Қала көшелері таза ұсталуда

Жел 4, 2025

Қыс мезгілінің басталуымен бірге Павлодар қаласында қар тазалау және жолдарды күтіп ұстау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қаланың коммуналдық қызметтері тәулік сайын көшелерді, жолдарды және тротуарларды қардан тазарту шараларын жүзеге асыруда.

Қысқы маусымда қала ішін тазалау үшін шамамен 250 жұмысшы және 300 техника жұмылдырылған. Бұл жұмыстарды екі мердігер ұйым – «Горкомхоз — Павлодар» ЖШС және «Холдинг-Транс-Павлодар» ЖШС атқарады. Ең алдымен негізгі магистральдар мен қоғамдық көліктің жүретін жолдары тазаланады, кейін шағын көшелерге көңіл бөлінеді.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық  ұйымының  мәліметінше, қар көп түскен жағдайда жұмысшылар тәулік бойы жұмыс істейтін болады және  бинес нысандары  аумақтарын қардан өздері тазалауы керек. Үйден 5 метр радиустағы аумақты тазалау — қызмет көрсетуші ұйымдардың міндеті.

Жиналған қар Успен автожолына жақын орналасқан тұрмыстық  қалдықтар  полигонының аумағындағы арнайы бөлінген алаңдарға төгіледі. Қар тазалауды полигонның тәулік бойы жұмыс істейтің диспетчерлік қызметі бақылайды. Көктайғақ болған кезде көшелерге құм себіліп, жолдардан қарды механикалық түрде сыпыру және тырмалау жұмыстары атқарылады. Сондай-ақ, автобус пен трамвай аялдамаларының алаңы және жаяу жүргіншілер жолдары мұздан  тазартылады.

— Негізгі көшелер мен ірі жолдар салыстырмалы түрде таза, бірақ шағын көше мен жаяу жүргіншілер жолдары толық тазаланбайды. Кейде қарды дұрыс жинамау немесе көліктің жүруіне кедергі келтіретін етіп үйінді жасау байқалады, — деді қала тұрғыны Әденгүл Нәбиден.

Мердігерлер көктемгі су тасқыны басталғанға дейін жеке сектор көшелеріндегі қарды толықтай шығарып үлгеруді жоспарлап отыр. Бұл шаралар еріген  қар суларының тұрғын үйлерді басу қаупін азайтуға бағытталған.

Нұрайым ҚАЛЫБЕК.

Павлодар қаласы.