Көктем келіп, жаз шықса болғаны облыс тұрғындарының мазасын маса алатыны белгілі. Олардың санын едәуір азайтып, жұртшылыққа қолайлы жағдай жасау үшін дернәсілдерін улау жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Бірақ оны уақытылы бастап, кешенді түрде жүргізу керек. Алдағы үш жылдың аралығында осы дезинсекциялық шараларды қай ұйым қолға алатыны белгілі болды.

Бұрындары өңірде дезинсек-циялық шараларды жүргізетін мердігер тек бір жылға анық-талатын. Көктемнен жаздың ортасына дейін шыбын-шіркей дернәсілдерін улайтын мұндай кәсіпорындар бір маусым ғана еңбек ететіндіктен, олардың жұмыс нәтижесі онша-мұнша байқала қойған жоқ. Сондықтан 2021 жылы мердігерді үшжылдық мерзіммен анықтау тәжірибесі енгізілді. Яғни, мемлекеттік конкурс бірден үш жыл аралығындағы жұмысты атқаруға жарияланады. Жергілікті билік сол арқылы жұмыс тиімді бола түседі деп пайымдады. Оған қоса, жыл сайын мемлекеттік конкурс ұйымдастырудың қажеті болмайды. 2021 жылы жарияланған, жалпы сомасы 1,5 млрд теңге болатын конкурсты «QSM Engineering» ЖШС жеңіп алып, бас мердігер ретінде іске кірісті. Аталмыш компанияның ісі жүйелі түрде жүргізілді. Соңғы бір-екі жыл дересінде шыбын-шіркейдің саны едәуір азайып, жазғы уақытта жұрттың «көзі ашылды». Биылғы көрсеткіштер те дезинсекциялық жұмыстардың тиімділігі 90 пайыз болғанын көрсетті. Бірақ осы жылы бұл компаниямен жасалған келісімшарт мерзімі аяқталды. Енді алдағы үш жылда қансорғыштарды улайтын мердігерді анықтау керек. Ол үшін облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы қарашада мемлекеттік конкурс жариялады. Нәтижесінде астаналық «В и К ЛТД» ЖШС жеңімпаз атанды. Дезинсекциялық шараларды атқаруға барлығы 7,8 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл – үш жылға арналған жалпы сома. Техникалық сипаттамаға сәйкес, жаңа мердігер 127 мың гектар жайылма аумағын өңдеуге тиіс. Оның ішінде Павлодар, Ақсу қалаларының, Ақтоғай, Тереңкөл аудандарының және бұған дейін өңделмеген Павлодар, Ертіс аудандарының жайылмасы бар. Сол сияқты 100 мың гектар аумақ авиаөңдеуден өтеді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 4,5 есеге көп. Жергілікті билік аталған жұмыстардың барлығы кемінде 80 пайыз көлемінде тиімділік көрсеткен жағдайда ғана тиісті қаржы аударылатынын ескертті. Тиімділік одан аз болса, мердігер өз қаржысы есебінен қайта өңдеу жүргізуге міндеттеледі.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.