фильмі көрермендерге жол тартты

Жуырда еліміздің барлық кинотеатрында қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан әрі әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасовқа арналған фильмнің көрсетілімі өтті. Туынды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді.

Майданға ұшақ жасатқан

Қай халық болсын өткен тарихын, ұлтының шежіресін, тарихи тұлға-ларын білуге тиіс. Өйткені, ұлттың болашағы ықылым замандардан бергі жүріп өткен тарихи жолын білу мен сол жолда елі үшін ерлік жасап, еңбек етіп, халқының болашағына үлес қосқан, даңқын асырған тұлғаларын ұмытпай құрметтеп, қадірлеу. Олардың өмір жолдарын жас ұрпаққа өнеге етіп, Отанды сүюдің үлгісі ретінде ұсыну, патриоттық рухтарын қалыптастыру болып табылады.

Қазақ халқының тарихындағы сондай тұлғалардың бірі – өткен ғасырда өмір сүрген тұлға, күрестен әлем чемпионы атағын жеңіп алып, ондаған дүниежүзілік, халықаралық жарыстарда жеңімпаз болған балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы. Даңқты бабамыз — екінші дүниежүзілік соғыс кезінде елдің аймақтарын аралап, өзінің балуандық, күш өнерінің түрлерін көрсетіп, одан түскен қаржыға майданға ұшақ жасатып сыйлаған жан.

Көркем фильмде қазақ халқының абзал перзенті, аты аңызға айналған балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмір жолы баяндалады. Көрермен кейіпкермен бірге өмірге келген күнінен бастап, соңғы күндеріне дейін қиын-қыстау жолдан өтеді. Тарихи оқиғалардың, Азамат соғысының, ашаршылықтың, жаппай террордың, Ұлы Отан соғысының куәсі болады. Ол Қажымұқанның қалайша күрестен әлем чемпионы атанып, әлемге әйгілі болғанын көреді. Ал туған жеріне, туған халқына қанша күш береді. Біздің кейіпкеріміз басынан өткеретін барлық қиындық, кедергілер, жеңістер мен жеңілістер, махаббат пен сатқындық ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық.

10 жыл зерттеген

Фильмнің режиссері Қанағат Мұстафин тарихи фильмнің сценарийіне 2012 жылы кіріскен. Алайда туындының түсірілімі тек 2020 жылы басталған. Фильмді түсірмес бұрын режиссер 10 жылға жуық Қажымұқан Мұңайтпасовтың өміріне жан-жақты зерттеу жүргізген. Атақты балуан туралы фильм түсіру идеясы оған күрескер туралы жазылған еңбектерді оқығаннан кейін келген.

– Бірде көлікте келе жатқанда радиодан Қажымұқанның 140 жылдық мерейтойы екенін естідім. Әкем Құрманғазы Қараманұлы — жазушы. Келе салып, атақты балуан туралы жазылған еңбектерді тауып беруін өтіндім. Әкем екі кітап тауып берді. Соны оқып шықтым. Шын мәнінде, бұған дейін тек мектептік білімім бар екен. Осы шығармалар арқылы оның өмір жолы ауыр болғанын білдім. Сонау заманда Түркия, Франция, Ташкенттен ұсыныс түсіп, сол елде қалуын өтінгенде Қажымұқан байлыққа қызықпай, өз елінің нағыз патриоты болып, елде қалған. Содан оқыған-түйгенімді, идеямды қағазға түсіре бастадым. Бір нұсқасын жазамын, бір жылдан кейін оқысам, ұнамай қалады. Осылайша, 5-6 нұсқасын жасап көрдім. Сөйтіп, алтыншы нұсқасына келгенде Жанат Қасабековті қостым, — дейді Қ.Мұстафин.

Режиссер, сондай-ақ, көркем фильм арқылы қазіргі жастарға және келешек ұрпаққа шетелдердің «Терминатор», «Спайдермен» секілді фильм кейіпкерлерін емес, әлемді өзінің күшімен бағындырған қазақ батыры Қажымұқан секілді тұлғаларға еліктегендерін және олардың жетістіктерін көрсеткісі келген.

– Осыдан шамамен 10 жылдай уақыт бұрын белгілі балуан Маркс Кизикеновпен кездестім. Ол бар ғұмырын Қажымұқанды тануға, зерттеуге арнаған. Кейін балуанның немересі Бақытжан Мұңайтпасовпен сценарий жөнінде ақылдастым. Ол туралы кітаптарда әртүрлі айтады. Аңыз адам ғой. Бір оқиғаның үш түрлі нұсқасы бар. Оны жақсылап зерттедім. Туған жері Темірландағы музейге барып, таққан медальдарын, өзі майыстырған темірлерін көрдім. Азды-көпті тарихты, балуанды білетін жергілікті қариялармен сөйлестім. Түпнұсқа медальдарының дубликатын Алматыда жасаттық. Осылайша, алдын ала дайындық жұмыстарын толық жүргізіп қойдым. Киноны түсіру барысы жеңілдеу болды. Түсірілім еліміздің Қапал, Қарой, Алматыдағы Атакентте, Еуропаның бірнеше елінде өтті, — дейді режиссер.

2000 үміткердің арасынан таңдалған

Балуанның егде және қарттық кезін сомдаған актер Ербол Төлепберген кастингке қатысқан 2000-нан аса үміткердің арасынан таңдалып алынған. Ербол да – алып күш иесі. Оның бойы – 2 метр 10 сантиметр, салмағы – 118 келі. Өзі Өнер академиясында актерлік шеберліктен сабақ береді. Өнер иесі басты кейіпкерді ойнау үшін мамандар әзірлеген арнайы мәзірмен 1,5 жылдай тамақтануға тура келгенін жасырмады. Тіпті, ет жеуге шектеу қойылыпты. Бұлшық етін өсіру үшін бодибилдингпен айналысып, жаттығу залында көп тер төккен. 2,5 ай каскадерлік тәсілдерді үйреніп, фильмде дублерсіз барлық қимылды өзі жасап шыққан.

— Кәсіби актер болсақ та, әр рөлді сомдаудың өзінің қиындығы болады. Әсіресе, тарихтан ойып тұрып орын алатын Қажымұқан атамыз секілді ірі тұлғаның рөлі қажырлы еңбекті талап етті. Дегенмен, өзіме зор тәжірибе болды. Кастинг барысында салмағым 180 келі болды. Бірақ киноға түсетіндіктен 60 келідей тастауға тура келді, — дейді актер.

Фильм режиссері басты кейіп-кердің образын аша алатын актерді табу оңайға соқпағанын айтады. Себебі, кастингке келген үміткерлердің көпшілігі талапқа сай болмаған.

— Қиыны кастинг болды. Өйткені, кастинг директоры Майра Әбдібаеваға бойы 1 метр 95 сантиметрден биік актер болу керек деп талап қойғанмын. Неге десеңіз, Қажекеңнің бойы 1 метр 90 сантиметр болған. Мұндай бойы бар адамды кәсіби актерлерден бөлек, спортшылардың да арасынан іздей бастадық. 6 ай бойы 2 мыңдай жігітті қарадық. Сөйтіп, Т.Жүргеновтің студенті Диас және Ербол Төлепберген екеуі кастингтен өтті, — дейді ол.

Бір қызығы, кинода палуан Қажымұқанның жас кезін Ерболдың туған інісі Диас Төлепберген ойнайды. Ағайынды актерлер бір рөлге кездейсоқ таңдалыпты. Бітімі бөлек Ербол Төлепберген кастингке келгенде фильмге таңдалған актерлердің ішінен өзінің інісі Диастың да фотосын көріп қалады. Режиссер екі актердің тегіне емес, болмыс-бітіміне мән берген екен. Осылайша, ағайынды алыптар Қажымұқан палуанның жас кезі мен егде тартқан шағын ойнап шығады.

Актердің сөзінше, түсірілім барысында білек күші сынға түскен сахнаны түсіру оңай болмаған.

— Қажымұқанның джиу-джитсу бойынша қарсыласы болған жапон палуаны Саракики Джиндофуді өзіміздің әріптесіміз Әшім Ахметов ойнады. Ол да – алпауыт жігіт. Бір-бірімізді көтеріп, түсіріп, қайта-қайта дубльдан-дубль жасау өте қиын болды. Біз ол сахнаны кем дегенде 4 күн түсірдік. Бұл ұзақ сахналардың бірі болды, — дейді актер.

Ұрпаққа — өнеге

Фильмді түсіруге 80-нен астам маман мен 40-қа жуық актер қатысқан. Жоба құны — 600 млн теңге. Француз күресінен чемпион атағын жеңіп алған, аса ауыр салмақта өткен классикалық күресте бүкілодақтық және әлем чемпионаттарының бірнеше рет жеңімпазы атанған тұңғыш қазақ баласының ғұмырын өскелең ұрпақ білу керек.

Айта кетейік, Қажымұқан Мұңайтпасов – француз күресінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ, әлемдік, өңірлік, ресейлік, кейін Бүкілодақтық аса ауыр салмақтағы классикалық күрес чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.