Қандастарға қолдау көрсетілуде

Мау 19, 2025

«Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық филиалы 2023-2025 жылдары көшіп келіп қоныстанған  қандастарды жаңа ортаға бейімдеу және оларға құқықтық, ақпараттық, консультативтік-әдістемелік кеңес беруге байланысты жыл сайын облыстағы аудандарға барып, ондағы қандас ағайынмен кездеседі.

Осы жылы да қауымдастық  жұмыс жоспарына сәйкес облыстың аудандарын аралап, кездесуді Ертіс пен Ақтоғай аудандарында түйіндеді.

Облыс әкімдігінің бекіткен кестесі бойынша ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысын орындау мақсатында ұйымдастырылған кездесуге аудан әкімдігінің ішкі саясат және тілдерді дамыту, жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлім басшылары, ауылдық округінің әкімдері, мансап орталығының жауапты мамандары, 2023-2025 жылы шетелдерден көшіп келіп, аудандарда қоныстанған қандастар мен онтүстік өңірден қоныс аударғандардың өкілдері қатысты.

Алғашқы кездесу Ертіс ауданында өтті. Кездесудің алғашқы сөзін аудан әкімінің орынбасары Роза Ақанова алып, өңірлерге қоныстанған қандастар мен қоныс аударушыларға аудандардың әлеуметтік экономикалық жағдайы, олардың жаңа ортаға бейімделіп жатқандығы, көші-қон процесіндегі бүгінгі жағдайы туралы жан жақты таныстырылды.

Ал «Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы» облыстық филиалының басшысы Болат Заутұлы Павлодар облысына көшіп келіп, өңірлік квотаға кіргендерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы айтып, қандастарға заңдық, құқықтық ақыл-кеңес беруімен қатар оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек және әлеуметтік мәселелер бойынша толық түсіндіріп өтті.

— Біздің елімізде көші-қонға байланысты заңдар мен ереже-тәртіптер жиі өзгеріп отырады. Осы үдеріске байланысты заңдар мен ережелерді шетелден келіп жатқан қандастарымызға дұрыс түсіндіріп, жүйелі насихаттау және олардың бұлжытпай орындалуын қадағалау керек, — деді Б.Заутұлы.

Жиын барысында қандас бауырлардың өңірге көшіп келу барысында туындайтын мәселелері жан-жақты айтылып, ақпараттық әдістемелік кеңес берілді. Сонымен қатар, көші-қон процесстеріне арналып мемлекеттік тапсырыспен дайындалған қысқаша анықтамалық кітапшалар таратылды.

Айта кетейік, қандастар мен оңтүстік облыстардан көшіп келген қоныс аударушылардың жаңа ортаға бейімделуіне, қандас мәртебесі  тұрақты тіркеуге тұру, ықтияр хат алу және ҚР–ның азаматтығын қабылдау үшін құжат тапсыруда қиындықтар туындаған жағдайда Қауымдастық және «Отандастар қоры» КеАҚ-ның бірыңғай қысқа 1404 номеріне хабарласып, және Павлодар қаласындағы М.Жүсіп  көшесі, 35/1 «Достық үйінің» 110-кабинетінде орналасқан облыстық фронт кеңсесіне келіп, қажетті сұрақтарға жауап немесе ақыл-кеңес алуға болады.

Айдана Боранбаева.

Ертіс, Ақтоғай аудандары.