Қар суынан қатер бар ма?

Ақп 6, 2025

Биыл еліміздің 11 облысы көктемгі су тасқынынан зардап шегуі мүмкін. Мұндай болжамды Қазақстанның ұлттық гидрометеорологиялық қызметі жасады. Сараптама кезінде ауа райы, ылғал мөлшері, жердің беткі қабатының қату қалыңдығы ескерілген.

«Қазгидромет» бұл болжамның су тасқы-нының орын алу ықтималдылығы бойынша күндерді есепке ала отырып, алдын ала жасалғанын атап өтті. Нәтижесінде Батыс, Солтүстік, Шығыс Қазақстан, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Атырау, Ұлытау және Павлодар облыстарында су тасқыны қаупі жоғары екені анықталды.  Дегенмен бұл нақты болжам емес. Ауа райына байланысты қауіпті аймақтардың тізімі өзгеруі де мүмкін деді синоптиктер.

Өткен жылы еліміздің 10 облысы су тасқынынан зардап шеккен болатын. Қарғын судың құрсауында қалған ауылдар, су басқан үйлердің санында шек болмады. Табиғи апат аймағымызды да айналып өтпеді. Биыл да былтырғы жағдай қайталануы мүмкін. Сондықтан табиғи апаттың алдын алуда дайындық жұмыстарын күшейткен абзал.

Аймағымызда жауапты мекемелер бейқам отырған жоқ. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінде техника мен жеке құрамның көктемгі су тасқынына дайындығы пысықталды. Шара барысында 179 қызметкер, 64 бірлік техника, 59 мотопомпа, 4 бірлік жүзу құралы және 3 вахта автобусының әзірлігі назарға ұсынылды. Су тасқыны кезінде жағдай өршіген кезде жергілікті атқарушы органдар мен полиция, жедел жәрдем, еріктілер мен өзге де мекемелер жұмылдырылатын болады. Бұл ретте аймақ бойынша 1600 адам, 650 инженерлік техника, 34 жүзу құралы, 266 мотопомпа, халықты эвакуациялауға арналған 184 бірлік техника жұмылдырылатын болады.

— Қазіргі уақытта су басу қаупі бар учаскелер департамент мамандарының ерекше бақылауына алынған. Аймағымыздағы ахуал климаттық жағдайға тікелей байланысты. Күннің күрт жылып, қардың тез еруі, еріген қар суының топыраққа сіңіп үлгермеуі кейін ойпатты учаскелердің су басуына әкелуі мүмкін. Бұдан бөлек, Абай, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарындағы су деңгейі де өңірдегі жағдайға  әсер етуі ықтимал. Осы жағдайлардың бәрі бақылауда болады. Бүгінде облысымызда  Ақтоғай және Баянауыл аудандары қауіпті аймаққа жатады, —
дейді департамент өкілдері.

Жуырда төтенше жағдайлар департаментінің мамандары  «Қазгидромет» АҚ облыстық филиал өкілдерімен бірлесіп, су тасқыны қаупі бар аумақтарды толық тексерген. Бұл ретте Ақтоғай ауданында Қожамжар, Мүткенов, Жалаулы, Әуелбек, Баянауыл ауданындағы Көкдомбақ, Қаныш Сәтбаев, Мұса Шорман елді мекендері зерттелді. Су тасқыны кезеңін бағалау және болжау үшін «Қазгидромет» мамандары Ақтоғай және Баянауыл аудандарында топырақтың қату көрсеткішін, жауын-шашын мөлшерін және қардың түсу деңгейін назарға алды. Елді мекендер мен автожолдарды тексеру нәтижелері бойынша жауапты мекеме өкілдеріне тиісті ұсынымдар берілді. Яғни су өткізу құбырларын уақытылы ашу және шалғайдағы елді мекендерде қар үйіндісіне жол бермеу мәселелері жүктелді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.