Павлодар — шеттен келген қандастар мен оңтүстік облыстарда халқы тығыз орналасқан аудан, ауылдардан қоныс аударушыларды қабылдайтын бірнеше облыстың бірі. Соған сәйкес қоныс аударушылар да Ертіс-Баян өңірінің ауа райы мен әлеуметтік ортасына тез бейімделіп, тіршіліктерін түзеп жатыр. Осы тұста облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Көші-қон бөлімінің бас маманы Индира Амановамен сұхбаттасып, біздің өңірге биыл қанша азамат қабылданатынын және көшіп келген азаматтарға қандай алғашқы жәрдемақылар беретінін сұрап білдік.
— Индира Ғизатқызы, биыл ішкі және сыртқы көші-қон бойынша облысқа қанша адамды қабылдау жоспарланған?
— Облыста жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру мақсатында халқы тығыз қоныстанған облыс-тардан келген азаматтар мен шетелде тұратын қандастарды қабылдау биыл да жалғасып жатыр. 2024 жылы еліміздің жұмыс күші артық өңірлерден 2603 азаматты және шетелден келетін 902 қандасты қабылдау жоспарлануда. Бұл мақсатқа биыл 4 224 533,0 мың теңге қаражат бөлінді. Жыл басынан Павлодар облысының қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына 1881 адам (416 отбасы) енгізілген, оның 733-і яғни 162 отбасы шеттен келген қандастар болса, 1148 адам, 254 отбасы — жұмыс күші артық өңірлерден келген азаматтар.
— Қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан қандай қолдау шаралары көрсетіледі?
— Халқы тығыз өңірлерден солтүстік облыстарға отбасымен көшіп келгісі келетін азаматтарға және шеттен келетін қандастарға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақының бірнеше түрі бар. Рет-ретімен атап өтер болсақ: бірінші – әрбір жанұяның отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258 440 теңге) мөлшерінде материалдық көмек көрсетіледі. Екінші – отбасы тұрғын үй сатып алатын болса6 сол үй бағасының 50 пайызы көлемінде төлем жасайды. Нақты айтар болсақ, 4 282 720 теңгеден аспайтын соманы үйді сатып алуға немесе ипотекалық несиенің алғашқы жарнасы ретінде жұмсауға береді. Сонымен қатар, бұл соманы жер алып, үй салуға да жұмсауға болады. Үшінші – тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер үшін ай сайын (он екі айға дейін) 15 АЕК-тен бастап 30 АЕК-ке дейін материалдық көмек көрсетіледі. Бұл қаражаттың көлемі отбасының ауылдық және қалалық жерге орналасуына байланысты тоқтайды. Төртінші — жұмыс берушіге 400 АЕК мөлшерінде әрбір қызметкер үшін субсидия беріледі, бірақ жұмыс беруші қоныс аударушыны 2 жылдан кем емес уақытқа жұмысқа орналастыруға міндетті және тұрғын үймен қамтамасыз ету қажет.
— Оңтүстік облыстан қоныс аударған отандастарымыз негі-зінен қай аудан, ауылдарға орналасуда?
— Оңтүстік өңірлерден келген азаматтар облыстың барлық аудандарына барып жатыр. Атап өтер болсақ, Павлодар қаласына 37 отбасы (156 адам), Ақсу қаласына 28 отбасы (116 адам), Екібастұз қаласына 47 отбасы (196 адам), Ақтоғай ауданына 11 отбасы (60 адам), Баянауылға 9 отбасы (34 адам), Железинге 12 отбасы (45 адам), Ертіс ауданына 11 отбасы (52 адам), Тереңкөл 1 отбасы (7 адам), Аққулыға 8 отбасы (35 адам), Май ауданына 26 отбасы (127 адам), Павлодар 14 отбасы (79 адам), Успен ауданына 40 отбасы (196 адам), Шарбақтыға 10 отбасы (45 адам) қоныстанды. Көшіп келгендердің ішінде жұмысқа жарамды адамдардың саны – 815. Олардың ішінде 516 адам жұмысқа орналасса, 31 адам жеке кәсіппен айналысады. Ал қандастардың көпшілігі Павлодар, Ақсу және Екібастұз аумағын таңдайды.
— Осы ретте халқы тығыз қоныстанған облыстарға барып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргі-зесіздер ме?
— Иә, үгіт-насихат жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеміз. Жыл басынан бері біздің мамандар Түркістан облысына барып, халықпен кездесіп, көшіп келген жағдайда қандай көмектер көр-сетілетінін түсіндіру жұмысын жүргізді. Сонымен қатар, әтүрлі бос орындар жәрмеңкелеріне қатысып, кеңес береміз.
— Ақпаратыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан — Тілеуберді САХАБА.