Облыс орталығындағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығында мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Олардың қиындықсыз қатынауы үшін инватаксилер сатып алынбақ. Енді қажеттілікке мұқтаж қала тұрғындары керек жерлеріне әп-сәтте жете алады.
Шара «Халық банктің» 100 жылдық мерейтойына арналған «Халықтан 100 игі іс» акциясы аясында өтті. Оған Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева да қатысты.
— Павлодар қаласының басшы-лығы атынан «Халық банкінің» өкіл-деріне алғысымызды білдіреміз. Аталмыш мекеме қашан да игі істерімен ерекшеленеді. Олардың 100 жылдық мерейтой аясында азаматтарымызға сый-сыяпат жасап жатқаны көңіл қуантады. Мүгедектер мен тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдардың да белсенді өмір сүргенін, олардың үйден жүріп тұруға мүмкіндігі болғанын қалаймыз. Мұны енді белсенді ұзақ өмір сүру орталығына берілетін автокөліктің арқасында жасауға болады, — деді С.Гладышева. «Халық банкінің» Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Ернар Айтжанов банк ұйымдастырған республикалық акция Қазақстанның 13 облысында өтіп жатқанын айтты.
— Павлодарлық белсенді ұзақ өмір сүру орталығына жүріп-тұруы шектеулі адамдарға арналған Invataxi сертификаты берілді. Олар алдағы уақытта орталыққа келу мүмкіндігіне ие болады. Қаңтар айының басында келетін 9 кісілік көлік ыңғайлы гидравликалық жүк көтеру құрылғыларымен және орындық бекіткішімен жабдықталған. Олар барлық мүмкіндігі шектеулі жанға әлеуметтік қажетті инфрақұрылымға толық қол жеткізуге мүмкіндік береді, — деді ол. «100 игі іс» науқаны аясында тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға ғана емес, сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарына, балалар үйлері мен мектеп-интернаттарының балаларына да көмектеседі. Айта кетейік, жаңа көлік Қазақстан бойынша 13 қаланың әкімдіктері жанындағы тиісті мем-
лекеттік органдарға ұсынылады.
Айдана БОРАНБАЕВА.