Аймағымызға арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Динара Наумова облыс орталығындағы қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған жалпы үлгідегі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барды. Халық қалаулысы мекеменің тыныс-тіршілігімен жіті таныс болып, мұндағы жарымжан және егде жастағы жандармен тілдесті.
Бүгінгі таңда бұл орталықты 273 адам паналауда. Оның 94-і мүгедектігі бар азаматтар болса, қалғаны — қорғансыз қалған қариялар. Олармен кездесіп, жағдайын білген мәжілісмен:
— Осында тұратын қариялармен әңгімелестім. Көрсетілетін әлеуметтік қызметтерге қатысты шағымдар болған жоқ, — деді. Сондай-ақ, ол бұл орталыққа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екенін айтып, оңтайландырудан өткеннен кейін қызметкерлердің жұмысына жаңа серпін берілетінін де алға тартты.
Аталмыш мекеменің қабырғасы 1974 жылы қаланған. Содан бері мүлдем күрделі жөндеу көрмеген. Орталық директоры Марина Стрелковская келесі жылы күрделі жөндеу жасалатынын мәлім етті. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 2 миллиард теңге қарастырылады деп жоспарланған.
— Ғимараттың қасбетін, шатырын толықтай ауыстырып, жеделсаты орнатамыз деген жоспар бар. Осында тұрып жатқан қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарды бөлек бөлмелерге орналастыру қажеттілігі туындап отыр. Яғни, бөлмелер оңтайландырылады. Әркімнің жеке бөлмесі болатындай етіп жағдай жасаймыз, — дейді мекеме директоры. Оның айтуынша, жөндеу жұмыстарынан кейін қарттар үйінде оңалту бөлмелері, паллиативтік бөлімше ашылып, функционалдық кереуеттер, басқа да қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмек.
— Осы мекемеде физиотерапевт, невропатолог, хирург, дерматолог сынды дәрігерлер алғашқы көмек көрсетеді. Ал медициналық көмек көрсету бойынша №4 емханамен шарт жасасқанбыз, – дейді Марина Стрелковская.
Депутат Динара Наумова орталықты оңтайландыру ісін қолдайтынын жеткізді.
— Бұл бағыттағы жұмыстар оң нәтиже береді деген үміттеміз. Оңтайландырудан кейін осындағы қарттар мен мүгедектігі бар жандар бөлек бөлмелерге орналасып, сапалы медициналық көмек, әлеуметтік қолдау алатын болады. Жалпы, мемлекет үшін бұл мәселенің маңызы зор. Қарттар мен жарымжан жандардың жағдайына қатысты сұрақтарды Мәжіліс деңгейінде көтеру керек, — деді ол.
Сонымен қатар, халық қалаулысы қарттар үйі жөнделгеннен кейін Павлодарға арнайы келіп, жұмыс барысын бақылайтынын тілге тиек етті.
Сапар барысында Динара Наумова облыстық балаларды оңалту орталығына да бас сұғып, жеткіншектерге көрсетілетін қызмет түрлерімен танысты.
— Мекеме ақыл-ой дамуында ақауы бар және аутист балалармен жұмыс істейді. Бүгінгі қоғамда осындай балғындар санының артуы үлкен мәселеге айналып отыр. Оларды оңалту, жаңа ортаға бейімдеудің маңызы зор. Осы бағытта мамандар көп еңбектеніп, жақсы жұмыс атқарып жатқаны байқалады, – деді депутат.
Сондай-ақ, ол мұндай балалармен жұмыс істейтін әдіскерлер жеткіліксіз екенін айтып, бұл сұрақты назарына алатынын мәлімдеді.
Айта кетерлігі, қазіргі таңда аталмыш оңалту орталығында 75 қызметкер еңбек етеді. Мекеме басшысы Әзіл Манабаевтың сөзіне қарағанда, мекемеге 100-ден астам бала келіп, тиісті көмек алуда.
Орталық былтыр күрделі жөндеуден кейін ашылған. Мұнда бүлдіршіндердің тез сөйлеп, қатарға қосылуы үшін Назарбаев университетінің ғалымдарымен интеграцияланған роботтар жұмыс істейді. Сенсорлық және керамикалық шеберханалар, арнайы жабдықталған бөлме-
лер де бар екенін айта кеткен жөн.
Бұдан кейін депутаттың жұмыс сапары Павлодар қаласындағы Жастар бастамаларын дамыту орталығында жалғасын тапты. Депутат белсенді жастармен кездесіп, мәселелеріне құлақ түрді.
Н.АҚЫТЕГІ.
Суреттті түсірген — Константин Шелков.