2024 жыл Қазақстанның мәдениет саласындағы айтулы оқиғаларымен, халықаралық деңгейдегі жетістіктерімен есте қалды. Ел ішінде де бірқатар маңызды мәдени шара аталып өтілді. Киноөндіріс саласы да жемісті болып, былтыр отандық 90 фильм прокатқа шықты. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Ал 2025 жылы аталған сала бойынша қандай өзгерістер орын алады?

Жалақы өседі

Жалақы мөлшерінің төмендігі – мәдениет саласындағы ең өзекті мәселе. Оны сала мамандары да растап отыр. Дегенмен мәдениет қызметкерлерінің орташа жалақысы 2022 жылдан бері әр жыл сайын 20 пайызға көтеріліп келеді. Мәселен, 2022 жылы орташа жалақы 165,4 мың теңге, 2023 жылы бұл сома 195 мың теңгені құраса, өткен жылы 230 мың теңгеге жетті. Осы жылы да сала мамандарының жалақысы тағы бір мәрте көтеріледі. Сөйтіп, биыл  мәдениет және архив қызметкерлерінің жалақысы 294 мың теңгеге дейін жетпек.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, қазіргі уақытта мемлекеттік қолдауды күшейтіп, шығармашылық ұжымдардың еңбегін бағалауға бағытталған бірқатар жұмыс атқарылып жатыр.

— Түбегейлі өзгерістер заңнаманы жетілдірген жағдайда ғана болады. Бұл жалақыны қайта қарауға ғана емес, сонымен қатар креативті индустрияның тұрақты жүйесін құруға да қатысты. Салауатты, бәсекеге қабілетті рухани-мәдени қызмет көрсету индустриясы пайда болмай, жалақыны индекстеу мәселесі туындай беретіні анық. Қазір осы және басқа да мәселелерді шешу жолдарын қарастырып жатырмыз, — деді ол.

 

Виртуалды желі қосылады

Осы жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі «Қазақстан музейлерінің виртуалды желісі» атты бірыңғай порталы іске қосылады. Бұл портал елдегі барлық музейде сақталған мәдени мұраларды, заманауи технология-ларды қолдану арқылы, әлемнің кез келген бұрышында виртуалды түрде тамашалауға мүмкіндік беретін бірыңғай кеңістік. Веб-портал әлемдік озық тәжірибелерге негізделе отырып Қазақстан Республикасының мемлекеттік музей қоры каталогын тұрақты түрде электронды форматта жүргізуді көздейді. Сонымен қатар, көрнекі және интерактивті озық технологияларды пайдалана отырып, мәдени мұраларды 3D модельдер арқылы тамашалауға мүмкіндік береді.

Ақтау – түркі әлемінің мәдени астанасы

Әзербайжанның Шуша қаласында Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымына мүше мемлекеттердің мәдениет министрлері бас қосқан жиында 2025 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып Ақтау қаласы жарияланды. Жылан жылында Ақтау қаласы төрткіл дүниенің ерекше назарында болмақ. Мәдени жыл наурыз айында TURKSOY ұйымына қатысушы елдердің мәдениет министрлері кеңесінің отырысымен және түркі елдері жұлдыздарының гала-концертімен ашылады. Сонымен қатар, Ақтауда классикалық және халық музыкасының концерттері, фото-картина көрмелері, театр труппаларының, музыкалық және би ұжымдары мен түркі әлемінің басқа да өнер өкілдерінің фестивальдері жоспарлануда.

Мерейтойлар атап өтіледі

Табалдырықтан аттаған жылан жылы ел үшін маңызды шараларға толы болғалы тұр. Мәселен, биыл Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толады. Бұл жыл – ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен Нұрғиса Тілендиевтің жылы болып жарияланған еді. Нақты айтар болсақ, 2023 жылы Әзербайжан Республикасының Шуша қаласында ТҮРКСОЙ-дың тұрақты кеңесінің 40-ншы отырысы өткені белгілі. Отырысқа ТҮРКСОЙ Бас хатшылығы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінің өкілдері қатысқан болатын.

Жылан жылында Ұлы жеңістің 80 жылдығы, Байқоңыр ғарыш айлағының ашылғанына 70 жыл деген атаулы даталар күтіп тұр. Сондай-ақ, 2025 жылы қазақ даласында туып-өскен өлкесінің дамуына шығармашылық, қайраткерлік сипатымен үлес қосқан бірқатар тұлғалардың мерейтойлары тойланады. Олардың қатарында қазақтың ұлы ойшылы және ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, этнограф-тарихшы, зерттеуші-ғалым Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы, жазушы, Совет одағының батыры, «Халық қаһарманы» Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы, жазушы Ілияс Есенберлиннің 120 жылдығы, халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлидің 90 жылдығы, жазушы, ғалым, Мемлекеттік сыйлық иегері, Қазақстан халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің 85 жылдығы бар. Сондай-ақ, Қазақстан Мемлекеттік сыйлық және Физули атындағы халықаралық сыйлық иегері, ақын Тұманбай Молдағалиевтің 90 жылдығы, жазушы, әдебиеттанушы Сәбит Мұқановтың 125 жылдығы, композитор, халық әндерінің орындаушысы, ақын, Қазақстан мәдениетінің еңбек сіңірген қайраткері, заманауи қазақ эстрадасының негізін қалаушылардың бірі, мемлекеттік сыйлық пен марапаттар иегері Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы аталып өтіледі.

Жылан жылы ел азаматтарын күтіп тұрған оқиғалардың қысқаша тізімі осындай болды. Әрине, биылғы жылдан күтеріміз көп. Бастысы, ел аман, жұрт тыныш болып, жылан жылы жақсылығымен келсін дегенге тілекшіміз.

Әзірлеген – Айдана БОРАНБАЕВА.