Көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні жақындаған сайын гүл дүкендерінде қарбалас басталады. Бұл күні гүл – әйел затына деген құрмет пен ілтипаттың басты белгісі. Ал мерекеде қандай гүлдер жиі сатып алынады және гүл таңдауда нені ескерген жөн?
Осы сауалдарға Павлодар қаласындағы Ergele гүл сататын дүкенінің маманы Бота Раисовна жауап берді.
Маманның айтуынша, 8 нау-рызда ең көп сұранысқа ие гүл – қызғалдақ. Ол көктемнің, нәзіктік пен жаңарудың символы саналады. Сонымен қатар, раушан гүлдері мен хризантема да тұрақты түрде сұранысқа ие.
— Қызғалдақ – 8 наурыздың нағыз белгісі. Одан бөлек, раушан гүлін кез келген жастағы әйелге сыйлауға болады. Соңғы жылдары құрама букеттерге, ашық емес, нәзік түстерге сұраныс артып келеді, — дейді маман.
Бота Раисовнаның айтуынша, гүл таңдау кезінде алушының жасын және қарым-қатынас деңгейін ескерген жөн. Мәселен, анаға немесе жасы үлкен жандарға хризантема мен лалагүл сыйлау орынды болса, жас қыз-келіншектерге гербера, қызғалдақ немесе ашық түсті раушан гүлдері жарасады.
Гүл — жай ғана сыйлық емес, ол адамның ішкі сезімін, ықыласын, құрметін білдіретін ерекше тіл. Әр гүлдің өзіндік мағынасы бар. Мысалы, пион – молшылық пен бақыттың символы. Пион көбіне аналарға, жақын жандарға немесе отбасылық мерекелерде сыйға тартылады. Ол береке мен жақсы ниеттің белгісі саналады. Альстромерия достық пен өзара сыйластықты білдіреді. Бұл гүлді махаббаттан гөрі сенім мен қолдауды көрсету үшін сыйлайды. Сондықтан әріптесіңізге немесе жақын досыңызға сыйласаңыз болады. Осы гүлдермен қатар фрезия, эустома, гиацинт, камелия, лаванда сияқты гүлдерді таңдауға да кеңес беремін. Себебі, бұл гүлдердің мағынасы өте терең.
Фрезия сенім мен тазалықтың символы болып саналады. Жұпар иісімен ерекшеленетін бұл гүл шынайы ниет пен тұрақты қарым-қатынасты білдіреді. Фрезияны өзіңіздің жұбыңызға сыйласаңыз болады. Көбінесе жас-
тар арасында танымал-дылыққа ие. Әсіресе, Қызғылт түстісі. Нәзік әрі талғампаз букеттерде жиі қолданылады. Ал эустома – сабыр мен ізеттіліктің белгісі. Соңғы жылдары заманауи гүл композицияларында ерекше сұранысқа ие. Гиацинт – шынайылық пен көктемгі жаңарудың символы. Бұл дегеніміз гүл адамға ерекше көңіл бөлуді, ықыласты білдіреді. Көктем мерекелерінде жиі таңдалады.
Камелия – Құрмет пен таңданысты білдіретін гүл. Ол салмақты адамдарға арналған. Антуриум – батылдық пен күштің белгісі. Ерекше пішінімен көзге түсетін бұл гүл заманауи талғамды көрсетеді және әсерлі сыйлық болып саналады. Көбінесе нәзік әрі ашық букеттерде жиі қолданылады. Лаванда – тыныштық пен жан үйлесімнің символы. Ол қамқорлық пен жылы сезімді білдіреді. Лаванда сыйлау адамға тыныштық тілегенмен тең. Қызғалдақ шынайылық пен жылылықты білдірсе, раушан – махаббат пен құрметтің белгісі. Ал хризантема сыйластық пен ұзақ ғұмырды, гербера қуаныш пен көтеріңкі көңіл-күйді білдіреді. Айта берсең, әлемде гүлдер өте көп, олардың мағынасы да әрқилы. Егер сіз гүл таңдаудан қиналсаңыз немесе сый етіп бергелі жатқан адамның қандай гүл ұнататынын білмесеңіз, онда гүл сататын маманның кеңесі бойынша гүл букеттерін жинауға кеңес беремін. Себебі, жоғарыда айтылған гүлдердің әртүрлі түстері болады. Гүлдердің мағынасы түстерге де байланысты. Сонымен қатар, кейбір гүлдер мереке кезінде де, жай күндері де адамның көңіл-күйін көтеру немесе оған алғыс айту мақсатында немесе кешірім сұрау, тағы басқа үшін де беріледі. Мысалы, гортензия, орхидея, қалампыр, раушан секілді гүлдерді мереке күндері беруге болады немесе туған күн сияқты жай күндері де беріле береді. Жалпы айтқанда, гүл таңдағанда оның түсі де маңызды рөл ойнайды.
Қорыта айтқанда, ең бастысы – гүлдің бағасы немесе көлемі емес, оны қандай ниетпен сыйлағаны. Дұрыс таңдалған гүл — сөзсіз айтылған ең әсерлі тілек.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.
