ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры, республикалық ақпараттық-насихат тобының үшесі Мақсатбек Қайырғалиев арнайы қызметтік іссапармен Павлодар облысында болды.

 

Іссапардың алғашқы күнін Мақсатбек Мақсотұлы Павлодар қаласына жақын орналасқан СИЗО №63, №45 түзету мекемесі мен АП-162/4 түзету мекемесінде болып, жазасын өтеушілерге дәстүрлі Ислам, жат ағымнан сақтану бағытында уағыз айта келе, кейбір жазасын өтеушілермен жеке кездесу жүргізді. Сонымен қатар осы күні Павлодар қалалық «Ақмешіт» мешітінде бесін намазында, Ақсу қалалық мешітінде ақшам-құптан намазы аралығында жамағатпен кездесіп имандылық, мейірімділік, қайырымдылық туралы уағыздар жүргізді. М.Мақсотұлы іссапарының екінші күні, яғни қасиетті жұмада облыстық «Атамекен» бизнес орталығы қызметкерлерімен кездесу жасады. Кездесуде ата-бабаларымыздың тұтынып келген дәстүрлі Ислам тақырыбында әңгіме қозғап, қатысушылардың әртүрлі сұрақтарына жауап берді. Келесіде орталық Мәшһүр Жүсіп мешітінде «Жат ағым жарға жығады» тақырыбында жұма уағызын жүргізді. Сонымен қатар «Ертіс-Қазақстан» телеарнасында арнайы сұхбат беріп, «ҚМДБ, Зекет қоры»-нан атқарылып жатқан іс-шаралар, алдағы бағыт-бағдары туралы және қайырымдылық, мейірімділік тақырыбында келелі әңгіме өрбітті. Іссапарының соңында Екібастұз қалалық мешітінде болып, ақшам-құптан намазы аралығында жиналған жамағатқа дәстүрлі Ислам, жат ағым жетегінен сақтану бағытында уағыз-насихаттар айтып, жамағат тарапынан айтылған  көптеген сұрақтарға жауап берді. Іссапар өңір жамағатын молынан қамтыған, нәтижелі де сәтті болды.

 

А.Тойшыбайұлы.