Өткен аптаның соңында С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Қазыналы 100 кітап» атты кітап көрмесінің ашылуы болды. Көрме қазақ әдебиетіндегі таңдаулы 100 кітапты анықтауға арналған жалпыұлттық сауалнама аясында ұйымдастырылған.
Көрме «Amanat» партиясы Павлодар облыстық филиалының бастамасымен және облыстағы кітапханалардың ұйымдас-тыруымен өтті. Көрме сөрелеріне кітапхана оқырмандары мен кітапханашылардың таңдауымен іріктелген 100 кітап қойылды. Шараға Павлодар облыстық мәслихатының депутаттары Асылбек Туғанбай, Света Абдраманова қатысып, ұлт руханияты мен ұлттық мәдениетті дамытудың төте жолы — кітап оқу мәдениетін қалыптастыру екенін атап өтті.
— Ұлт әдебиетіндегі үздік жүз кітапты анықтау бастамасы өте маңызды әрі дер кезінде қолға алынған жоба деп білемін. Жас ұрпақтың болашағы жарқын, білімді, тәрбиелі әрі отаншыл болуын қаласақ, бірінші кітапқа әуес қылуымыз керек. Менің ойымша, әр қазақ оқуы тиіс кітаптардың алдыңғы қатарында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолынан» бөлек, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романдары болуы керек. Ал кейінгі жазушылардан айтар болсақ, әр оқырманның қолынан табылып жүрген Ұларбек Нұрғалымның «Дайағашшы», Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» кітаптары да осы жүздіктің ішіне енуі керек, — деді Асылбек Туғанбайұлы.
Кітапхана басшысы Шолпан Шахметова барша қатысушыларға кітапқа деген құрметтері үшін алғысын білдіріп, 100 үздік шығарманы анықтау сауалнамасына қатысуға шақырды.
— Облыстық кітапханада ұлт әдебиетін насихаттауға арналған түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, мерейтой иелерінің шығармалары үздіксіз насихатталуда. Сонымен қатар, «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша Тәкен Әлімқұлов пен Жұмекен Нәжімеденовтің шығармасын оқуды ұсынамыз. Ал қазақ әдебиетіндегі үздік 100 кітапты анықтау шарасына барлықтарыңызды қатысуға шақырамыз. Егер кітапханаға келіп таңдау жасаймын, өз сүйікті шығармамды ұсынамын дейтін оқырмандар болса, есігіміз ашық. Біздің қызметкерлер нұсқау беріп, көмек көрсетеді, — деді Шолпан Баянқызы.
Еске сала кетейік, қазақ әдебиетіндегі үздік 100 кітапты анықтауға арналған жалпыұлттық сауалнама Ұлттық құрылтай мүшелерінің бастамасымен қолға алынған болатын. 23 сәуірден бастап сауалнамаға қатысқысы келген әр азамат eGov порталы арқылы сүйікті кітаптарын ұсына алады. Олар өздері үздік деп санайтын түрлі жанрдағы
10 кітаптың атауы мен авторын көрсетуі қажет. Сауалнамаға eGov порталына тіркелген кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Дауыс беру 3 айға жалғасады. Яғни, осы уақыт аралығында қазақстандық әдебиет туралы кең ауқымды пікір қалыптастырып, оқуға қажетті деген кітаптарды анықтап, оқырманға ұсынуға мүмкіндік болмақ. Сауалнама нәтижесі 10 тамыз – Абай күнінде белгілі болады.
Тілеуберді САХАБА.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.