Баянауыл ауданында қарақұрттарды жою жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Биыл маусым айынан бері қауіпті жәндіктің 245 аналығы жойылған.

Атап өтерлігі, әзірге ешкім қарақұрттан зардап шеккен жоқ. Десе де, мамандар алыс-жақыннан келіп демалушыларға сақ болу керектігін ескертуде.

Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің  ғылым және мониторинг бөлімінің басшысы Динара Күншуақованың айтуынша, өткен жылдан бері бұл аумақта, әсіресе, Торайғыр көлінің маңында улы жәндік көбейген.

— Ұлттық парк аумағы айрықша қорғалатын жер болғандықтан мұнда химиялық өңдеу жасалмайды. Яғни, оған тыйым салынған. Сондықтан мамандарымыз қарақұрттың жұмыртқаларын іздеп жүріп тауып, жойып отырады. Адамдардың қауіпсіздігі әрдайым алдыңғы орында. Сол үшін қауіпті жәндіктің аналықтарын көрсек бірден өртеп, көзін құртамыз. Бұл бағыттағы жұмыстар ағымдағы жылдың мамыр айынан бері жүріп жатыр, — дейді ол.

Ұлттық парктің ғылым және мониторинг, табиғат кешендер мен объектілерді қорғау бөлімдерімен қатар, Жасыбай бөлімшесінің мемлекеттік инспекторлары да Торайғыр ауылындағы қарақұрттарды жою, дернәсілдерін арнайы құтыға жинау жұмыстарына белсенді қатысуда. Табиғи парк директоры Аждар Жүсіповтің айтуынша, қарақұртқа қарсы күрес жұмыстарының нәтижесінде маусым айында 90-ға жуық, 24 шілдеге дейін 20 қарақұрт арнайы құтыға салынып, құртылған. Ал мамыр айынан бері 245 аналығы жойылған.

— Біз демалушылардан қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауын сұраймыз. Өйткені, қарақұрт – қауіпті жәндік. Егер адамды шағып алса, уақыт жоғалтпай дереу жедел медициналық көмекке жүгіну керек. Бастапқы 2-3 минуттың ішінде зақымданған орынды отпен күйдіруге болады. Ол удың әсерін қайтаруға көмектеседі, — дейді ұлттық парк директоры.

Оның айтуынша, қара-құрттардың жұмыртқалары таулы аймақтардағы тастың астында көп кездесетін көрінеді.

Жалпы, Баянауылда бұрын қарақұрт болмаған. Мамандардың сөзіне қарағанда  былтырдан бері пайда бола бастаған. Яғни, өткен жылы әлеуметтік желіде Баянауыл ауданына қарасты Торайғыр ауылындағы тау-тастың арасында қарақұрттың қаптап кеткені жайлы бейнежазба жарияланған болатын. Бастапқыда аудандағы атқамінерлер аталмыш ақпарат ақиқаттан алшақ екенін айтса, кейін Алматыдан арнайы шақырылған зоология институтының мамандары Торайғыр көлінің солтүстік аумағында қауіпті жәндіктің пайда болғанын растады. Энтомолог ғалымдар аталмыш жәндіктер еліміздің оңтүстік өңірлерінен тасымалданатын түрлі жеміс-жидек, көкөністермен еріп келуі мүмкін деген болжам жасады. Сол уақыттан бері Баянауылда қарақұртқа қарсы күрес жұмыстарына жіті мән берілуде. Былтыр улы жәндіктің 1,5 мың жұмыртқасы мен 356 аналығы жойылған. Мамандар тұрғындар мен туристерді қауіпті жәндіктердің көбейіп кетуіне жол бермеуге шақыруда.

— Ол үшін тазалық сақтаудың маңызы зор. Сол себепті демалуға келетін жандар отыратын орындарын таза ұстап, айналасын қоқыстардан арылтып тұрғаны жөн.  Себебі лас жерлер қарақұрттар үшін қолайлы мекен болып табылады, — дейді Динара Күншуақова.

Ал дәрігерлер қарақұрт шаққан жағдайда адамның жағдайы нашарлап, іші мен кеуде тұсы ауырсынып, екі аяғы жансызданып, құрысып қалу қаупі барын айтады. Сонымен қатар, басы айналу, құсу белгілері де байқалуы мүмкін.

«Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, егер мұндай жағдайға тап болсаңыз, жедел жәрдем немесе жақын жерде орналасқан медициналық пункттің көмегіне жүгінгеніңіз жөн.

 

Н.АҚЫТЕГІ.