Өткен жұма күні облыс орталығында сумен қамтамасыз ететін кәсіпорында технологиялық апат болып, тұтас қала аптап ыстықта сусыз қалды. Салдарынан дүкендер мен құдықтар маңында ұзын-сонар кезекке тұрған көпшіліктің қарасы қалыңдады. Ал қлапына келтіру жұмыстары бір тәулікке дейін жалғасты.

21 маусым күні сағат 8.45 шамасында Оңтүстік су жинау аумағындағы сорғы станциясы сөніп қалып, Павлодар қаласына берілетін судың қысымы күрт азайды. Сумен қамтуға жауапты компания – «Павлодар-Водоканал» ЖШС өкілдері мұны электр желісіндегі кернеудің тұрақсыздығымен байланыстырды.

Монополист кәсіпорынның апаттық бригадасы бірден сорғы станциясын қайта қосып, су беру параметрлерін ретке келтіру ісіне кірісті. Оқиға орнына облыс әкімі Асайын Байханов, Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков пен коммуналдық мекемелер басшылары барып, жағдайды бақылауға алды. Қалпына келтіру жұмыстарын атқару кезінде көпқабатты тұрғын үйлерге, басқа да нысандарға берілетін су көлемі айтарлықтай азайды. Ал саяжайларға жіберілетін су уақытша тоқтатылады.

— 21 маусым күні сорғы станциясында электрмен қамтуға байланысты технологиялық ақау орын алды. Олқылықты жою жұмыстары тәулік бойы жалғасты. Кейін желіге су толтырылып, үйлер мен нысандарға қайта тіршілік көзі беріле бастағанымен, жекелеген мекенжайлардағы баспаналарда түйткіл бірден тарқай қойған жоқ. Сондықтан мамандар әр шағым бойынша жеке жұмыс істеді. Аталмыш оқиғаға қатысты тиісті тергеу ісі жүргізілетін болады, — деді шаһар басшысы Хасар Хабылбеков.

Жұма күні кешкі уақытта ғана ақау жойылып, желіге су беріле бастады. Оны толтыру, нысандарға тарату жұмыстары біраз уақыт алды. Қысым жоғарылағанға дейін біраз уақыт күтуге тура келді. Кейбір баспаналарда су тек түн ортасында пайда болса, енді біріне сенбі күні таңертең ғана жетті. Жекелеген нысандарда ыстық су болмай қалды.

Осы бір ұрымтал сәтті кей пысықайлар өз пайдасына шешуге тырысты. Әлеуметтік желіде кей тұрғындар дүкендегі судың бағасына қосымша ақы қосылғанын жарыса жазып жатты. Мәселен, бұған дейін бес литрлік бөтелкедегі судың бағасы 530-580 теңге аралығында болса, сол күні кейбір сауда орнында бір литр су бағасының өзі 700 теңгеге дейін жеткенге ұқсайды. Өз кезегінде сауда комитетінің баспасөз қызметі тиісті тексерісті қолға алды.

— Әлеуметтік желіге жүргізілген мониторинг кезінде Павлодардағы ауызсудың 1 литрі 700 теңгеден сатылып жатқаны туралы ақпарат анықталды. Сауда комитеті төрағасының тапсырмасымен өңірдегі сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті және кәсіпкерлік басқармасы шағын дүкендер мен ірі сауда желілеріне жедел мониторинг жұмысын жүргізді. Оның қорытындысы бойынша, облыста бөтелкедегі 1 литр су 183 теңгеден бастап, ал бөтелкедегі 5 литр су 345 теңгеден бастап сатылып жатқаны нақтыланды. Сондай-ақ, облыста бөтелкедегі су жеткілікті көлемде бар.

Мамандар тарапынан сатушыларға бағаны тұрақты ұстау және негізсіз көтермеу туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бағаны жосықсыз көтеру фактісіне тап болған жағдайда 109 біріңғай нөмеріне хабарласып, сауда орнының атауы мен мекенжайын хабарлауға болады, — деді сала мамандары.

Бұл ретте «Павлодар-Водоканал» ЖШС басшылығы бір күндік су бағасы есептелмейтінін алға тартты. Яғни, есептеу құралы жоқ тұтынушылардан 21 маусым күнгі сумен қамту және су бұру жұмыстарының ақысы алынбайды. Одан бөлек, уақытылы төленбеген коммуналдық қызмет ақысы үшін 30 күнтізбелік күн аралығында үстемеақы қосылмайды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.