Қамқорлық пен үміт айы

Қаз 23, 2025

Әлем медицинасы бойынша қазан айын «Қызғылт қазан» деп атайды. Бұл — сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу және осы дертпен күресушілерді қолдау айы. Осы уақытта бүкіл әлемде миллиондаған адам осы ауруға қарсы күресті бірігіп қолдайды, оның ішінде ерте диагноз қоюдың және профилактиканың маңыздылығын атап өту мақсатында түрлі іс-шара өткізіледі. Биыл Павлодар да халықаралық науқанға қосылып, алғаш рет «Қызғылт қазан» атты қайырымдылық марафонын ұйымдастырды.

Іс-шараның басты мақсаты – сүт безі қатерлі ісігі туралы ақпараттандыру, ауруға шалдыққан адамдарды қолдау және ауруды ерте кезеңде анықтау қажеттілігіне назар аударту. Қатысушылар аурумен күресушілерді қолдай отырып, олардың жанында екендіктерін көрсету үшін жиналды. Бұл марафон  Павлодар қаласы ішкі саясат бөлімінің тікелей қолдауымен өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Светлана Гладышева қатысты.

Марафон Павлодардың орталық жағалауында өтті. Оған кәсіби және әуесқой спортшылар, сондай-ақ қатерлі ісікпен күресіп жатқан адамдар қатысты. Бастысы, осы іс-шараға қатысушылар санының көп болуы оның қаншалықты маңызды және қоғам үшін өзекті екенін көрсетеді.

Шараға павлодарлықтармен қатар, Семей, Қарағанды, Шымкент және Астанадан келген қонақтар да қатысты. Қатысушылар арасында Павлодар облысындағы онкологиялық аурулармен күресетін адамдарды қолдайтын «NUR JAUSYN» қоғамының мүшелері болды. Олардың барлығы бірлесіп, бірлік пен күштілікті көрсетті.

Ұйымдастырушылар қатысу-шыларға қызғылт ленталар таратты. Бұл ленталар символдық мәнге ие, себебі ол тек спорттық шара емес, сонымен бірге күресушілерге және оларды қолдауға шыққан әр адамның бірлігін білдіреді.

Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, профилактика мен ерте диагностикаға көп назар аудару керек.

— Бұл іс-шара жастарға арналған. Оларға сүт безі қатерлі ісігінін алдын алу шаралары туралы ақпарат жеткізу маңызды. Біз спортты пайдалана отырып, салауатты өмір салтын насихаттап жатырмыз, — деп атап өтті облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева.

Облыстық онкологиялық диспансердің директоры Мұрат Сүлейменов қатерлі ісіктің  қарт адамдарға ғана емес, жас әйелдерге де әсер ететінін айтып, қатысушыларды өз денсаулығына ұқыпты қарауға шақырды.

— Кез келген белгілер пайда болса, дәрігерге уақытында жүгіну қажет. Бізде тегін скринингтер бар, — деді ол.

Қатысушылардың әрқайсысының өз тарихы болды. Шараға қатысқан павлодарлық Ғалия Билялова жұмыстағы әріптестерінің қатерлі ісікпен күрескенін айтып, олардың қолдауына қосылу үшін қатысқанын білдірді.

— Мен де өз денсаулығымды бақылауда ұстаймын, үнемі тексерістен өтіп тұрамын. Мына жердегі атмосфера керемет, адамдар көп жиналып, бұл шын мәнінде ерекше қолдау болды, —
деді Ғалия.

«Қызғылт қазан»  спорттық шарасы қала үшін үлкен маңызы бар оқиға болды. Қатысушылар
5 және 10 километрлік қашық-тықтарды жүгіріп, барлығы да «Қызғылт қазан»  символы — қызғылт ленталар мен медальдар алды.

Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы берген мәлі-метке сәйкес, өңірде 200-ден астам сүт безі қатерлі ісігінің жағдайы тіркелген. Бұл марафон қоғамды осы мәселе туралы көбірек ойлануға, алдын алу шараларын қолға алуға және қатерлі ісікпен күресушілерге қолдау көрсетуге шақыру болды.

Аружан ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ.