Бұған дейін елімізде жетім және ата-ана құқығынсыз қалған балаларға қолдау көрсететін мамандардың тапшы екені жиі көтерілетін. Бұдан былай бұл мәселе біртіндеп оң шешімін таппақ.
Жақында ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жыл басынан бері қамқоршылық органдары қызметкерлерінің штат саны 47 пайызға артқанын жария етті. Бұл жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала-лардың өмір сүру жағдайларын жүйелі тексеруге мүмкіндік бермек.
Комитет төрағасының айтуынша, қорғаншылық және қамқоршылық органдары қызметкерлерінің санын арттыру балалардың құқықтарын қорғау жүйесінің сапасын жақсартуға ықпал етеді.
— Қызметкерлердің кәсібилігі мен өз жұмысына жауапкерші-лікпен қарауының арқасында біз әр баланың құқығының қорғалуына және өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасаймыз. Бұл балалардың
өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, олардың құқықтарын қорғаудың бүкіл жүйесін нығайта отырып, болашағын жарқын етеді, — дейді Насымжан Оспанова.
Айта кетерлігі, биыл жыл басынан бері патронаттық тәрбиедегі 17 660 жетім баланың өмір сүру жағдайы тексерілген. Соның аясында олардың тұрмыстық жағдайына, денсаулығына, физикалық және эмоционалдық дамуына, сондай-ақ отбасылық қарым-қатынастарына ерекше назар аударылды.
Нәтижесінде, қамқоршылар мен қорғаншылардың қызметін одан әрі бақылау бойынша ұсынымдар берілді. Бұл шаралар қорғаншылық пен қамқоршылық жүйесін әрі қарай жетілдіруге, қорғау мен қолдауға мұқтаж жеткіншектердің балалық шағы мен болашағын лайықты деңгейде қамтамасыз етуге оң ықпалын тигізбек.
Өз тілшіміз.