Қандай жағдай жасалуда?

Қаз 30, 2025

Дәл осы сұрақ көпшілікті толғандыруда. Алайда сала мамандары мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін айтып, соңғы жылдары инклюзивті қоғам құру мәселесіне айрықша назар аударылып жатқанын алға тартуда. Сонымен, елімізде жарымжан жандар үшін қандай жағдайлар жасалуда?

Көмек көрсетіледі

Қазіргі таңда республика бойынша 743 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар. Олардың жартысынан көбі, яғни 414 мың адам еңбекке қабілетті жаста, ал 212,9 мыңы зейнеткер болып табылады. Сондай-ақ, 18 жасқа толмаған жарымжан балалар саны 118 мыңға жуықтайды.

Бұл санаттағы жандардың жайлы өмір сүріп, қоғамға әлеуметтік тұрғыдан кіріктіру мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар жүйелі іс-шаралар жүзеге асуда. Сонымен қатар, мүгедектігі бар ересектер мен балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың мәселелерін шешу мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанынан арнайы үйлестіру кеңесі құрылған. Бұдан бөлек, орталық мемлекеттік органдардың басшылары мен облыс, қала, аудан әкімдерінің жанынан құрылған мүгедектігі бар адамдардың мәселелері жөніндегі кеңесшілер институты жұмыс істейді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілген. Аталмыш құжаттың басты мақсаты – әр азаматтың даму ерекшеліктеріне қарамастан лайықты өмір сүруіне жан-жақты көмек көрсету, дейді мамандар.

Жәрдемақылар төленеді

Мемлекет тарапынан мүгедектігі бар адамдарға арнайы жәрдемақылар тағайындалып, қаржылай қолдау көрсетіліп келеді. Жыл сайын бұл төлемдердің мөлшері күнкөріс деңгейіне байланысты индекстеліп отырады. Ағымдағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша мүгедек ретінде мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатындар саны 544 мыңға жеткен. Жыл басынан бері бұл мақсатқа қазынадан 382 млрд теңге бөлінген. Бүгінгі күні аталған жәрдемақының орташа мөлшері 78 267 теңгені құрайды. Сонымен қатар, осы жылдың алғашқы тоғыз айында 110,3 мың адам мүгедектігі бар баланы күтуге арналған жәрдемақы алған. Осы санаттағылар үшін мемлекет қазынасынан 59,9 млрд теңге жұмсалған. Ал І топтағы мүгедектігі бар адамдарды күтуге арналған жәрдемақынының жалпы сомасы 29,8 млрд теңгені құраған.

Ескере кететін тағы бір жайт, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары мемлекеттік бюджеттен төленетін жәрдемақылардан бөлек, еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайына байланысты сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алады. Айталық, 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 98 мыңнан астам адам еңбекке қабілеттілігінен айырылуына байланысты 38,9 млрд теңгенің әлеуметтік төлемдерін алған көрінеді.

Құралдар қолжетімді

Елімізде мүгедектігі бар адамдар медициналық көрсеткіштеріне сәйкес қазына қаржысы есебінен протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, арбалармен, санаторлық-курорттық емдеумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекші және ым-ишара тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Бұл бағыттағы жұмыстар әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады. Порталдың негізгі мақсаты – ашықтықты қамтамасыз ету, бәсекелестік арқылы сапаны арттыру және азаматқа еркін таңдау құқығын беру.

Атап өтерлігі, жыл басынан бері портал арқылы мүгедектігі бар адамдар тарапынан 467 мыңнан астам тапсырыс орындалған.

Қызмет сапасы артуда

Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғам өміріне араласып, туындаған мәселелерін шешуі үшін арнайы әлеуметтік қызметтер ұсынылуда. Бұл жұмыстар стационарлық, жартылай стационарлық жағдайда және үйде күтім көрсету форматында 8 бағыт бойынша көрсетіледі.

Биыл 1 қаңтардан бастап арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін трансформациялау аясында орталықтар-
дың қызметі лицензиялау арқылы реттеліп, жан басына қаржыландыру жүйесіне көшуде. Осы орайда, лицензиялаудағы басты мақсат – көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және қызмет алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін айта кеткен жөн. Бүгінгі күні 93 мыңнан астам адамға қызмет көрсететін ұйымдарға 578 лицензия берілген екен.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2027 жылдың соңына дейін еліміздің 12 өңірінде мүгедектігі бар адамдарға арналған заманауи оңалту орталықтарын салу бойынша жұмыс жүргізілуде. Олардың қатарында Павлодар облысы да бар. Сондай-ақ, «Қамқорлық» бастамасын іске асыру шеңберінде аутизм спектрінің бұзылуы және басқа да психикалық ауытқулары бар балаларға арналған күндізгі ауысымдық орталықтар ашылуда. Әзірге мұндай мекеме 7 қалада, соның ішінде Павлодарда да жұмыс істейді.

Жұмыспен қамтиды

Жарымжан жандарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мәселесіне ерекше мән берілуде. Мәселен, 2025 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша мүгедектігі бар 111,9 мың адам жұмысқа орналасқан. Бұл – еңбекке қабілетті жастағы азаматтардың 30 пайызын құрайды.

Әлеуметтік кодекске сәйкес, жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына 2-4 пайыз аралығында квота белгілейді. Ағымдағы жылдың екінші тоқсанында квота шеңберінде 6,3 мың адам еңбекпен қамтылған. Сонымен қатар, бұл санаттағы адамдар жұмысқа орналасуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылуда. Нәтижесінде, жыл басынан бері 3,7 мың адам тұрақты жұмыс тапты. Ал «Жастар тәжірибесі» жобасы бойынша 463 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 524 азамат, қоғамдық жұмыстарға 5,6 мың адам, «Күміс жас» жобасы арқылы 715 тұрғын жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ, 1,4 мыңнан астам жарымжан жан мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, кәсібін бастауда.

Кедергілер жойылуда

Біраз уақыттан бері мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта құру мақсатында өңірлерде әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. 2023–2027 жылдар аралығында интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген 43 мыңнан астам нысанды бейімдеу жоспарланған. Қазіргі таңда республика бойынша 24 мыңнан астам нысан толық бейімделген.

Біраз уақыттан бері елімізде әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік инспекторлар институты жұмыс істеуде. Олар мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын, әлеуметтік қорғау саласындағы заңнаманың сақталуын мемлекеттік бақылау арқылы қадағалайды. Осы мақсатта жыл басынан бері инспекторлар елдің барлық өңірінде 1083 тексеріс жүргізген.

Осылайша, елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға көп жағдай жасалуда. Яғни, олардың қажетті құралдармен қамтылуына, жұмысқа орналасуына, жүріп-тұруына дейін қолдау көрсетілуде. Тіпті, мүгедектікті растау ісі де сырттай проактивті форматта жүзеге асуда. Яғни, азамат медициналық ұйымға жүгінсе жеткілікті, қалған барлық жұмыс ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы оның қатысуынсыз орындалады екен.

 

Нұржайна ШОДЫР.