Аймағымызда өткен өңірлік Азаматтық форумда дәл осы ұстанымның қоғам үшін маңыздылығы айтылды. Алқалы жиын «Адал азамат – әділетті қоғамның тірегі» тақырыбын арқау етті. Бұл алаң мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) өкілдері, сарапшылар, белсенділер және жастар арасында өзара пікір алмасып, көпшілік үшін өзекті мәселелерге ой қосуға арналды.
Белсенділік байқалады
Форумға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова форум қоғам үшін маңызды мәселелердің тиімді шешімін табуға жетелейтініне сенім білдірді.
— Ел Президенті Жаңа Әділетті Қазақстан әрбір азаматтың мүддесін қорғайтын мемлекет болуы тиіс деген еді. Ал бұл мақсатқа жету жолында әділдік, ашықтық, адалдық және қоғаммен тығыз қарым-қатынастың маңызы зор. Адал азамат ұран емес, бұл — еліміздің ертеңіне үлес қосуға, қоғам өміріне белсене қатысуға ниетті азаматтардың ұстанымы. Облысымызда азаматтық қоғам институты нық қадам басуда. Соның ішінде қоғамдық кеңестер, жергілікті қауымдастықтар, әлеуметтік жобаларға ҮЕҰ белсенді қатысуы, жастардың бастамалары, еріктілер қозғалысы — қоғамдағы оң өзгерістердің нақты дәлелі. Форум өңірдің дамуына серпін берер ұтымды ұсыныстар айтылатын алаң екені сөзсіз, — деді Айгүл Қайыртасқызы.
Өңірлік форумға Астанадан арнайы келген лауазымды меймандар қатысты. Мәселен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ажар Сағандықова еліміз үшін адалдық бүгінде аса өзекті екенін баса айтты. Адал әрі әділ болу бүгінде заман талабы екенін де еске салды. Дәл осы адалдық пен әділдік қана жарқын болашаққа жетелейтінін, оны сөзбен емес іспен дәлелдеуді әркім өзінен бастауы тиіс деген пікір білдірді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Жанаргүл Әлжанова өңірімізде ескерілуі тиіс бірқатар жайтты атап өтті. Айтуынша, Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында ҮЕҰ жұмысына қатысты берген тапсырмаларына орай бүгінде екі заң жобасы әзірленуде. Бірі – ҮЕҰ туралы заң жобасы, екіншісі мемлекеттік тапсырыс критерийлеріне қатысты заңнаманы жетілдіруге бағытталған.
— ҮЕҰ бастамаларын қаржыландыру көлемі жыл сайын артқанын көріп отырмыз. Соңғы бес жылда екі есе өскен. Қазіргі таңда елімізде бұл сома 35,9 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар, әлеуметтік жобаларда да оң қарқын байқалады. 2020 жылы 1773 жоба болса, биыл — 2105 жоба. Павлодар облысында 4,4 млрд теңгеге 116 жоба іске асқан. Оның 2,2 млрд теңгесі спорттық шараларға, кәсіби футбол клубтарын қаржыландыруға бағытталған. Осы ретте, әлеуметтік жобаларды іске асыру кезінде тек формалды көрсеткіштермен шектелмеу керек. ҮЕҰ-дардың бастамаларын ескеру қажет. Ең бастысы, тұрғындардың нақты сұраныстары мен қажеттіліктеріне жарайтын жобалар қаржыландырылуы тиіс, — деді Жанаргүл Балғабекқызы.
Сонымен қатар, ол аймағымызда ҮЕҰ арналған ресурстық орталықтың жоқтығын алға тартты. Қазіргі енгізілетін өзгерістерде осындай орталықтардың болуы талап етілетін көрінеді. Министрлік өкілі ауылдық ҮЕҰ қолдауға гранттық жобалар қолға алынғанын айтты. Жалпы, алдағы уақытта гранттық қаржыландыруды дамытудың мазыңы зор екенін тілге тиек етті. Республикалық деңгейде 9 өңірде азаматтық бастамаларды гранттық қаржыландыру тетігі қолға алынған. Біздің облыста да қарастырылатынына сенім білдірді.
Ж.Әлжанова қоғамдық кеңестердің бүгінде еліміздің қоғамдық-саяси құрылымының ажырамас бөлігіне айналғанына да тоқталды. Министрлік деңгейінде мұндай кеңестердің әлеуетін арттыруға бағытталған шаралар ұйымдастырылмақ. Яғни, қоғамдық бақылау жүргізудің дағдылары, тетіктері турасында кәсіби біліктілікті арттыру көзделген. Сондай-ақ, ол қоғамдық кеңестердің құрамы айтарлықтай жаңарғанын айтты. Елімізде 263 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Қоғамдық кеңестер құрамында азаматтық қоғам өкілдерінің үлесі еліміз бойныша орта есеппен 72 пайызды құрайды. Облысымызда бұл көрсеткіш – 68 пайыз. Ал жастардың үлесі республика көлемінде 15 пайыз болса, аймағымызда – 17 пайыз. Мұның өте жақсы көрсеткіш екенін атап өтті. Бұл дегеніңіз, жастар қоғамдық кеңес арқылы ел дамуына үлес қосуға араласып отыр.
Министрлік өкілі қайырымдылық және еріктілер қозғалысының жұмысын жетілдіру тұрғысында жаңа өзгерістер күтіп тұрғанын мәлім етті. Бүгінде еріктілер қатарына қосылушылар қатары артқан. Еріктілер қозғалысы — азаматтық белсенділіктің ең айқын түрі, деді. Қазақстанда 755 еріктілер ұйымына 275 мыңнан астам ерікті азамат шоғырланған. Айтуынша, көпшіліктің экологиялық мәдениеті артуда. «Таза Қазақстан» аясында 90 мың ерікті 15 мыңнан астам экологиялық акцияға қатысқан.
Серіктеске айналды
Ал Қазақстанның Азаматтық альянсының вице-президенті Гүлнар Құрбанбаева алғашқы азаматтық қоғам форум ұйымдастырылғаннан бері 20 жыл өткенін, содан бері түбегейлі өзгерістер болып жатқанын жасырмады. Азаматтық қоғам өкілдері бүгінде мемлекеттің тең құқылы серіктесіне айналды, өз ұстанымдарын дұрыс дәйекті етуді үйренді, деді. Осы орайда, ҮЕҰ-дарға ішкі бірігудің аса қажеттігін атап өтті. Әркім өзіне тартса, нәтиже болмайтынын ескертті.
Форумға қатысқан «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының орталық басшысы Шыңғыс Шарапиев адалдық, ең алдымен, айқындық, ашықтықта деп санайды. Бұл ретте, қордың әр қаржысының қайда жұмсалғаны веб-сайтта ашық жарияланып отыратынын айтты. Әрбір ҮЕҰ осындай қадам арқылы адалдыққа бет бұрады деп есептейді. Жалпы, бұл қор құрылғалы 3 жылда облысымызға 8,5 млрд теңге бағытталып, 20-дан астам бағдарлама аясында жобалар іске асқан. Әсіресе, әлеуметтік қорғау, денсаулық, оңалту салаларына басымдық берілген. Сонымен қатар, білім саласына қаржы құйылды. Мәселен, аудандар мен қалаларда тірек мектептердің әлеуеттін арттыруға 2 млрд теңге бөлініп, бүгінде 7 аудан мен Екібастұз қаласында 8 білім ошағы әлемдік стандартқа сай жабдықталған. Алда тағы үш аудан мен Ақсу қаласын қамту көзделген. Әр мектепке 240 млн теңгеден жұмсалуда.
Форум барысында азаматтық қоғам дамуына елеулі үлес қосып жүрген жандарға облыс басшылығы атынан марапаттар табысталды. Одан кейін панельдік сессияларда жергілікті өзін-өзі басқару және қоғамдық бақылау, азаматтық секторды дамыту бойынша қолға алынған заң жобалары тақырыптары қаузалды. Сессияларда айтылған ұтымды ұсыныстар құзырлы органдарға жолданбақ.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.