1 қазан — Халықаралық қарттар күніне орай Ақтоғай ауданы Өтес ауылында жергілікті ардагерлерді құрметтеу шарасы өтті.
Ауылдық мәдениет үйі, мектеп және шағын орталық қызметкерлері бірлесіп ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелеріне арнап ақ дастархан жайды. Дастархан басында осы ауылдың көркеюіне сүбелі үлес қосып, бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отырған ауыл тұрғындарына алғыс білдірілді. Мысалы, Қадиша Мыңғышева – ауылда ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеген, білім беру ісіне еңбегі сіңген ұстаз. Оның алдынан әріп таныған талай түлек бүгінде өмірден өз орнын тауып, еңбек етуде. Ардагерлер өз кезегінде еліміздің ертеңі бейбітшілікте және осы жас ұрпақтың қолында екенін атап өтті. Ауыл ақсақалы Тілен Көшкенбаев пен Сағат Адалболовтар ұйымдастырушыларға ашық көңілдері үшін ризашылығын білдірді. Еліміздің ертеңі жарқын болсын деп баталарын берді.
Өз тілшіміз.