Қарт десе, әркімнің көз алдына өз шаңырағына құт-береке кіргізіп отырған ақ жаулықты әже мен ақ сақалды қария елестері анық. Өкінішке қарай, перзент атаулының бәрі ата-анасын, ата-әжелерін алақандарында аялап отырған жоқ. Кейбір отбасылар оларды масыл көріп, қарттар үйіне тапсырып жатады. Осыған орай, көршілес қырғыз билігі бұл мәселені шешу мақсатында әке-шешесін қарттар үйіне тапсырғандарды түрмеге жаппақ. Заң ата-анасын асыраудан бас тартқан балаларға айыппұл салуды не 1-2 жылға бас бостандығынан айыруды көздейді. Мұндай заң біздің елімізге де керек пе? Енгізсек мәселе оң шешімін таба ма? Бұл сауалдарды «Алаңның» талқысына салып көрдік.

Қарттар үйіне тапсырғандар жазалана ма?

Марина СТРЕЛКОВСКАЯ, Павлодар қалалық қарттар үйінің басшысы:

— Біз орталыққа келген қарттарды қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің шешімімен қабылдаймыз. Онда өтініш берушінің құжаттары толықтай қаралады. Негізі, қарттар үйі тұрғындарының басым көпшілігі – артында іздейтін адамы жоқ жандар. Одан бөлек, қарттар үйінде бала-шағасы бас тартқан ата-әжелер де, бауыр еті баласының көрсеткен қорлығына шыдай алмай келген қарттар да бар. Кейде балалары бар мүгедек адамдарды қабылдаймыз. Бүгінде 278 адам тұрады. Олардың барлығына жан-жақты жағдай жасауға тырысамыз.

Меніңше, қарттар үйіндегі адамдардың жақын туыстары бар болса, олардың безбүйректігі үшін неге мемлекет жауап беріп, шығындалуы керек? Одан да жақын туысқандарына алимент төлету керек. Адам алимент төлемеген болса, оны еш жерге қабылдамайтындай ету қажет. Егер қарттар үйіндегі қариялардың санын көбейтуге тосқауыл қоямыз десек, осындай заңдық қадамдарға барған жөн.

 

Қадыр ӘЖМҰРАТОВ,  қоғам белсендісі:

— Бұл заң жобасының біздің елімізде қолға алынуын құптамаймын. Әрине, ата-ана алдындағы парызын өтеуге әрбір перзент міндетті. Дегенмен, балалары қарттар үйіне тапсырып жатса, ол сол ата-ананың балаға берген тәрбиесінің төмендігі деп санаймын. Отбасынан жылулықты, тәлім-тәрбиені көрмей өскен бала өсе келе ата-анасын қарттар үйіне тапсырмасына кім кепіл? Егер бала кішкентайынан мейрімділікті сезініп, ата-ана қамқорлығына бөленіп өссе, елімізде мұндай жағдайлар болмас еді. Бұл мәселені қоғам болып шешу керек. Мектепте тәрбие сағаттарында ата-ананың қадір-қасиеті туралы сөз қозғалып, терең айтылып жүргенмен, белең алған жат қылық мысқылдап келіп, батпандап бойымызға сіңіп кетпеуі үшін ұлттық тәрбиені күшейту қажет. Яғни, отбасында да, мектепте де ұлттық тәлім-тәрбиені жаңғыртып,  адамгершілік, имандылық, бауырмалдық, мейірімділік, қамқорлық туралы әңгімені күшейтіп, жүректерін жылылыққа толтырып  өсуіне ықпал ету керек. Әрбіріміз өз келешегіміз үшін мейірімді қоғам орнатайық, жылулық сыйлайық,  қарттарымызды құрметтейік!

Жанар Асанаева, Павлодар қаласының тұрғыны:

— Менің ойымша, мұндай заң біздің елде қабылданса да артық болмас еді. Өйткені, қарттар үйінің тұрғындарының қатары жыл санап артқаны байқалады. «Тәрбие беруіміз керек», «Ата-Анаңа қамқорлық таныт» сипатындағы ақыл-кеңестің айтылып жатқанына қаншама уақыт болды?! Оған құлақ асып жатқандар шамалы. Азаятын күн болды ғой. Ақылмен тезге салынбайтын тентектерді қатаң заңмен, көлемді айыппұлмен немесе қамау арқылы түзетуіміз керек шығар. Әрине, тәрбиеге де байланысты. Тәрбиені де әлсіретпеуіміз керек. Қандай жаугершілік заманның өзінде жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған елміз. Бұл – біздің дәстүрімізге қайшы, салтымызда жоқ әрекет. Жастық шақта ата-анаңа не көрсетсең, қартайғанда өз ұрпағыңнан соны көресің. Осыны қазіргі жастар естен шығармаса деймін.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана БОРАНБАЕВА.