Өңірімізде жалпы 110 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Оның ішінде мереке күндері ғана емес, үнемі қамқорлыққа мұқтаж жандар бар. «Қамқорлық»
айлығы шеңберінде осы санаттағы 7 мыңнан астам адамға әлеуметтік қолдау көрсету жоспарлануда.

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рахимова мәлім етті. Оның айтуынша, биыл халықаралық Қарттар күніне орай облыс көлемінде салтанатты шаралар, мерекелік концерттер мен қайырымдылық марафондар ұйымдастырып, қарттар мен мүгедектерге құрмет көрсетіледі.

– Халықаралық Қарттар күні және Қазақстан Республикасы күніне орай облыстық бюджет есебінен зейнеткерлерге 5 АЕК мөлшеріндегі біржолғы әлеуметтік көмек қарастырылады. Яғни, ең төмен және одан да аз зейнетақы алатын зейнеткерлерге 2 АЕК мөлшерінде,  ал 80 жасқа жеткен және асқан зейнеткерлерге 3 АЕК мөлшерінде төлем аударылады. Бұл көмекпен 17 мыңнан астам зейнеткер қамтылады, – деді Ә.Рахимова. Төлемдер 25 қазанға дейін зейнеткерлердің есепшотына аударылады. Әлеуметтік көмекті алатын зейнеткерлердің тізімі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ арқылы құрылады. Әлия Бекболатқызының айтуынша, қарттарға арналған әлеуметтік көмек еліміздің өзге өңірлерінде де қарастырылған. Жалпы, облыста өмірлік қиын жағдайға тап болған қарттарға жартылай стационар және стационар жағдайында арнаулы әлеу-
меттік қызметтер көрсетіледі. Облыс қалалары мен аудандарының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері 27 үйде қызмет көрсету бөлімшесі болса, ауылдық округтер жанында 14 әлеуметтік қызмет жұмыс істейді. Жыл басынан бастап облыста жақын туыстары елден тыс жерде тұрақты тұруға кеткен және басқа елді мекенде тұратын 3 360 жалғызбасты қартқа үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілді. Сонымен қатар 5 медициналық-әлеуметтік мекемеде 506 қарт адам қамқорлыққа алынған. «Ардагерлер үйі» оңалту орталығында жыл сайын 1 440 адам емделсе, оның 800-ден астамы — қариялар. Зейнеткерлердің денсаулығын сақтау мақсатында «Жемчужина долголетия» демалыс үйінде 5 жылда 6 мыңнан астам мұқтаж жанға әлеуметтік қызмет көрсетілді. 2022 жылдан бастап бұл жоба мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде іске асырылуда. Сонымен қатар, Ақсу кентінде, Екібастұз қаласында қарт адамдардың тәулік бойы тұрақты немесе уақытша (үш айға дейінгі мерзімге) тұруына арналған шағын жинақты пансионат жұмыс істейді.

Т.ӘБІЛДА.