Елімізде «Қайырымдылық керуені» VI республикалық байқауы жарияланды. Еліміздің барлық өңірлерінде осы жылдың қазан айы мен 15 желтоқсаны аралығында байқауға қатысушыларды іріктеу жұмыстары жүргізіледі. Жобаға қатысуға ниетті тұлғалар байқау талаптарына сәйкес өтінімдерін ұсына алады.

 Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Павлодар облысы бойынша Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының төрағасы Аурика Дяк мәлімдеді. Алтыншы мәрте ұйымдастырылып отырған «Қайырымдылық керуені» байқауы – қайырымдылық пен белсенді азаматтық бастамаларды насихаттауға бағытталған бірегей жоба. Байқауға белсенді азаматтық ұстанымы, игі істері және іс-әрекеттерімен әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді шешуге үлес қосатын жеке және заңды тұлғалар қатысу мүмкіндігіне ие. Алайда қайырымдылық қызметін жүзеге асыруға мемлекеттік гранттар немесе бюджет қаражатын алған орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері, сондай-ақ қайырымдылық қызметі мемлекеттік қолдаумен байланысты жеке және заңды тұлғалар қатыса алмайды. Байқау жеңімпаздары республикалық комиссия шешімімен айқындалып, Астана қаласында Алғыс айту күні қарсаңында марапатталады. Игі істер жасап, мұқтаж адам-дарға көмектескен немесе қиын жағдайда батылдық танытқан тұлғаларға арналған конкурсқа қатысушылар қатары жыл санап артып келеді. Мәселен, 2018 жылы өткен алғашқы жобаға Павлодар облысынан 11 үміткер қатысса, 2021 жылы байқауға қатысуға ниет білдірушілер саны 72-ге дейін жеткен. «Қайырымдылық керуені» байқауын ұйымдастыру комитеті төрайымының орынбасары Самал Жанбекованың айтуынша, лауреаттар «Асар», «Туған жер», «Батыл жүрек», «Мейірім жолында», «Қайырымдылық тарихы» аталымдары бойынша бақ сынай алады. Атап айтқанда, «Асар» аталымы халықтық салт-дәстүрге бағытталған қайырымдылық атқаратын жандарға табысталса, «Туған жер» білім беру, экология және абаттандыру, мәдени нысандарды қалпына келтіру т.б. салаларда туған өлкесін қайырымдылық көрсеткен лауреатқа табысталады. «Батыл жүрек» аталымы ерлік пен қайсарлық танытқан адамға берілсе, «Мейірім жолында» белгілі бір уақыт аралығында тұрақты түрде өтеусіз көмек көрсеткен жандарға берілмек. Ал «Қайырымдылық тарихы» аталымы қайырымдылық, әлеуметтік кәсіптік үздік жариялынымы үшін журналиске немесе шығармашылық ұжымға табысталады. «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауына қатысу үшін материалдарды Павлодар қаласы, Торайғыров к-сі, 95/1, №2 кіреберіс мекенжайында орналасқан Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының облыстық бөлімшесіне жіберуге болады. Байқау кураторы – Ляна Логунова. Өтінімдер 2023 жылғы 15 желтоқсанға дейін тапсырылуы тиіс. Байқауға қатысу туралы толығырақ сайттардан білуге болады www.fnn.kz, www.businesswomen.kz. Телефоны анықтама үшін: +7 701 319 39 55, эл.пошта: adjk_pvl@mail.ru

Т.ӘБІЛДА.