Қайырымдылық жасаудың да қадірі кете бастағандай. Мұндай халге мұқтаж жанның жайын емес, қалтасының қамын ойлаған небір пысықайлар жетелеп отыр. Жуырда ғана ел арасында ерікті ретінде есімі танымал ару көптің көктемгі су тасқынында тығырыққа тірелген тұрғындарға соңғы теңгесін аударған азаматтардың ақшасын оңды-солды шашты деп күдікке ілінуі жаға ұстатты. Құзырлы орган оның қазақстандық мәрт, қайырымды жандардан түскен миллиардтаған қаржыға қымбат көліктер мен баспананы, брендтік бұйымдарды есепсіз алғаны айтылуда. Осыдан кейін халқымыз қайырымдылық қорларға сенуден қалды. Жоғары мінберлерде бұл мәселемен күресудің жолы іздестіріле бастады. Мамандар қайырымдылық қорларын қадағалауға қатысты ұтымды ұсыныстарын алға тартуда.
Ерікті деп ел ерген еді…
Өткен аптада еліміздің Қаржы мониторингі жөніндегі агенттігі еріктілер қозғалысының белсендісі әрі қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу басталғанын мәлім етті. Көктемгі су тасқыны кезінде халықтан асарлатып жинаған 1,5 млрд теңгені «асап» кетті деген күдікке ілікті. Агенттіктің мәліметіне сүйенсек, көпшілік қиындыққа тап болған отандастарына демеу болу мақсатында аударған ақшаның басым бөлігін әлгі сылқым жылжымайтын мүлік пен құнды заттар алуға жұмсап жіберген. Мәселен, биыл көктемде елордадағы автосалондардың бірінен 88 млн теңгеге «Mercedes-Benz S450» маркалы, 80 млн теңгеге «Lexus LX-600» маркалы және 39 млн теңгеге «Haval» маркалы премиум-класты автокөліктер сатып алыпты. Оған да қанағат етуді қаламаған сыңайлы. Араны ашылғаны соншалық, Астана төрінен баспаналарды жамбасына басуды жөн көріпті. Ел су тасқынымен арпалысып жүргенде ол «Akbulak Riviera», «Highvill Ishim Gold», «Көк жайлау» тұрғын үй кешендері мен «Vela Village» коттедждер қалашығынан барлығы 600 млн теңгеге элиталық баспаналарды сатып алған. Жылжитын да, жылжымайтын да мүліктің талайына қол жеткізіп алған соң ел аралап, арқаны кеңге салып, жақсылап тыныққанға ұқсайды. Агенттік таратқан ақпаратқа сенсек, Дубай, Доха, Лондон және Стамбулға бірнеше мәрте сапарлапты. Жай ғана емес, тынығуға барған. Мұнда да көпшіліктің ақшасын оңды-солды шашып, ең қымбат қонақүйлерде өмірдің рахатын көрген көрінеді. Нақтысы, «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» деген атаумен көпке танымал бес жұлдызды қонақүйлерді таңдапты. Әр тыныққан сайын өзіне ең қымбат «Cartier» және «Louis Vuitton» брендтік әшекейлер мен аксессуарларды алудан аянбапты. Сәнді мейрамханаларда ауқаттанып, яхтамен теңізде серуендепті. Тіпті, қылмыстық әрекеттерін іске асыру үшін қордың ақшасын алуға жақын достары мен туыстарын тартыпты. Оларға ақшаның 8 пайызын ұстатып, өзі балқып-шалқыған екен.
— Осылайша, заңға қайшы әрекеттерімен Перизат Қайрат азаматтық қоғам институтына деген тұрғындардың сеніміне, еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтірді, оның ашықтығы мен адалдығына күмән тудырды, — делінген агенттіктің хабарламасында.
Тергеу басталғаннан бері тағы бір эпизодтың ұшы қылтиды. Былтыр палестиналық балаларға азық-түлік түрінде гуманитарлық жүк жеткіземіз деп «жанталасқан» көріністер әлемжеліде көптеп жүр. Қазірдің өзінде парақшасына салған кейбір суреттердің көрші елдердің еріктілерінен ұрланғаны, оны өзінікіндей пайдаланғаны анықталып жатыр. Мұнда 200 млн теңгені жымқырды деген күдік бар.
Ерікті деп ел соңынан ерген еді. Ел басына күн туғанда қалың жұртым қиындыққа тап болғандарға сүйеу болуға тырысты. Ал әккілер халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған.
Ашық болса, аянбақ емес…
Осы оқиға кезінде көпшілікке баспана сыйлап жүрген asar-ume қоғамдық қорының есебіне де ел үңіліп, кей тұста күмән тудырғаны рас. Содан бұл қордың құрылтайшылары да әлеуметтік желіде өткен жылға есеп беріп, жиналған қаражаттың қанша пайызы қандай бағытқа жұмсалғанын жазды. Жалпы, бұл қор ұйымдастырушылары есеп парақшада ылғи жарияланып тұратынын еске салды. Мәселен, өткен жылы еліміз бен шетелден бұл қордың шотына 3,9 млрд теңге түсіпті. Оның 165 млн теңгесі 15-20 адамның жалақысына жұмсалған. Бұл жалпы жинақтың 4,2 пайызын құраған. Бір жылдағы шығындар 249 млн теңгені құраған. Яғни, барлық соманың 6,3 пайызы. Қор ұйымдастырушыларының айтуынша, әлемдік тәжірибеде қорлардың шығыстары 25 пайызға дейін жетеді. Бірақ, қазақстандық қор мұндай шығынға жол бермей, барынша оңтайландырып отыратындарын мәлім етті. Былтыр осылайша аталған қор арқылы 300 аз қамтылған отбасы баспаналы болған. Демек, 1500-ге жуық баланың жайлы орны бар. Одан бөлек, «Кең жүрек мың бала» бағдарламасы аясында 170 бала оқуда. Қарап отырсақ, қаншама отбасына қуаныш сыйлауда. Әлбетте, есептілік ашық болса, қолы ашық ағайын да аянып қалмақ емес. Жалпы, кейбір деректер бойынша, елімізде 100-ге жуық түрлі бағыттағы қайырымдылық қоры ресми тіркелген екен. Оның 35-і – әлеуметтік бағытта жұмыс істейтіндер. Яғни, елдің әлеуметтік мәселелерін шешуге қолғабыс жасау ниетімен құрылған. Әрине, ниет түзу болса, түпкі нәтиже де көпке жағар еді.
Гүлдана Болатбек ай сайын айлығынан көпшілік жақсы танитын қоғамдық қорларға ақша аударуды әдетке айналдырған. Сырқаттанған балаларға да қаржылай көмек көрсетіп тұрады. Әлбетте, ол асып-тасығаннан ақша аударып жүрген жоқ. Қиындыққа тап болған жандарға жәрдемдесуді азаматтық міндетіне балайды. Ал соңғы оқиғалардан кейін ойланып қалғанын жасырмайды. Елімізде мұндай екі ойлы болып қалған азаматтар аз еместігі де рас.
Лицензиясыз ашпасын!
Жоғарыда айтылған жаға ұстатар жағдайдан кейін жұртшылық түрлі қоғамдық қорға қаржы аударудан сескеніп қалғандай сезіледі. Шынымен де, қиындыққа тап болғандарға қолғабыс жасау мақсатында негізі қаланып келе жатқан қоғамдық институт беделіне нұқсан келді. Осы ретте, қайтадан көптің сенімін арттырып, қайырымдылық істі ілгерілету үшін қай бағытта жұмыс атқарылуы тиіс? Заңгер Асхат Бахралинов қайырымдылық қорлары ресми тіркеліп, арнайы лицензия алуы керек деген пікірде.
— Кейінгі кезде алаяқтық әрекеттер туралы жиі айтылып жүр. Мұндай әрекетке Қылмыстық кодексте жаза қарастырылған. Алаяқтық — алдау арқылы біреудің қаржысын иемдену. Егер қоғамдық қорлар мен бірлестіктер жұмыстарын жасырын ұстауға тырысты ма, ар жағында алаяқтықтың белгісі бар. Халықтың ақшасын қалтаға басса, бұл да қылмыстық әрекетке жатады. Мұнымен күресті күшейту керек. Құқық қорғау органдары тарапынан алдын алу шаралары, қаржылық мониторингтік қызметтерді қадағалауды қатаңдату қажет. Жалпы, қоғамдық қорлар мен қоғамдық бірлестіктер құрылғанда олардың мақсаты жарғылық құжатында коммерциялық емес деп көрсетіледі. Демек, ақшамен жұмыс істеу үшін арнайы лицензия алуы тиіс. Заң бойынша қорды бір адам ғана, бірлестікті кемі он адам топтасып құрады. Міне, осы азаматтар жіті тексеруден өтуі тиіс. Кез келген адамға ақша жинауға рұқсатты қолына ұстата салуға болмайды. Құрылтайшының өзінің қаржылық қиындықтарының бар-жоғы да ескерілуі керек. Себебі, басында не баспанасы, не көлігі жоқ, қарызы шаш-етектен адам қор құрмақшы болса, күдік тудыратыны анық. Қысқасы, қор болсын, бірлестік болсын, лицензиясыз ашылмауы тиіс, — дейді Асқар Бахралинов.
Яғни, лицензия алып, ресми тіркелсе, заңға сәйкес олардан есептілік, ашықтық талап етіледі. Заңгердің айтуынша, елімізде заңда мұндай ұйымдардың қызметін қадағалаудың тетіктері қарастырылған.
— Біз қазақ – жомарт халықпыз. Асарлату, жәрдемдесу — қанымызға сіңген қасиет. Сондықтан бұл мейірімділік пен қайырымдылық қасиеттерімізге сызат түспегені абзал. Қай қоғамда да алдау-арбау болған. Ар-ұяттан безгендер кездеседі. Бірақ, қадағалау, заңға сәйкес жазалау арқылы бұл пысықайлардың ісі реттеліп отыруы қажет, — дейді заңгер.
Алаяқтар аз емес
Ал қоғам белсендісі, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Гүлжайна Даримова қорларға, түрлі қаржы жинау науқандарына сақтықпен қарайтын болыпты. Айналада кездесетін алаяқтық әрекеттерден кейін осындай тоқтамға келген көрінеді. Бұл ретте, кезінде өңірімізде дүркіреп тұрған «Клуб добряков» қоғамдық қорының ісі ашық болмағанына күмәнмен қарағанын жасырмады. Зерделей келе, Асхат Құсдәулетов есімді азаматтың қорды құрар шақта қаржылық қиындықтармен жүрген, несиесін төлей алмай, баспанасынан айырылу қаупі төнген кез болғанын аңғарады. Ал қор құрғаннан кейін бұл қажеттіліктері толық өтеліп, мәселесі шешімін тапқан, дейді Г.Даримова. Яғни, халықтың қаржысына жеке басының түйткілдерін тарқатып алғанын айтады. Мұндай жағдайлардан кейін депутат кез келген қордың жұмысында ашықтық жоқ па, оның артында алаяқтық әрекеті тұр деп есептейді.
— Меніңше, әр қоғамдық қордың сайты құрылуы тиіс. Онда барлық жұмыс ашық жария-ланып отыруы керек. Мәселен, Мәскеуде онкологиялық балаларға жәрдемдесетін Хабенскийдің қоры бар. Оның сайтында кім қанша ақша аударғаны, қанша қаражат қайда жұмсалғаны ашық көрініп тұрады. Міне, бізге де осындай ашықтық керек. Естеріңізде болар, бір жылы Павлодар қаласында екі оқушыны трамвай соғып кетіп, біреуі қайтыс болған еді. Содан көпшілік жиналып, Екібастұздан үш бөлмелі пәтер алып бердік. Сонда біз «Vita» еріктілер қозғалысы, Tipavlo парақшасымен бірлесіп, 2,5 күн ішінде 20 млн теңге жинап қойдық. Қысқа мерзімде осындай қаражат шотқа түсті. Бұл — бір қала төңірегіндегі халықты ғана қамтығандағы нәтиже. Ал миллиондаған оқырманы бар қайырымдылық қорларына қаншама қаржы аударылатынын өзіңіз енді пайымдай беріңіз, — дейді Гүлжайна Нұрқасымқызы.
Сонымен қатар, депутат баланың сырқатына жиналатын қаржы қордың емес, оның әке-шешесінің картасына тікелей аударылғаны абзал деген ойда. Балаға жеке парақша ашылып, онда дәрігерлік анықтамалары, шақырылған клиниканың төлем шоты, тағайындалған емі мен оның құны көрсетіліп, дәлелдері айқын болуы шарт, — дейді ол.
Түйін:
Тығырыққа тірелген жандарға қол ұшын беретін қоғамдық қорлардың қоғам үшін қажеттігін ешкім жоққа шығармайды. Жәрдемін сезінген талай отбасыны көріп жүрміз. Бірақ, солардың ішінде бас пайдасын ойлап кеткендер бұл бір бірегей азаматтық қоғам институтының беделіне нұқсан келтірді. Қазіргі таңда ел Парламентінде дәл осы қайырымдылық қор жұмыстарына қадағалауды қатаңдату, қаржылық мониторинг жүргізу мен есептілікті талап етуге басымдық берілмек. Бәлкім, көп жыл өз-өзіне қожа болған талай қордың енді ісі майшаммен қаралып, адалдық пен ашықтықты серік еткендері ғана іріктеліп, елге қызмет етуін жалғастырар.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.