Қатерлі ісікті технология анықтайды

Қыр 18, 2025

Павлодар облыстық онкологиялық диспансері директорының орынбасары Әсел Асқарованың айтуынша, биыл 8 айдың ішінде 36 мыңнан астам емделуші медициналық көмек алған. Стационар 205 орынға шақталған. Оның ішінде 50 орын күндізгі стационарға арналған. Қазіргі уақытта қатерлі ісік ауруын емдеуде заманауи технологиялар қолданылады. Онкодиспансерде «Revolution EVO» компьютерлік томо-графы, «SIGNA Creator» магниттік-резонанстық томографы, «Varian Medical Systems» компаниясының КТ-симуляторы бар сызықтық үдеткіші орнатылған. Бұл жабдықтар қатерлі ісікке қарсы жоғары технологиялы сәулелік терапия жүргізуге мүмкіндік береді.

— 2025 жылдың қаңтар айынан бастап «Орда Мед Павлодар» ЖШС-мен бірлесіп, онкологиялық диспансердегі МРТ аппаратының жұмыс станциясына жасанды интеллект енгізілді. Бұл бейнелердің сапасын арттыруға, зерттеу уақытын қысқартуға мүмкіндік берді. МРТ зерттеулерінде гадоксет қышқылы қолданылады. Бұл әдіс бауырдағы әртүрлі жаңа түзілімдерді дәл анықтай алады. Қазан айының басында онкологиялық диспансер базасында Астана қаласынан шақырылған рентгенолог дәрігердің қатысуымен гадоксет қышқылын диаг-
ностикалық тәжірибеде қолдану бойынша шеберлік сабағы өтеді, — дейді Әсел Тоқмағанбетқызы.

Онкодиспансерде PACS жүйесі — DICOM бейнелерін сақтау және жіберу жүйесі енгізілді. Жаңа технология сүт безі обырын скринингтік тексеруден өткізу кезінде маңызды. Яғни, барлық маммографиялық суреттер PACS бағдарламасы арқылы өңделіп, нәтижені алу мен диагноз қою жүйесін жеделдетеді.

Мамандар онкологиялық аурулардың алдын алуда скринингтік тексерулердің маңызы зор екенін айтады. Онкологиялық диспансер-
дің диспансерлік бөлімше меңгерушісі Сергей Бори-сенконың сөзінше, биыл
8 айдың ішінде онкологиялық ауруларды ерте анықтау бойынша скринингтік жоспар 65,9 пайызға
орындалған. Зерттеу кезінде 87 қатерлі ісік жағдайы анықталды. Сүт безі обырын анықтау бойынша 36 мыңнан астам әйел тексеруден өтіп, 62-сінде жаман ауру белгілері расталды.

Жатыр мойны обыры бойынша жоспарлы 27 мыңнан астам әйел скринингтен өтіп,  7 әйелден қатерлі ісік анықталған.  Бұдан бөлек, онкологиялық диспансер базасында Ашық есік күндері өткізіледі. Жыл басынан бері осы бағытта 6 ауқымды шара ұйымдастырылып, 500—ден астам адам дәрігерлерден кеңес алған. Мамандар жүргізген тексеру кезінде 4 адамның қатерлі ісікке шалдыққаны расталып,
129 адамнан басқа аурулар анықталған.

— Ағымдағы жылдың 7 айы ішінде онкологияға шалдығу көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 308,3-ті құрайды. Бұл — 2024 жыл-
дың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,8 пайызға төмен. Аймақта сүт безі обыры көш бастаған. Екінші орында колоректальді қатерлі ісігі, үшінші орында өкпе ісігі, төртінші орында асқазан ісігі, бесінші орында жатыр мойны обыры тұр.  Биыл 8 айдың ішінде колоректальді қатерлі ісікті анықтау мақсатында 42 мыңға жуық науқас скринингтен өтті. Нәтижесінде 18 адамның жаман ауруға шал-
дыққаны белгілі болды. Ерте диагностика — обырдың алдын алып, адам өмірін ұзартуға мүмкіндік сыйлап отыр, — дейді Ә.Асқарова.

Атап өтерлігі, жақында 11 қазан күні сағат 10.00-де Павлодар қаласындағы орталық жағалауда  «Қазан — қызғылт ай» науқаны ұйымдастырылмақ. Қатерлі ісікпен күресуге бағытталған ауқымды шара аясында әйелдер мен ер азаматтар 5 және 10 км қашықтықта жүгіру марафонына қатысады. Жарыс соңында жеңімпаздар марапатталады. Дәрігерлер қауымы қала тұрғындары мен қонақтарын аталмыш науқанға қатысуға шақырады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.