«Семей – ұлы даланың ұлағатты өлкесі. Бұл — Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз  елдің болашағы үшін күрескен қастерлі өңір.

Семей – ұлттық ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің тарихи орталығы. Еліміздегі мұғалімдер даярлайтын алғашқы оқу орны бұдан 120 жыл бұрын осы қалада ашылғаны белгілі. Онда Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Шәкен Айманов сынды ұлт зиялылары білім алған. Сондықтан бұл жерді халқымыз қазақ руханияты тамыр жайған жер деп ерекше қадірлейді».

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2022 жылғы 30 қыркүйектегі Абай облысының жұртшылығымен кездесуіндегі сөзінен.

 

Ұлылар ұлағаты ғасырдан-ғасырға жетіп, келер ұрпақты тәрбиелеуде, оларды үлкен өмір жолына бейімдеуде таптырмас құралға айналып келеді. Дара туған дарынды тұлғалардың ғибратты өмір жолы, ұлтына жасаған шексіз адал қызметі, ғылым жолындағы ұлы жетістіктері адамзат өркениеті жолындағы жолбасшы, шамшырақ іспетті.

Биыл Қаныш Сәтбаевтай алып тұлғаның 125 жылдық мерейтойы аталып өтті. Еліміздің әр өңірінде айтулы мерейтой өзінше тойланып жатыр. Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығымен қатар қазақ елінің айбыны мен абыройының символына айналған шаңырақ – Семей қаласындағы Алаштың тұңғыш білім ордасының құрылғанына 120 жыл толып отыр. Аталған оқу орнына өңірдегі алаш қайраткерлері мен ұлт зиялыларының барлығы шоғырланды. Қазақ ғылымының атасы атанған Қазақтың Қанышы да осы оқу орнының семинария кезеңіндегі түлегі еді.

Жақсылардың ізіндей болған киелі шаңырақтың шақыртуын қабыл алған академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейі Қаныштың табанының ізі қалған, талай тарихты артқа тастаған Семей қаласына биыл 24-26 қыркүйек күндері Абайдың «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік тарихи- мәдени және әдеби-мемориалдық музей қорығында, 27 қыркүйек күні М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжіне «Қазақтың Қанышына — 125 жыл» атты жылжымалы көрмемен барып келген болатын.

Мұхтар Әуезовтің ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталған шара барысында елуге жуық тағзымтақта ашылды. Олардың қатарында Баянауыл ауданынан бес тұлғамыз бар екен. Бұл біз үшін қуантарлық жайт болды. Былтыр ғана жаңадан қосылған ғимарат «Ес – аймақ» рухани орталығы сарайында арнайы көрмелер жасақталған болатын. Олар: оқу орнының әдістемелік көрмесі, Абайдың мемлекеттік тарихи және әдеби–мемориалдық қорық–музейінің көрмесі, Абай облыстық тарихи–өлкетану музейінің көрмесі, Абай облыстық мемлекеттік архиві көрмесі және біздің академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің көрмесі. Көрмеге Қ.И.Сәтбаевтың киген киімдері мен көзі тірісінде қолданған, яғни қолының ізі қалған заттары қойылды.

Көрмені ҚР Оқу–ағарту бірінші вице–министрі Наталья Жұмаділдаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов, Абай елінің бірқатар депутаты да тамашалады.

«Алаштың тұңғыш білім ордасы: тарихы, бүгіні, болашағы» халықаралық ғылыми–тәжірибелік конференцияға «Ұлылар ұшқан ұя» тақырыбымен ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР ҰҒА академигі Алтынбек Нұхұлы баяндама жасады.

Еліміздің әр өңірінен жиналған техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушылары қатысты.

Аталған оқу орнында оқыған тарихи тұлғаларға арналған тоғыз кабинеттің салтанатты түрде ашылуы болды, олардың ішінде Ж.Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сынды тұлғаларымыз бар.

«Шаңырақ тарихы – ұрпаққа аманат» атты салтанатты кеш сахналық қойылыммен жалғасын тапты.

«Алаштың тұңғыш білім ордасы» атты мерейтойлық кітаптың тұсаукесері өтті. Аталған кітаптың демеушісі Павлодар облысы Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Ізбастин Марат Рымтайұлы екенін айта кеткен жөн.

Г.БАЛАБАЕВА, Академик Қ.И.Сәтбаевтың  Баянауыл мемориалдық  музейінің әдіскері.