Жаратылысы нәзік болғанымен, бүгінде бұрымдылардың бағындырмаған саласы жоқ шығар. Жұмысы ауыр энергетика өндірісінде де қыз-келіншектердің қатары жыл санап артып келеді. Қазіргі уақытта әйелдер қауымы жылу-электр орталығындағы зертхана, әкімшілік бөлімде ғана емес, сонымен қатар, электромонтер, слесарь болып білек сыбана еңбек етіп жүр. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында энергетик қыз-келіншектермен әңгімелесудің сәті түсіп, «әлемнің жарығын сыйлаған» сыйлы адамдардың облыс орталығына да жарық пен жылу сыйлап жүргенін көрдік.
Бүгінгі таңда «ПавлодарЭнерго» АҚ-ына қарасты кәсіпорындарда 4 100 қызметкер жұмыс істейді. Олардың қатарындағы 1 599 қызметкер – әйелдер қауымы. Нәзік жандылардың орташа жасы 44 жылды құрайды. Әйел энергетиктер «Павлодар Электржелілік Тарату компаниясы» АҚ, «Павлодар жылу желілері» ЖШС және №2-ЖЭО мен №3-ЖЭО-да еңбек етіп жүр. Оның ішінде жұмысшы мамандықтар қатарын 666 нәзік жандылар толықтыруда. Мәселен, облыс орталығындағы №3-ЖЭО-да жұмысшы мамандықтар тобында 152 әйел еңбек етіп келеді. Солардың бірі – химия цехының ауысым бастығы Наталья Малинина. Оның міндеті — жоғары қысымды қазандықтар үшін суды дайындау және тазарту. Жабдықтың бірқалыпты жұмыс істеуі де осы адамның қызметімен тікелей байланысты. Айтуынша, аталмыш цехта химиялық тұзсыздандыру және тұтынушылардан қайтарылған конденсатты өңдеу жұмыстары жүргізіледі.
Тағы бір еңбекқор жандардың бірі — 62 жастағы Зумара Кулькимбаева осы орталықтағы №11 жылу автоматикасы және өлшеу цехында бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика жөніндегі слесарь қызметінде жұмыс істейді. Бұл цехта ол 20 жылдан
астам еңбек етіп келеді.
— Мен басында мано-метрлерді жөндедім, кейін датчиктерге көштім. Бүкіл станция бойынша әртүрлі турбина мен қазандықтарда аталмыш құрылғылар орнатылады. Олар қысым мен разряд деңгейін өлшейді. Бір турбинада шамамен 60-70 манометр мен 100-ге жуық датчик бар. Күніне 30-40 монометрді ретке келтіре аламыз, – деді ол.
Келесі кейіпкеріміз — 35 жастағы электр жабдығының орамаларын және оқшаулауын жөндеу жөніндегі электромонтері — Александра Казачкова энергетика саласында он бес жылдан астам қызмет етіп жүр. Колледжді тәмамдаған соң жас маман бірден энергетика саласына келгенін айтып, бүгінгі күні жоғары вольтты бригадада жұмыс істейтінін жеткізді.
— Бізде электр цехында 2 бригада бар. Атап айтсақ, төмен және жоғары вольтты бригадалар. Мен осы жоғары вольтты бригадада жұмыс істеймін. Яғни, біз 1000 Вольттан жоғары қозғалтқыштарды жөндейміз. Бригадада алты адам, оның ішінде екі әйел жұмыс істейді. Ер адамдар қозғалтқышты бөлшектеумен айналысса, біз сызбаны бөлшектеп, бөлімдерді тазалап, қалпына келтіреміз. Жабдықтар сынақтан өткен соң жөндеудегі қозғалтқышқа салынады. Содан кейін оқшаулау, байлау, яғни қозғалтқышты қалпына келтіру жұмыстары орындалады. Бұл ретте бір қозғалтқышты жөндеуге бір ай уақыт кетуі мүмкін. Мысалы, қазандыққа арналған көмірді ұсақтау үшін қолданылатын диірменде 60 бөлім болады. Оның әр бөлшегін тазалап, қалпына келтіру оңайға соқпайды, – деді А.Казачкова.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.