6 сәуірде өңірде өртке қарсы қауіпті кезең басталады. Яғни, бұл уақыттан бастап орман алқаптарында қызыл жалынның алдын алу жұмыстары күшейе түседі. Алайда аймақтағы басты орман қорлары – «Баянауыл» ұлттық табиғи паркі мен «Ертіс орманы» резерваты бұл кезеңге дайын болмай шықты. Осы және өзге де орманшылықтарда басқасын былай қойғанда орман өрті станциялары жоқ.
Бүгінде Павлодар облысының аумағында 479 мың гектарды алып жатқан орман қоры бар. Былтыр осы аумақта барлығы 101 орман өрті болып, тілсіз жау 109 гектар аумақты шарпыды. Салдарынан мемлекетке 5 млн 800 мың теңге көлемінде шығын келді. Мамандардың талдауы нәтижесінде орман өртінің басым бөлігі, яғни 87 жағдай найзағайдың түсуінен шыққаны анықталды. Жалпы, былтыр оқыс оқиғаның жалпы саны 55 пайызға көбейгенімен, қызыл жалын жалмаған аумақ айтарлықтай азайды.
Енді орманшылықтар биылғы кезеңге сақадай сай болуы тиіс. Бірақ облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Шамиль Елубаевтың айтуынша, орманшылықтар әзірліктерін саралайтын арнайы қағидалар бекітілген. Соған сәйкес, техникалардың, арнайы жұмыс жоспарының, жанар-жағармай қорының, байланыс құралдарының, өрт сөндіру станциясының болуы ескеріледі.
— Әкімдікке қарасты үш орманшылықта техникаға қатысты айтар сын жоқ. Былтыр да, биыл да орманшылықтарға арнайы техникалар сатып алынды. Жанар-жағармай қоры, жұмыс жоспары дайын. Бірақ кемшіліктер де бар. Айталық, байланыс құралдарымен қамтылғанымен, олар жүйеге әлі қосылмай, бір жолға қойылмаған. Басты мәселе – орман өрті станцияларының болмауы. Техникалар сатып алынғанымен, олар ашық аспан астында тұр. Жылы көлік тұрағы, метеостанциясы, өрт сөндірушілердің демалыс аймағы, кабинеттері бар станция болуы тиіс. Мұндай кешен былтыр тек Көктөбе орманшылығында ашылды. Ал қағидаларға сәйкес, барлығында салынуы керек. Алайда қаржыландырудың болмауы салдарынан бұл іс әлі кенжелеп келеді. Алдын ала есептеулер бойынша, орман өрті станцияларын салу үшін орта есеппен 80-90 млн теңге керек, — деді Ш.Елубаев.
Орманшылықтарда кадр мәселесі де өткір тұр. Алқаптарда шығуы мүмкін қызыл жалынмен арпалысатын өрт сөндірушілер штаттық қызметте, тұрақты жұмыста болуы тиіс. Алайда арнайы станцияның болмауы, білікті мамандардың аздығы салдарынан олардың көбі тек маусымдық жұмыспен шектеледі. Яғни, ерте көктемнен қара күзге дейін ғана жұмыс істейді.
Ал бұл ретте төтенше жағдай саласы қызметкерлерінің міндеті күшейе түсті. Бүгінде олар су тасқынының алдын алуға бағытталған шараларға жұмылдырылды. Сондай істердің бірі Ақтоғай ауданындағы Сілеті өзенінде жүргізілді. Мұндағы мұзды жару арқылы ауылды су басу қаупін сейілтті.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Қасымовтың сөзінше, осы іспетті «жарылыстардың» экологияға тигізер әсері бар.
— Әлбетте, мұзды жару жұмысының судағы балықтарға, өсім-діктер мен басқа да жануарларға ықпал етуі мүмкін. Бірақ мұндай істердің барлығы экологтардың нұсқамасымен жүргізіледі. Кейін олар сынамалар да алады. Биылғы жұмыстан соң алынған сынама нәтижесі алдағы күндері белгілі болады, — деді Е.Қасымов.
Сондай-ақ, жұқа мұзға балық аулауға шығатын тұрғындар, мұз үстімен жол қысқартпақ болатын жүргізушілер де экологияға зиянын тигізбей қоймайды. Айталық, жыл басынан бері Екібастұз қаласында үш көлік мұз астына түсіп кеткен. Сол арқылы ауызсу, шаруашылық мақсатында қолданылатын су жанармаймен ластанды. Бұл үшін оларға 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Ерлан Қасымов табиғатқа залал келтірмеу үшін барлық сақтық шараларын ескеруге шақырды.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
