Қарағай көшеттері отырғызылды

Сәу 17, 2025

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында облысқа қарасты аудан, қалаларда абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Игі бастамаға Ақтоғай ауданының да тұрғындары белсенділік танытуда.

Қазіргі таңда ауданға қарасты елді мекендерде аллеяларды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Орындықтар мен қоқыс жәшіктері тазаланып, сырланып, жарықшамдар қалпына келтірілді және талдардың түптері ағартылды. Сондай-ақ жерді өңдеу, жаңарту, қопсыту жұмыстары атқарылды.

Таяуда Ақтоғай ауылындағы Махмет Қайырбаев атындағы орта мектептің аумағында қарағайлар отырғызылды. Акция Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевтың 100 жылдығына орайластырылды. Акцияға қатысушылар 20 қарағайдың көшетін отырғызды.

Шараға облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматтары, аудандық бөлімдер мен аумақтық органдардың басшылары, сондай-ақ мектеп оқушылары қатысты. Шыршалар Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Жұмабек Қамзиннің және «Қазақстан электролиз зауыты» акционерлік қоғамдастығының қаржыландыруымен сатып алынды.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.