Қайда тыныққанды қалайды?

Мам 22, 2025
Foto Valeriy BUGAYEV

Өңірде туристік маусым келесі айдың 14-і ресми түрде басталады. Бұл ретте, аймағымыздың айтулы орындарына тынығуға келетін азаматтарға жайлы жағдай жасалды ма? Алаңсыз аялдап, көрікті мекендерді көріп қайтуына мүмкіндік бар ма? Міне, осы сауалдар, жалпы туристік маусымға дайындық барысы облыс әкімдігінің аппараттық жиынында талқыланды.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Имашевтің мәлімдеуінше, аймағымызда тынығушылардың басым бөлігін Баянауыл демалыс аймағы, Маралды көлі және облыс орталығы қабылдайды. Дегенмен, жаз мезгілін Аққулыдағы Тұзқала, Екібастұздағы Солнечный кенті жағажайларынан, Шарбақтыдағы Шалдай қарағайлы орманынан сая табатындар да аз емес. Оған қоса, қасиетті, киелі мекендерге де арнайы келетін туристер бар. Яғни, Мәшһүр Жүсіп, Ғабдул Уахит Хазірет, Исабек Ишан кесенелеріне көп барады. Өткен жылы өңірімізде 240 мың туристер мен қонақтар тыныққан. Олардың 97 пайызы — ішкі туризмге тиесілі. Ішкі туризм былтыр 15 пайызға өскен. Жеті мыңнан астам адам шетелден келген. Ішкі туризм бойынша туристердің басым бөлігі іргелес өңірлер – Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарынан және Астана қаласынан келіп, демалған.

Бұл ретте, өңірімізге келушілердің демалуына арналған нөмірлер қоры да өткен жылы артыпты. Биыл 9 мыңнан астам орын болады деп күтілуде.

Облыс орталығында да көпшілік шоғырланатын ойын-сауық орындарына да тоқталды. Ең бірінші, көп мейман орталық жағажайда серуендеуді құп көреді. Одан кейін, өзен порты, сапсерфингпен су бетінде серуендеуді таңдайтындар да бар. Белсенді демалыс орнына ағылатындар да аз емес. Жалпы, облыста туристік маусым шеңберінде үш бағытқа басымдық берілген. Олар – оқиғалық, спорттық және емдік-сауықтыру.

Ал Баянауыл ауданында маусым ашылғанға дейін «Таза Баян – Таза жүрек» экологиялық сенбілігін, гастрономиялық фестиваль, қонақүй бизнесімен семинар, блог-тур, экскурсия жетекшілері-гидтерді және лицензияланған туроператорларды оқыту бойынша семинар, өңірдің көрікті жерлері туралы үздік бейнебаян бойынша мобилографтар арасында конкурс, колледждер мен университеттер студенттері арасында «Ideaton» конкурс өткізу көзделген.

Жиында облыс әкімі аудан-қалалар аумағындағы тынығу орындарының бірқатарының дайындығын сұрады. Солнечный кентіндегі жағажайдың тазалығына қатысты өткен жылы тұрғындардан шағым болғанын айтты. Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин «Кенттегі екі жағажайдың бірін жеке кәсіпкер күтіп ұстаса, бір бөлігі — коммуналдық ұйым қарауында. Осы екіншісі бойынша биыл жұмыс ширайды» деп сендірді. Ал Маралды көлінде биыл демалыс аймағына кіргені үшін азаматтар ақы төлемейді. Есесіне алған қызметіне төлейтін болады. Мұнда да бүгінде дайындық жұмыстары қызу көрінеді.

Басқарма басшысы туристер көп шоғырланатын орындарда тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған шаралар жайын мәлім етті. Тіпті, түнде әуеден судағы тәртіпті  ұшқышсыз ұшатын аппаратпен бақылау жоспарланған.

Облыс әкімі Асайын Байханов дәл осы қауіпсіздік мәселесіне айрықша мән берді. Әсіресе, табиғи және жасанды су қоймалары маңында қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды. Осы орайда, облыс әкімі былтыр 8 адам суға кеткенін еске салды. Оның екеуі – бала. Полиция департаменті басшылығына аудан-қала әкімдерімен бірлесіп, бақылауды қатаңдатуды ескертті. Одан бөлек, аймақ басшысы өзінің бірінші орынбасары Серік Батырғожиновке шомылу маусымының басталуына дейін арнайы штаб құрып, апта сайын жиын өткізіп, қауіпсіздікке бағытталған жұмыстарды пысықтап отыруды тапсырды.

Сонымен қатар, туристік орындарда маусым басталғанға дейін мобильді байланыс жүйесін жақсартуды құзырлы органға тапсырды. Алдағы уақытта аймақ басшысы туристік орындар бар аудандарға арнайы барып, маусым алдындағы дайындығын көзбен көріп, мәселелерін талқылайтынын атап өтті.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.