Жуырда облыстық мәслихаттың экономика және бюджет жөніндегі тұрақты комиссиясы отырысында депутаттардың қазына қаржысына қатысты қызу талқысы әлеуметтік желіде тарап, көпшіліктің назарын аударды. Нақтысы, Екібастұз қаласының алдымен ахуалы мүшкіл ауруханасын ретке келтірмей, мәйітхананы жөндеуге қомақты қаржы бөлудің қисынсыз екені сөз болды.
Кеншілер қаласындағы ауруха-наның жағдайымен арнайы танысып, тұрғындардың шағымын тыңдаған облыстық мәслихат депутаттары тұрақты комиссия отырысында осы мәселені көтеріп, билікке төтесінен сауал жолдады. Respublica партиясының облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Амангелді Махамбет бюджет жобасын талқылау барысында мәйітханадан бұрын неге ауруханаға көңіл бөлінбейтініне наразылық білдірді.
— Екібастұздағы аурухананың ахуалы мүшкіл. Науқастардың отадан кейін қандай жағдайда жүргені жайлы бейнежазбадан да көрдік. Бүкіл халық шағымданып отыр. Қазақта «бірінші байлық — денсаулық» деген нақыл бар. Алдымен тірілерді жарылқап алайықшы. Аурухананың қай блогын алсақ та, қаржының жоқтығынан жөнделмей жатқанын айтады, — деп Амангелді Махамбет көпшіліктің жанайқайын жеткізді.
Қызу тартыстан кейін мәселенің түйіні облыстық мәслихаттың XVIII кезекті сессиясында шешілді. Сессияға қатысқан аймақ басшысы Асайын Байханов мәйітхананың жөндеу жұмыстарының құнына қатысты мәселе туындағанынан хабардар екенін мәлім етті. Нақты шешім қабылдағанын атап өтті.
— Екібастұз қаласындағы мәйітхананың жобалық-сметалық құжаты бойынша құнының қымбаттығы мәселе туындатты. Орынбасарым мен денсаулық сақтау басқармасына жоба құнын толығымен қайта қарастыруға тапсырма бердім. Бірқатар депутаттың пікірімен келісемін. Мәйітхананың ең қажетті деген тұстары ескерілуі тиіс. Мәселен, жылу жүйесі, электр желісі, шатыры сияқты бөліктерін жөндеу керек. Артығын алып тастау керек. Құзырлы басқарма жобалаушылармен бірлесіп, бұл іспен айналысады. Бұл жобаны бюджетте қалдырамыз. Тек бюджет нақтылауға дейін реттелуі тиіс. Құнын 200-220 млн теңгеден асырмау міндеті қойылды. Біз өз тарапымыздан депутаттардың талап-тілектеріне құлақ асамыз. Көтерілген мәселе орынды болса, оған назар аударамыз, қажетті шешім қабылдаймыз, — деді облыс әкімі А.Байханов.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.