Соңғы бірнеше жыл аралығында Баянауыл ауданында қарақұрт күрт көбейіп, тұрғындардың денсаулығына қауіп тудыра бастады. Бұл улы жәндік Торайғыр көлінің аумағында, ұлттық табиғи паркте жиі кездесетін болды. Оларды жаппай жоюға келмейді. Мамандар тек қолмен жинап, кейін өртеп жібереді.
2023 жылдан бері қарақұрт баянауылдықтардың «бас қайғысына» айналды. Дәл сол жылы алғаш рет ұлттық табиғи парк аумағынан улы жәндік байқалған-ды. Сол тұста мамандар 1593 жұмыртқа мен қарақұрттың 356 ұрғашысын жинап, жойды. Жәндіктің бұл түрі былтыр да аз болған жоқ. Тіпті, тамыз айында төтенше жағдай жариялауға тура келді. Ал мамандар 523 жұмыртқа мен 124 ұрғашысын өртеді.
Ұлттық парк қызметкерлері улы жәндіктердің биыл да байқала бастағанын айтады. Атап айтқанда, Торайғыр көлінің аумағындағы алтыншы орамдағы 30 гектарға жуық жерді жайлап үлгеріпті.
«Баянауыл» ұлттық табиғи паркінің ғылым және мониторинг бөлімінің ғылыми қызметкері Мұрат Жасұланның айтуынша, жәндік-тердің өзі қыста тастардың қуысына кіріп жан сақтап, күн жылынған кезде жер бетіне шығады.
— Қарақұртқа қарсы күресті өз күшімізбен жүргіземіз. Атап айтқанда, жұмыртқаларын қолмен жинап, құтыға салып, кейін өртейміз. Себебі табиғи парк аумағында химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге болмайды, — дейді маман.
Ал ұлттық парктің аумағына кірмейтін ауылдық жерде химиялық өңдеу жүргізілмек. Бұл туралы Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев айтты. Оның сөзінше, Торайғыр ауылдық округіне қарасты жерлердің біраз бөлігін өңдеу үшін бюджеттен 1,8 млн теңге бөлініп, мердігер таңдалды.
— Өткен жылы 150 гектар жер өңделген еді. Биыл да осы көлемдегі аумақта қарақұртқа қарсы шаралар атқарылады. Өңдеу жұмыстарын екі рет жүргізу жоспарда бар. Бұл іске мердігер таяу уақытта кіріседі, — дейді аудан басшысы.
Ал бұл аралықта дәл осы ауданға қарасты Майқайың кентіндегі кейбір үйлерді бүйі басып, ірі қоңыздар жайлап кетті. Аталмыш кент тұрғыны Махаббат Әбсаттарованың сөзінше, аулада қоңыздан аяқ алып жүргісіз.
— Ірі қоңыздар жер астынан шығып, енді ғана бау-бақшаға салып қойған жеміс-жидекті «жеп» жатыр. Тіпті, үйдің қабырғасына өрмелеп шығып, ішке кіре бастады. Оған қоса, үйдің ішінде үлкен бүйілер пайда болды. Химиялық қоспалардан еш қайыр жоқ. Ешқайсысы қоңыздарды азайтуға көмектесер емес, — дейді тұрғын.
Жәндіктер жеке үйлер көптеп шоғырланған «Шанхай» шағын ауданында қаптап кетті. Егер дер кезінде тиісті істер атқарылмаса, 10 мыңға жуық тұрғыны бар бүкіл кентті жайлап кетуі әбден мүмкін. Сондықтан жергілікті әкімдік салалық органдардан көмек сұрап, хат жазған көрінеді. Павлодар облысы бойынша агро-өнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік аумақтық инспекция басшысы Арман Шүйкеновтің айтуынша, мұндай жапырақ жегіштер колорадо қоңызына ұқсас келеді. Олар өсімдіктермен, шалқан, арпа, қырыққабат, шомырмен қоректенеді. Бірақ карантиндік нысандар қатарына кірмейтіндіктен, оларға қарсы күрес жүргізіп, санын азайту үшін бюджеттен қаржы қарастырылмайды.
— Бау-бақша өсіретін азаматтар үшін мұндай жәндіктер зор қауіп тудыратыны рас. Елді мекен аумағында химиялық өңдеуге тыйым салынған, сондықтан жәндіктерді қолмен жинау, траншея қазу сынды жұмыстарды ғана жүргізуге болады. Біздің мамандар тұрғындарға препарат таңдап, өңдеу шараларын қолға алу бойынша кеңес бере алады. Бірақ әзірше Майқайың кенті тұрғындарынан шағым түскен жоқ, — дейді Арман Шүйкенов.
Қалай болғанда да қарақұрт та, ірі қоңыздар да тұрғындарға қолайсыздық тудыратыны бар. Сондықтан олардың санын азайту үшін кешенді шараларды қолға алмасқа болмайды.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.