Күннің жылынуымен бірге өрт қауіптілігі артады. Сондықтан, биліктегілер жауапты органдардың күш-қуатын, құрал-техникасын түгендеп, дайындықты пысықтауда. Осы ретте, табиғи өртпен бірге қасақана от қою оқиғаларының жолын кесу де назарға алынбақ. Нақтысы, жайылымдардағы ескі шөпті өртеуді әдет қылғандармен күрес күшеймек.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында айтылды. Аймақ басшысы Асайын Байханов жыл сайын орын алатын мұндай оқиғаларға жол бермеуді қатаң тапсырды. Облыстық полиция департаменті басшылығына төтенше жағдай жөніндегі құзырлы органмен, жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, мәселені бақылауға алуды жүктеді. Облыс әкімі жайылымдық жер иелерінің жауапкершілігінің төмендігінен жыл сайын осындай әрекетке баратынын атап өтті.
– Жерді пайдаланушылар өзен суы жайылғанға дейін ескі шөпті өртеп жібереді. Бұл жағдай жыл сайын қайталанып келеді. Бірақ олар мұндай әректетерімен табиғатқа орасан зиян келтіріп жатқандарын ойламайды. Өртеуден топырақтың өзіне, ондағы тіршілік иелеріне, құстың ұяларына дейін залалын тигізеді. Түтіні экологияға кері әсер етеді. Сондықтан, бақылауды күшейту, түсіндіру жұмыстарын арттыру керек, – деді А.Байханов.
Тіпті, бұл жұмыстарға дрондарды қолдануды тапсырды. Сонымен қатар, аудан-қала әкімдеріне ауылдық елді мекендерде құзырлы органдармен бірлесіп, алдын алу үшін кешенді жоспар түзуді тапсырды. Жиында саяжайлар аумағындағы өрт қауіпсіздігіне назар аударылмақ. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығы Рустамбек Әміриннің айтуынша, саяжай шаруашылықтарында өрт оқиғалары жиілеген. Облыс әкімі бұған дейін әкімдікте өткен өрт қауіптілігі кезеңіне дайындық жиындарында аймақтың үш қаласы әкімдеріне саяжай учаскелерін күл-қоқыстан, қураған шөптен тазартуды тапсырған. Бұл ретте, қараусыз қалған саяжай учаскелерінде жағдай қиын көрінеді. Мәселен, Ақсу қаласындағы саяжай телімдерінің 71 пайызы қараусыз. Облыс әкімі аталған мәселені біржақты етуде алдағы уақытта бюджеттен қаржы бөліп, реттеу мүмкіндіктері қарастырылатынын айтты.
Аймақта жасыл орманды өрттен қорғау басты назарда. Департамент бастығы Рустамбек Әмірин бұл бағытта кешенді іс-шаралар қолға алынғанын мәлімдеді. Осы орайда, заманауи технология көмегі тиіп жатқан көрінеді. Мәселен, геосервистер арқылы ғарыштан тәулік бойы мониторинг жүргізіледі. «Ертіс орманы» резерватында бейнебақылау камералары жұмыс істеп тұр. Онда да онлайн үздіксіз бақылау. Қазіргі таңда мұндай құрылғылар «Баянауыл» ұлттық паркіне орнатылуда. Мамырға дейін іске қосылады деп күтілуде. Облыс әкімі А.Байханов бұл жұмыстарды өрт күшейетін шаққа жеткізбей жылдамдатуды тапсырды. Жалпы, мамандар бейнебақылау тиімділігін көрсеткенін айтады. Сонымен қатар, департамент жылдам әрекет ету үшін ауылдық елді мекендер, өрт сөндіру станциялары, орман шаруашылықтарының бекеттері орналасқан жері, өрт сөндіру көліктеріне су толтыратын орындар көрсетілген карта әзірлеген. Төтеншеліктердің айтуынша, өрт сөндіру және тұтану деректерін анықтауда ұшқышсыз ұшатын аппараттардың пайдасы айқын аңғарылған.
Аудан-қалаларда құрылған 49 мобильді топ өрт қауіпсіздігін қадағалауда. Бүгіннің өзінде 4 заң бұзушы анықталған. Температураның күрт көтерілуінен 2 өрт оқиғасы тіркелген. Оған ауыл шаруашылығы мақсатында заңсыз өртеу жағдайлары себеп болған. Мәселен, Аққулы ауданында осындай әрекетке барған шаруа жауапқа тартылды. Аймақ басшысы қауіп төндірген азаматтарды қатаң жауапкершілікке тарту қажеттігін айтты.
Жалпы, облыста 468 мың гектар орман қоры аумағы бар. Оның 127 мың гектары жергілікті атқарушы органға қарасты. Соның ішінде 92 мың гектары орманмен көмкерілген. Олар аймақтағы үш орман шаруашылығына тиесілі. Биыл олардың материалдық-техникалық базасы 20 пайызға жақсара түскен. Облыс бюджеті есебінен 28 трактор, 17 арнайы кешен, патрульдеуге арналған 19 автокөлік, 42 трицикл, 5 текше метрлік су сыятын 2 автоцистерна алынған. Осылайша, үш орман шаруашылығының өрт қауіпсіздігіне дайындығы орта есепке шыққан. Былтыр орта есептен төмен болған көрінеді.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.
