Қайыспас қайсар қызметкер

Нау 5, 2026

Қазақтың қайсар қыздары еш қиындықтан тайсалмайды. Тіпті, қажет болса қызыл жалын ішіне кіріп, тілсіз жаумен арпалысуға дайын. Сондай жүрек жұтқан жандардың бірі – өрт сөндіру қызметінің маманы Айнұр Қамиева.

Айнұр Қамиева – Тереңкөл аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы. Бала кезден атасының жолын қуып, өрт сөндіру саласында еңбек етуді армандаған екен. Бірақ алдымен педагогикалық, кейін заңгерлік білім алып, содан соң ғана қоршаған ортаны қорғау мен оның қауіпсіздігі бағытында жоғары оқу орнын тәмамдады. Еңбек жолын осыдан 14 жыл бұрын Астана қаласында өрт сөндіру қызметінде кадр бойынша маман болып бастады. Араға бір жыл салып, Павлодар қаласына ауысты. Ал 2015 жылдан бері Тереңкөл ауданының төтенше жағдайлар бөлімінде еңбек етіп келеді. Дәл сол жылы да өрт орын алған ошақтарға, оқыс оқиғалардың қақ ортасына шыға бастады.

— Әлбетте, қызыл жалынмен күресу оңай емес. Бірақ менің мықты тәлімгерлерім, білікті әріптестерімнің тәжірибе бөлісуі, ақыл-кеңес беруі нәтижесінде еш қорқыныш болған жоқ. Бұл қызмет «ердің ісі» немесе «әйелдің жұмысы» деп бөлінбейді. Барлығымыз бір кісідей халықтың қауіпсіздігін ойлап, олардың құжат-тары, қымбат заттары мен мүліктерін дер кезінде от шарпыған аумақтан шығару үшін аянбай еңбек ету үшін барымызды саламыз, — дейді Айнұр Сағандыққызы.

Айнұр Қамиеваның тікелей міндеті – өрт ошағына тез арада жетіп, сөндіру жұмыстарын ұйымдастыру. Оқыс оқиға туралы хабар түскен сәттен-ақ ол тілсіз жаудың ауқымын бағамдап, қанша техника жетуі керек екенін есептейді. Кейін судың, құрал-
дардың көлемін реттеп, өрт сөндірушілерді жұмылдырады. Бір сөзбен айтқанда, өрттің тез арада, толық көлемде сөндірілуі Айнұр Сағандыққызының жұмысына тікелей байланысты.

— Біздің қызмет уақытпен санаспайды. Тәулік сайын, 24 сағат бойы кез келген төтенше жағдайға дайын болуымыз тиіс. Үш баламның тәрбиесіне көңіл бөліп, үй шаруасын ширату да бар. Әйел адамның басымдығы сол, олар әркез барлығына үлгереді, —
дейді ол.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.