Елімізде жүкті және бала күтіміндегі әйелдер қашан да заң бойынша жәрдемақы алады. Оларға мемлекет тарапынан міндетті төлемдер қарастырылған. Биыл жәрдемақының мұндай түріне өзгерістер енгізілді. Ол қандай жаңашылдық? Оған кімдер иек арта алады? Бұл туралы сауалдарға «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалының басшысы Айгүл Қапенова жауап берді.
— Айгүл Әбутәліпқызы, биыл декреттік демалысқа шығатын аналар үшін қандай өзгеріс бар?
— Болашақ аналар үшін есептеу тәртібі айтарлықтай өзгерген жоқ. Жүйелік сақтандырудың барлық қатысушыларына әлеуметтік аударымдар өзгерісі енгізілді. Өткен жылы аударым мөлшері 3,5 пайыз-ды құраса, биыл 5 пайыз болады. Демек, декреттік демалыстағы аналардың да әлеуметтік төлемінің өсуіне әсер етеді.
— Жұмыс істейтін және үйде отырған (жұмыс істемейтін) аналарға тағайындалатын төлемдердің айырмашылығы қандай?
— Үй шаруасымен айналысатын әйел баланың тууы және күтімі бойынша республикалық бюджеттен 1,5 жасқа толғанға дейін жәрдемақы алады. Бұл төлем айлық көрсеткіштің еселігіне байланысты тағайындалады.
Ал жұмыс істейтін ана жүйелі сақтандырудың қатысушысы болса, онда бұл жағдайда оның жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем алуға құқығы бар. Яғни, республикалық бюджеттен баланың дүниеге келуіне байланысты біржолғы жәрдемақы мен бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем беріледі.
Әлеуметтік кодекске сәйкес, бір төлеушіден аударылатын ай сайынғы объект әлеуметтік аударымдар санына қарай ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінен аспауы тиіс. Егер бір айдағы аударым көлемі жалақыдан аз болса, әлеуметтік аударымдар да сол көлемде беріледі.
— Әлеуметтік аударымның көлемі жалақыға байланысты ма?
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, ең төменгі жалақы 85 мың теңгені, ал әлеуметтік аударымдардың мөлшері 5 пайызды құрайды. Осыған байланысты әлеуметтік аударымдардың ең төменгі шегі 4250 теңгені, ең жоғарғы шегі 29 750 теңге болады.
— Жүктілігіне және бала күтімі бойынша демалысқа шығатын әйелдерде жәрдем-ақыға қатысты сұрақтар туындаса қайда хабарласып, қандай құжат тапсыру қажет?
— Декреттік демалысқа шығатын болашақ аналар жүктілікке және босануға байланысты сауалдарын, электронды үкімет мемлекеттік корпорациясы немесе eGov.kz порталы арқылы жолдай алады.
Қажетті құжаттар – ішіне жеке куәлік, өтініш, жүктілікке байланысты уақытша еңбекке жарамсыздық парағы және банктік шот нөмірі.
— Былтыр облыста қанша ана мемлекеттік төлем алды?
2024 жылы 5521 болашақ ана жүктілік пен босануға байланысты, табысынан айырылу бойынша өтінім білдірді. Соған сәйкес мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры АҚ тарапынан 6,5 млрд теңге көлемінде қаржы төленді. Бұл ретте бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем алу үшін 6958 ана өтініш жолдап, оларға 504 741 000 млн теңге берілді.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Салтанат ҒАББАС.