38 ауылда пошта бөлімшелері жұмысын тоқтатты
Экономиканың кейбір саласында нарықты тұтасымен «жаулап» алған компаниялар бар. «Қазпошта» — солардың бірі. Газет-журналдар, хат-хабарлар таратуға жауапты мекеме халықтың қалауын емес, кәсіпорынның қаржылық тиімділігін бәрінен жоғары қоятын сыңайлы. Әйтпегенде, бір жарым жыл ішінде 38 (!) елді мекенде пошта бөлімшелері жабылып қалмас еді. Енді ауылдағы ағайын зейнетақы мен жәрдемақыны, мерзімді басылымдарды қалай алады? Бөлімшелер жұмысының тоқтауы ауылдағы ағайынға қиындық тудырмай ма?
Көкейде туындаған осы сауалдар біраз уақыттан бері маза бермеді. Өкінішке қарай, бұл мәселе жыл сайын көтеріледі. Әсіресе, біздің басылымға жазылу жүріп жатқан шақта редакцияның телефонына қоңырау көп түседі. Барлығының назы бір: «Ауылда пошта бөлімшесі жабылды, енді газетті қалай аламыз?» деп хабарласады көпшілік. Талай жылдан бері 95 жылдан астам тарихы бар басылыммен бірге келе жатқан қалың оқырманның қынжылысын жақсы түсінеміз. Иә, газетті тарату ісі поштаға тікелей байланысты. Баспадан шыққан газеттің әр нөмірі бірден пошта арқылы ауыл-ауылға таратылуы тиіс. Алайда кей елді мекен тұрғындарының мұндай мүмкіндіктен қағылып қалатын түрі бар.
Айталық, өткен жылы Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында бірнеше пошта бөлімшесі жабылды. Жөн делік. Бәлкім, бөлімшелер біріктіріліп, бір жерге шоғырланған болар деп болжадық. Қала тұрғындарына бұл жайт айтарлықтай ауыртпалық сала қоймас. Ал ауылдықтар ше? Былтыр Баянауыл, Аққулы, Железин, Павлодар, Тереңкөл, Ертіс, Ақтоғай Май аудандарындағы бірнеше елді мекенде пошта бөлімшелері жұмысын тоқтатты. Биыл олардың қатарына тағы 18 ауыл қосылды. Енді Әуелбек (Ақтоғай ауданы), Мұса Шорман, Мәшһүр Жүсіп (Баянауыл ауданы), Луговое, Ертіс ауылы (Ертіс ауданы), Қоржынкөл (Тереңкөл ауданы), Жамбыл, Малыбай (Аққулы ауданы), Жаңатаң, Қаратерек (Май ауданы), Ақжол (Ақсу қаласы), Достық (Павлодар ауданы) және тағы басқа бірнеше елді мекенде арнайы бөлімше болмайды. Бұл жайт жергілікті тұрғындардың көңілін құлазытқаны рас.
— Бұрындары пошта бөлімшесіне зейнетақы, газет алуға барғанда ауылдастарды көріп, арқа-жарқа болып қалатын едік. Ауыл тұрғындары үшін мұның өзі – мәре-сәре болатын шақ. Енді пошта бөлімшесі жабылып, құлазып қалған күйіміз бар. Бәз біреулер «Ауылда адам саны аз болғандықтан жабылды» деседі. Біз ше? Біз – газет-журналдардың тұрақты оқырмандарымыз. Облыстық «Saryarqa samaly» газетін сонау «Қызыл ту» аталған шағынан бері үзбей оқып келеміз. Сонда біздің қалауымыз, талабымыз қайда қалды? Тым құрығанда бөлімшенің жұмысын тоқтатар уақытта жергілікті жұртшылықтың бір ауыз сөзін естіп, ұсынысын, талап-тілегін тыңдау керек еді деп ойлаймын, — дейді Ақтоғай ауданының тұрғыны Нұржамал Мусина.
Қалың оқырманның көкейіндегі көп сұраққа жауап алу үшін «Қазпошта» АҚ облыстық филиалына сұранысхат жолдап, басшылықпен тілдестік. Олардың айтар уәжі мынадай:
«ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 20 шілдедегі №44 бұйрығына сәйкес, ауылдық жерлердегі стационарлық пошта бөлімшесі халық саны кемінде 2000 адам болған жағдайда жұмыс істеуі тиіс. Жоғарыда көрсетілген сапа мен халық санының көрсеткіштеріне сүйене отырып, сондай-ақ ауылдық пошта байланысы бөлімшелерінің тиімсіздігіне байланысты кейбір бөлімшелерді жабу туралы шешім қабылданды. Соңғы бір жарым жылда Павлодар облысының осы нормативке сәйкес келмейтін және пошта қызмет-теріне сұраныс деңгейі төмен 38 елді мекенінде байланыс бөлімшелері
жабылды. Бұл қадам шығындарды оңтайландыру қажеттілігіне және қызмет көрсетудің тиімді түрлеріне көшуге байланысты жасалды», — делінген жауапхатта.
Пошта басшылығы екі мың адамға байланысты нормативтің болғанына қарамастан, одан аз тұрғыны бар елді мекендерде әлі де пошта бөлімшесі жұмыс істейтінін де мәлімдеді. Атап айтқанда, облыс бойынша барлығы 88 ауылдық бөлімше болса, соның 71-і халық саны екі мыңнан аз елді мекендерде қызмет көрсететін көрінеді.
Ал ауылдағы ағайынға пошта және қаржы қызметтерінің қолжетімділігін сақтап қалу мақсатында орталық және жергілікті билік органдарымен белсенді өзара іс-қимыл жасайтынын алға тартты. Бұл ретте көрсетілетін әлеуметтік маңызы бар пошта және қаржы қызметтерінің маңыздылығын ескере отырып, газеттерді, журналдарды жеткізу және қаржылық қызметтер көрсету қамтамасыз ету жалғастуда. Алдағы уақытта да үзілмеуі тиіс.
— Ол үшін келесі ауылдарды жақын жердегі байланыс бөлімшелеріне бекіту, жергілікті тұрғындармен баспа өнімдері мен хат-хабарларды жеткізу үшін ақылы негізде шарттар жасасу, жылжымалы пошта бөлімшелерін пайдалану сынды шаралар қолға алынды. Жеке пошта бөлімшелерінің жабылуы зейнетақы төлеу, жәрдемақы жеткізу және тауарларды тарату сияқты әлеуметтік маңызы бар қызметтерді ұсынуға теріс әсер етпейді. Зейнеткерлерге төлемдер жергілікті әкімдіктердің келісімімен ведомостволар бойынша, үйге немесе белгіленген нүктелерге жеткізіледі. Шарт жасаған елді мекен тұрғындары газеттер, журналдар мен хаттарды таратады, — деп толықтырды пошта өкілдері.
Бұл ретте «Қазпошта» АҚ жеткізудің жүйелілігі мен уақытылы болуын қамтамасыз ете отырып, қызметтердің сапасын бақылауға уәде берді.
Дей тұрғанмен, тарату қызметі кей ауылдарда жүйелі жүргізілмейтін көрінеді. Редакцияға хабарласқан оқырмандар аптасына бір мәрте жарық көретін облыстық «Saryarqa samaly» газетінің екі шығарылымы бір-ақ келетінін, кейде оны мектептен не әкімдіктен әрең табатынын айтып, шағымданды. Сондықтан бөлімшелер жоқ ауылдардағы жеткізу, тарату мәселесін қатаң қадағалауға алған жөн болар.
Жалпы, пошта бөлімшесінің жабылуы тек басылымдардың оқырман қолына уақытылы жетуіне емес, газетке жазылу барысына да кері ықпалын тигізбей қоймайды. Салдарынан тұрақты оқырмандар қатары азаюы мүмкін. Ал оның астарында ұлттық идеология, ана тілді, яки мемлекеттік тілді дамыту сынды келелі мәселелер жатыр. Бұл ретте басылымның орны бөлек, бәрінен биік. Қазіргі күні жаңалықтың барлығын дерлік телефоннан оқып алу мүмкіндігі болса да, газетте жарияланған әр ақпарат ресми дереккөзден алынып, сараланып беріледі. Әсіресе, қазіргідей құбылмалы заманда халыққа електен өткен шынайы мәліметтерді ұсынады. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Баспасөз – қоғамның бет-бейнесі» екенін ерекше атап өткен болатын.
— Жалпы, қазіргі таңда газеттерде жарияланып жатқан материалдардың сапасы жоғары, оқуға тартымды деп айтқым келеді. Қоғамның тынысын, зиялы қауымның ой-пікірін біліп отыру өте маңызды деп санаймын – деді Президент.
Тереңнен толғайтын осындай басылымның ауылдағы ағайынға дер кезінде жетпеуі, пошта бөлімшелерінің жабылуы салдарынан оқырман қатарының азаюы көңілге кірбің түсірмей қоймайды. Ел боламыз десек, сауатымызды арттырып, көзі ашық, көкірегі ояу халық болуымыз керек. Ол үшін қалада да, ауылда да жұрт газет оқуы керек. Ал пошта бөлімшелері жабылып жатқан тұста басылым қалай таралып, оқырман қайтіп көбеймек? Өкінішті-ақ…
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.