аз болғанымен, ел игілігі жолында атқарып кеткен жұмысы ұшан-теңіз. Мешіт құрылысының басы-қасында жүріп, осы бір тарихи оқиғаның куәгері болған азаматтардың бірі – жеке кәсіпкер Руслан Тастыбаев. Оның айтуынша, егер мешітті Рахат Байсуфинов қолына алмаса, бүгін ол жерде мешіт болмас еді. Сонымен қатар, ғибадат үйін қайта салу жұмысына бүкіл «Қазкрайдың» қазақтары атсалысқан. Ал елдің осындай сауапты да жауапты іске бір кісідей жұмылуы Рахат марқұмның іскерлігінің белгісі еді, дейді.
— Біз Рахатпен «Қазкрайда» көрші тұрдық, бала кезімізден бірге өстік. Оның ағасы Қайрат марқұм менің досым болатын. Бижан мешітінің алғашқы ғимараты ағаштан салынған еді. Біз сол ғибадат үйіне бала кезімізде барып жүретінбіз, әжемізді шанамен апарып, алып келетін едік. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейн бизнеспен айналыса бастадық. Рахат та жеке кәсіппен шұғылданып, қолынан келгенше елге көмек көрсетіп жүрді. Ал Бижан мешітінің құрылысын 2000 жылдардың басында қолға алып, бес жылға жуық жүргізді. Біз де оған шамамыз келгенше қолдау көрсетіп, жанында болдық. Рахат осы «Қазкрай» шағын ауданында тұратын қазақтардың барлығын жұмылдыра білді. Әркім өзінің шамасына қарай көмек көрсетті. Біреу қаржылай көмек берсе, енді бірі құрылыс материалын жеткізіп беріп жатты. Тіпті, құрылысшыларға азық-түлік жеткізіп, тамақ істеп беріп тұрғандар да болды. Ал оған шамасы келмегендер білек сыбана іске кірісіп, құрылыс жұмысына қолғабыс қылды. Қысқасы, кімнің қолында қандай мүмкіндік болса, соның бәрін пайдаландық. Ал мешіт ашылған кездегі халықтың қуанышында шек жоқ еді. Жамағат бір үйдің баласындай, бір қолдың саусағындай жұмылып, мешітке керек болған телефон, теледидар, шаң сорғыш және басқа да тұрмыстық заттарды сыйлады. Бұл сол кездегі елдің береке-бірлігінің мықты болғанын, жұмыла көтерген жүктің қашан да жеңіл болатынын көрсетті, — дейді Руслан Тастыбаев.
Мешіт ғимаратын тұрғызу бір мәселе болса, оның толық-қанды жұмыс істеуіне қажетті комму-никациялық жүйелерді қалып-тастырып, жамағатқа қолайлы жағдай жасау — одан да күрделі міндет. Осы бағытта аталған мешітте ұзақ жылдар бойы қызмет еткен Абдусамат қажы Айтқазыұлының еңбегі ерекше. Ол мешіттің жылу жүйесін жолға қойып, кәріз желілерін толықтай жүргізіп, ғимараттың инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай қалыптастырды. Нәтижесінде мешіт жамағат үшін жайлы әрі қолжетімді орынға айналды. Ал Абдусамат имамның Бижан мешітіне келуіне де Рахат Маруаұлы себеп болған.
— Мен 2004 жылы орталық Мәшһүр Жүсіп мешітінде жұмыс істеп жүрген едім. Ол кезде басымызда үй жоқ болатын. Облыстың бас имамы Жұмабай қажы Ықыласұлы шақырып алып, Бижан мешітінің жанында бос бөлме бар, сонда уақытша тұруыңа болады деді. Мен бірден келісіп, сол жерге көшіп бардым. Сонда мешіттің құрылысы жүріп жатқан болатын. Бір күні Рахат Маруаұлымен танысып, ұсақ-түйек шаруаларына көмек қылып, қолғабыс жасап жүрдім. Рахат марқұм екеуіміз жақсы қарым-қатынаста болдық. Сол кезде мешіттің құрылысы туралы жиі айтатын. Негізі құрылыс жұмысы бес жылға созылды ғой. Оның да себебі бар. Бірде материал болады, енді бірде болмай қалады. Бірақ, ол кісі мешітті тек адал жолмен келген ақшаға салды. Өзі де соны жиі айтатын. Мен бұл мешітке бөтеннің күмәнді мүлкін араластырмай, тек өзіміздің маңдай терімізбен тапқан ақшамен саламын дейтін. Біз бұдан сауап пен жауап-кершілік мәселесін қаншалықты жоғары түсінгенін аңғарамыз. Тек ғимарат тұрса болды демей, одан кейінгі болатын сұрағына да дайын болғанын аңғарамыз. Мешіт құрылысы жақындаған кезде Жұмабай қажыдан мені сол мешітте қызмет істеп қалуымды сұраған екен, бас имам да келісімін берді. 2005 жылдың қазан айында мешіт ашылып, іске қосылды. Бас имамы болып мен бекітілдім. 2006 жылы менің үлкен қажылық парызын орындап келуіме жәрдем етті. Осының бәрі — кез келген адамның қолынан келе бермейтін ерлік істер. Содан бастап қозғалмай жиырма жылдай жұмыс істедім, — деп еске алды имам.

Ғибадат үйінің 100 жылдығына орай, яғни 2013 жылы алдыңғы бөлігіне қосымша ғимарат салып, екі есеге дейін үлкейтілді. Себебі, алғашқы нұсқасы өте кішкентай болған. Жұма және Айт намаздары кезінде жамағат сыймай қалатын еді, дейді имамдар. Мешітті үлкейту жөніндегі бастаманы Рахат марқұмның өзіне де айтып, рұқсатын алған. Тіпті көмек көрсетуге де дайын екенін айтып жүріпті. Бірақ, өкінішке қарай, оған жетпей дүниеден өтіп кетті.
— Негізі ол кісінің тағы бір арманы болды. Ол мешіт жанына қосымша медресе ғимаратын салу болатын. Бірақ, оған жете алмай, дәм-тұзы таусылды. Ал үлкейту туралы тірі кезінде ескертіп, рұқсатын алдым. Сонымен қатар, анасы мен жұбайы да куәгер болды. Біз ғимаратты толық бұзған жоқпыз, тек сыртына қосымша ғимарат салып, ішіндегі бөлмелерін ретке келтірдік. Мешіттің ішкі аумағы 100 шаршы метр болған болса, кейін жалпы аумағы 250 шаршы метрге дейін ұлғайды, — деді имам.
Жалпы, Байсуфиновтер әуле-тінің ел игілігі жолында атқарған істері аз емес. Олар әулеттің анасы Қадиша Қамасқызының баста-масымен талай қайырымдылық жасап, көптеген мұқтаж отбасының аяқтан тұруына үлес қосқан. Сонымен қатар, діни-рухани салаға жиі араласып, мешіт-медреселердің жұмысына демеушілік көрсетті. Соның тағы бір дәлелі — Аққулы ауданындағы Бесқарағай ауылына салған мешіті. Рахат Маруаұлы бастаған әулет азаматтары 2019 жылы бесқарағайлықтарға тағы бір қуаныш сыйлаған
болатын.
Тілеуберді САХАБА.
