Қала тұрғындарына – жайлы жағдай

Шіл 17, 2025

Биыл павлодарлықтардың қолайлы жағдайда өмір сүруі үшін ауқымды істер жүргізілуде. Олардың қатарында көшелер мен аулалар жолын жөндеу, бұрын-соңды болмаған көшелерге асфальт төсеу, саябақтар мен шағын скверлерді абаттандыру, ойын, спорт алаңдарын орнату сынды жұмыстар бар.

Соңғы бірнеше жыл дересінде облыс орталығында инфрақұрылымды жақсарту бағытында іргелі істердің атқарылғанына көпшілік куә. Жылдар бойы қордаланып қалған өзекті мәселелер шешімін тауып, тұрғындарға жайлы жағдай жасау үшін көп іс қолға алынды. Айталық, биылдың өзінде 15 көшедегі жолды жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сәуір айында басталған істердің аясында 40 шақырымға жуық жол толығымен жаңартылады. Атап өтерлігі, бұған дейін тек топырақ жамылғысы болған жеке сектор аумағындағы 17,2 шақырым жолға алғаш рет асфальт төселуде. Сол арқылы Элеватор және МДС шағын аудандарындағы 22 көшеге өркениеттің игілігі жетеді. Сол сияқты қаланың 14 көшесінде бұрын-соңды мүлдем болмаған 15,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолдары салынады.

Бұл жұмыстардың барлығы Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің тікелей бақылауында. Таяуда шаһар басшысы атқарылып жатқан істердің барысын тағы бір мәрте бақылап қайтты. Олардың қатарында Н.Назарбаев даңғылы мен Шевченко, Сұрағанов, Мәшһүр Жүсіп, Павлов, Геринг, Қамзин көшелері бар.

— Бүгінге дейін 9 көшеде жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі уақытта бұл учаскелерде жол белгілерін сызу жұмыстары жүргізілуде. Қалған 6 көшеде жөндеу жұмыстары жалғасуда. Орташа жөндеуді 20 шілдеге дейін аяқтау жоспарланған. Инженерлік желілер жөнделіп жатқан учаскелердегі жұмыстар одан сәл кешірек мерзімде аяқталады, — деді Х.Хабылбеков.

Осылайша, көліктердің, жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруы үшін қолайлы мүмкіндіктер қарастырылуда. Енді жүргізушілер ойлы-шұңқырлы жерлермен өтіп, асфальты жоқ көшелерді айналып, әуре-сарсаңға түспейді. Бұған дейін мүлдем тротуар болмаған көшелердің тұрғындары да жаңбырдан соң ми-батпақ болып жататын аумақтарда қиналмайды. Мұндай ауыртпалықтың барлығы артта қалмақ.

Тұрғындар мен қала қонақ-тарына саябақ, скверлерде де жайлы орта жасалуда. Облыс әкімі Асайын Байхановтың бастамасымен қолжетімді жайлы демалыс аймақтарын құру жобасы жүзеге асырылуда. Соның аясында 17 шағын саябақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 7 учаскеде жұмыстар толық аяқталды. Қалған нысандарда абаттандыру жұмыстары жоспарға сай жалғасуда. Барлық шағын саябақтар 1 тамызға дейін толық пайдалануға беріледі.

— Саябақтар, скверлер мен басқа да қоғамдық орындар – қаланың маңызды бөлігі. Олар әрдайым қолайлы әрі қауіпсіз болуы үшін үнемі күтімді қажет етеді. Қазір Гагарин саябағындағы балалар алаңында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қалалық бақта (Горсад) жөндеу аяқталды. Жақын арада Литвинов скверінде жаңарту жұмыстары басталады. Ойын алаңдары мен шағын архитектуралық формалардың жағдайына да ерекше назар аударылуда. Бұл ретте тұрғындар мен қонақтардан қалалық мүлікке ұқыпты қарауларыңызды сұраймыз. Қаланың тазалығы мен жайлылығы әрқайсымызға байланысты, — дейді шаһар басшысы.

Ал жергілікті жұртшылық скверлерді жабдықтау жұмыстарының игілігін көре бастады. Солардың бірі – Майра Төлегенова. Ол шағын саябақтарға орындықтардың қойылып, демалыс аймағының қарастырылуы зейнеткерлерге ыңғайлы екенін алға тартты.

— Жақында Лермонтов көшесіндегі «Мечта» сауда үйіне бардым. Сол аумақта бұрын жай ғана жаяу жүргіншілері болған аумақ кәдімгідей саябаққа айналыпты. Кеспетастар төселіп, орындықтар қойылып, аялдап, тынығуға жақсы жағдай жасалған екен. Мұндай жаңашылдық көңіл қуантты. Сол сияқты өзім тұратын Академик Шөкин көшесінде де орындықтар қойылып, күннен қорғайтын шатырлар орнатылуда. Бұрын-соңды аталмыш аумақта осы іспетті қолайлылық болған емес. Енді кешкі уақытта балалар, немерелермен серуендеуге тағы бір оңтайлы жағдай қарастырылды. Қаламыздың осылай көркейіп келе жатқанына ризамыз, — дейді тұрғын.

Осындай игі істер көпшілік үшін қала күні қарсаңындағы тамаша тарту болып отыр. Тарту демекші, осы сенбі күні облыс орталығының жұртшылығы қала күнін кең көлемде атап өтпек. Жергілікті билік айтулы күнге орай қызықты мерекелік бағдарлама да дайындады. Бұл күні қала музыкаға, шабытқа және бірлік атмосферасына толы болады.

— Таңертең «Qala Run» жарысы басталып, кейін барлық 8 шағын аудан мен ауылдарда мерекелік концерттер мен көңілді ойындар өтеді;

— сағат 9.00-де «Құлагер» ипподромында бәйге, спорттық жарыстар, халық және қолданбалы өнер көрмелері ұйымдастырылып, келушілере ыстық палау мен дәмді бауырсақ таратылады;

— күні бойы қаланың сауда үйлерінде мерекелік жеңіл-діктер мен акциялар болады;

— 19.00-де «Ертіс Promenade» сахнасында басты мерекелік концерт өтеді. «Ертіс дауысы» жобасының финалистері, отандық және әлемдік эстрада жұлдыздары – SADRADDIN, ACE, OUTLANDISH мен INGRID керемет кеш сыйлайды. Кештің жүргізушілері — Луина және Ғалымжан Кеңшілік.

— Қала күні Ертіс жағасын-дағы отшашумен аяқталады.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.