Өткен жылы көктем мезгілінде елімізде алапат су тасқыны орын алғаны белгілі. Табиғи апаттың салдарынан бірталай ауылдарды су басты. Биыл мұндай жағдайға тап болмау үшін облыс билігі көктемгі су тасқынына қарсы шараларды жан-жақты пысықтауда. Аймақ басшылығы су басу қаупі бар аудан-ауылдарды аралап, тасқынға қарсы жұмыстың дұрыс үйлестірілуіне ерекше мән беруде.
Қай елді мекендерге қауіп бар?
Мезгіл мәселесі бойынша ақпан айының басында облыс әкімдігінде арнайы жиын өтіп, тиісті тапсырмадан кейін су тасқыны қаупі бар деген Ақтоғай, Ертіс және Павлодар аудандары тексеріліп, арнайы қызметтер мен құралдардың, арнайы техникалардың дайындығы пысықталған болатын.
Өткен аптада облыстық жедел штаб Баянауыл ауданындағы жағдайды тексерді. «Қазгидромет» облыстық филиалының мәліметінше, бұл ауданға жауған жауын-шашынның мөлшері — 60 мм, топырақтың қату көрсеткіші 67 см-ді құрайды. Ал жауған қардың биіктігі — 21 см. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 см-ге артық. Таулар мен далада жиналған қар қорынан басқа, ауданға көршілес орналасқан Қарағанды облысынан да су келеді.
— Ауданда су басу қаупі бар 17 елді мекен бар. Жағдай ушыққан сәтте жедел әрекет ету үшін 29 көлік құралы, 38 мотопомпа, 20 автобус, 10 мың құм толтырылған қапшық, 20,8 мың литр жанар-жағармай, 1315 тонна инертті материал қоры әзірленді. Ауданның автожолдарындағы 378 су өткізу құбыры қардан тазартылады. Елді мекендерден 2625 тонна қар шығарылды, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, — дейді Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев.
Бұдан бөлек, облыс әкімдігімен ауданның Қ.Сәтбаев, Ұзынбұлақ, Жаңажол және Жаңатілек ауылдарында лиманды суару жүйелерін қайта жаңарту бойынша жобалар іске асырылуда. Жоба Айдос, Қарасу, Ащысу өзендерінен келетін тасқын суларды жинақтауға және оларды лимандардың суармалы алқаптарына жіберуге бағытталған. Бұл өз кезегінде су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін көктемгі су тасқыны кезеңінде қиындықтар тудырған Жаңатілек және Қаратомар ауылдық округтеріне апаратын Қарашат-Жаңа-Жайма бағытындағы жол учаскесінде ұзындығы 1,7 км айналма жол салынды. Аталған бағытта көлік қозғалысында қиындықтар орын алатын. Сондай-ақ, республикалық маңызы бар Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ульянов тас жолының 101-105-ші шақырымдарында «Қазавтожол» АҚ филиалы темірбетонды үш көпір салды. Бұл жұмыс еріген қар суының ауылдарға кірмей, көпір арқылы өтуіне мүмкіндік береді. Мұндағы су өткізгіштер толығымен жаңартылды.
2025 жылы Көкдомбақ ауылында Ащысу өзені арқылы көпір салу жоспарлануда. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Ауданды аралау барысында «Ескелді-Жаңажол» тас жолының «Ақтасты» учаскесіндегі көпір де тексерілді. Мұнда еріген қар суы 11 су өткізу құбыры арқылы ағып өтеді.
Барлық қамды жасау қажет
Жедел штаб өткізілген іс-шара-лардың сапасын бағалап, елді мекендерден қарды жүйелі түрде шығаруды, 1 наурызға дейін жолдардағы барлық су өткізетін құбырларды ашуды және көктемгі су тасқынынан болатын залалды болдырмау үшін барлық алдын алу шараларын қабылдауды тапсырды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Рүстембек Әмрин өңірдің барлық аумағына 100 пайыз қар түскенін, топырақтың ылғалдылығы 60 пайызға жеткенін айтады. Қардағы судың мөлшері нормадан 7 пайызға артқан.
— Қазіргі уақытта құтқару және коммуналдық қызметтердің дайындығы қатаң тексерілуде. Ауа райына үздіксіз мониторинг жүргізіліп, су тасқыны кезеңіне қарсы тұруда қажетті материал қоры әзірленуде. Азаматтық қорғау қызметінің де дайындығы бақы-лауға алынған. Су басу қаупі бар аудандарды аралап, олқылыққа жол бермеуде тиісті тапсырмалар берілуде.
Аймағымыздағы ахуал климаттық жағдайға тікелей байланысты. Күннің күрт жылып, қардың тез еруі, еріген қар суының топыраққа сіңіп үлгермеуі кейін ойпатты учаскелердің су басуына әкелуі мүмкін. Бұдан бөлек, Абай, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарындағы су деңгейі де өңірдегі жағдайға әсер етуі ықтимал. Осы жағдай-лардың бәрі бақылауда болады. Бүгінде облысымызда Ақтоғай және Баянауыл аудандары қауіпті аймаққа жатады, — дейді Р.Әмрин.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Аққулы ауданындағы жағдайды білген болатынбыз. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ш.Адалболов былтыр Аққулы-Баймолдин бағытындағы жолдың маңында жиналатын еріген қар суын басқа арнаға бұру үшін ұзындығы 200 метр, ені 2 метр болатын су арнасы салынғанын айтты. Биыл жол төсемін көтеруді, су өткізу құбырын орнатуды қажет ететін Аққулы-Қазы бағытындағы жолдың 0-15 шақырымын жөндеу жоспарланған.
Жыл сайын Ертіс өзенінде су тасыған кезде Аққулы ауданының солтүстік бөлігі ерекше назарға алынады. Был Шүлбі су қоймасынан 10 сәуір мен 5 мамыр аралығында су жіберілді. Сол уақытта ауылдарда үйінділер жасалып, үйлердің айналасындағы үйінділер жаңартылды.
— 2025 жылы су тасқыны кезеңінде су басу қаупінің алдын алуда облыстық төтенше жағдайлар департаменті арнайы жоспар бекітті. Табиғаттың тосын мінезіне дайын болу үшін инертті материалдар қоры мен 2 мыңнан астам құм толтырылған қапшық әзірленді. Жанар-жағармай қоры жеткілікті. Қарғын судың әлегіне қарсы тұруда 84 адам мен 35 техника жұмылдырылады. Ауданда жолды қардан тазарту жұмыстары жүргізілуде, — дейді Ш.Адалболов.
Қазақстанның ұлттық гидро-метеорологиялық қызметі биыл еліміздің 11 облысы көктемгі су тасқынынан зардап шегуі мүмкін деген болжам жасады. Қауіп төніп тұрған аймақтардың ішінде Павлодар облысы да бар. Жоғарыдағы дайындық жұмыстарының күшейтілгеніне қарап, биыл былтырғы жағдай қайталанбайды деген үміттеміз.
Айдана ҚУАНЫШЕВА