Қауіпті ойындардан қорғанайық!

Қыр 18, 2025

Қазақстанда қауіпті ойындарға қарсы күрес жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқанымен, әлі де қорқыныш сейілмей тұр. Себебі, интернет желісі көпшілікке  қолжетімді болған сайын оның пайдасымен қатар, зияны да тиюде. Әсіресе, жеткіншектер зардап шегіп жатқан жайы бар. Балалардың құқығын қорғау комитетінің өкілдері жақында тағы да жаңа зиянды ойындар пайда болғанын айтып, дабыл қағуда. Оның алдын алу үшін қайтпек керек? Жас ұрпақты қауіпті ойыннан қорғаудың жолы қандай?

Атүсті қарауға болмайды

— Шыны керек, бүгінгі таңда ұялы телефон ұстамайтын оқушы кемде-кем. Ал олардың не көріп жүргенін күнделікті бақылап отыратын ата-аналар да аз. Соның салдарынан қауіпті ойындардың қармағына ілініп, түрлі жағдайларға тап болып жатқан жеткіншектер қатары артуда, дейді мамандар. Кейбір ата-аналар бұған мән бермесе, енді біреулері бірден тығырықтан шығар жол іздеуде. Солардың бірі – Павлодар қаласының тұрғыны Жанна Сержанқызы:

— Жалғыз ұлыма қалауы бойынша қымбат телефон сатып алып бердім. Бірақ кейін бұл әрекетіме қатты өкіндім. Себебі, соңғы бір жылдың ішінде баламның мінез-құлқы  өзгеріп шыға келді. Бұрынғыдай бізбен әңгімелеспейді, сабаққа мүлдем ынтасы жоқ, сәл дауыс көтерсек ашуланып, жылап қалады. Ең сорақысы, қатегез, қайырымсыз болып бара жатқанын байқадым. Бұрын кішкентай қарындасына жаны ашып, сүйеу болып жүруші еді. Қазір аяушылық деген сезім жоқ. Керісінше, бәрімізді ренжітуде. Мұндай өзгерістерден кейін баламды психологқа апардым. Ол бұл жағдайға телефондағы қатыгез ойындар әсер етуі мүмкін екенін айтып, баламен жұмыс жүргізуде. Бұл батпақтан баламды шығарып алу үшін бірнеше ай бойы псхолог, психиатрлардың есігін тоздырып жүрмін, — дейді. Дәл осындай жағдайды басынан кешіріп жатқан қаншама ата-ананың бар екені беймәлім. Алайда психологтар баласының мінез-құлқындағы өзгерістерді көріп тұрса да мән бермейтін ата-аналардың да бар екенін айтып, мұның  соңы жеткіншекті қылмыс жасауға дейін апаруы ықтимал екенін ескертуде. Сол үшін балаларды бақылауда ұстаудың маңызы зор, дейді мамандар.

— Әр ата-ана баласына үнемі көңіл бөліп, не істегенін, кімдермен ойнағанын сұрап, күнделікті әңгімелесіп отырғаны жөн. Өкінішке қарай, қазіргі ата-аналардың көбі балаларымен ашық сөйлеспейді. Жұмыстан қолдары босамағанын, уақыттары жоғын айтып ақталып жатады. Үлкендер тарапынан бақылау болмаған соң жеткіншектер де телефоннан неше түрлі ойын ойнап, мультфильмдер көріп, ондағы кейіпкерлерге еліктеп, қалай өзгергендерін өздері де аңғармай қалады. Себебі, балалардың миы көзбен көргеннің бәрін бірден қабылдайды. Ненің жақсы, ненің жаман екенін айыра алмайды. Сондықтан ата-ананың бақылауы ауадай қажет. Әйтпегенде, немқұрайлылықтың салдарынан бала өміріне түрлі қауіп төнуі мүмкін, — дейді павлодарлық психолог Катя Абылай.

Мамандар бұл бағыттағы жұмыстарды ата-анамен қатар, мектеп пен құқық қорғау органдары да бірлесіп жүргізгені жөн екенін айтуда. Бұл ретте, облыстық білім беру басқармасының өкілдері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік желілерге, әртүрлі қауымдастық аккаунттарына, танысу сайттарына мониторинг жасалып тұратынын алға тартуда. Сонымен қатар, аймағымыздағы білім беру мекемелеріне оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бейне, аудиороликтер мен жадынамалар әзірленіп, таратылған. Бұдан бөлек, смартфондардың зиянды тұстары, қауіпті ойындардан қорғану, интернет алаяқтардан сақтану жолдары және басқа да қауіпсіздік шаралары жайлы сынып сағаттары жиі өткізілуде, дейді білім беру басқармасының мамандары.

Атап өтерлігі, қазақстандық балалардың қауіпсіздігі үшін құқық қорғау органдары тарапынан да тиісті жұмыстар қолға алынып жатқанын білеміз. Тек өткен жылы ҚР Бас прокуратурасы
15 мың зиянды сайт пен сілтемені бұғаттаған екен. Соған қарамастан интернеттегі қауіпті ойындардан төнетін қауіп әлі де жоқ емес.

Комитет кеңесі

Соңғы кезде балаларға арналған онлайн платформалар, атап айтқанда, «Roblox» сынды танымал ойындар әлемге кең таралуда. Бұл жағдай бірқатар мемлекеттерде сот процестеріне себепкер болуда екен. Құқық қорғау органдарының өкілдері мұндай ойындардың артында ойыншылардың атын жамылып алып балаларды алдап, жабық чаттарға шақыратын қылмыскерлер тұруы мүмкін деген болжам жасауда.

Мамандардың сөзінше, «Roblox» — әлемдегі ең танымал балалар ойындарының бірі болып табылады. Оған тіркелу оңай. Оны ойнағандар жеке әлем құрып, бір-бірін шақырып, онлайн сөйлесе алатындықтан балаларға өте қызықты көрінеді. Сондықтан да бұл ойын ниеті жаман қаскөйлердің назарын аударып, олардың чат арқылы балалармен достасып, кейін қауіпті әрекеттерге итермелеуіне жол ашуда. Бұған алаңдаған ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқығын қорғау комитеті жеткіншектер ойындарына ерекше назар аудару керектігін айтып, ата-аналарға үндеу жолдады.

— Соңғы кезде халықаралық және отандық бұқаралық ақпарат құралдарында бөтен адамдардың ойыншы кейпінде балалармен танысып, сеніміне кіріп, оларды жабық чатқа шақырып, заңға қайшы әрекеттерге итермелейтіні жөнінде алаңдатарлық деректер жарияланып жатыр. Комитет интернет кеңістігінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ата-ана негізгі қағида мен қауіпті белгілерді білуі тиіс екенін еске салады. Айта кетейік, ата-ана бақылауын орнату және баланың интернеттегі белсенділігін қадағалау, онлайн қатерден қорғаудың сенімді жолы, — делінген комитет хабарламасында. Аталмыш мекеме мамандарының айтуынша, балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алдымен үйдегі үлкендер жағы оларға өзге адамдармен жеке мәліметтерін бөліспеу керектігін үйретуі тиіс. Яғни, жеткіншектер бөтен жанға аты-жөнін, мекенжайын, телефон нөмірін, отбасы жайлы мәліметтерін мүлдем бермеуі керек. Сондай-ақ, Instagram, Telegram, TikTok, ВКонтакте секілді желідегі қауіпті топтар мен анонимді чаттарға кірмегені жөн. Қысқасы, әр бала ата-анасы тексермеген күмәнді онлайн ойындардан аулақ болуы қажет, дейді мамандар.

Ал ата-аналар да баласының іс-әрекетін толық қадағалап отыруларына мүмкіндік бар. Өкінішке қарай, көпшілік бұл туралы біле бермейтін көрінеді. Сондықтан әркім ұл-қызының интернеттен не көріп, кімдермен сөйлесіп жүргенін біліп отыруы үшін ата-ана бақылауының параметрін пайдалана алады. Ол үшін «Family Link», «Screen Time» қосымшаларын орнатып алған дұрыс. Сонымен қатар, баланың әлеуметтік желідегі достары мен жазылымдарының тізімін қарап, аты-жөні жоқ немесе түсініксіз белгілермен, иероглифтермен, күмәнді суреттермен жасалған парақшаларды мұқият тексерген жөн. Сол арқылы балаларды үлкен қауіптерден қорғай аламыз, дейді комитет өкілдері.

Ескерте кететін тағы бір жайт, Балалардың құқығын қорғау мекемесінің мамандары күнделікті өсіп келе жатқан ұл-қыздың көңіл-күйі мен әрекетіне қарап та көп нәрсені аңғаруға болатынын айтады. Мәселен, бала түнде дұрыс ұйықтай алмай, жиі ояна берсе, денесінде түсініксіз жарақат, көгерулер пайда болса, тұйықталып, ашушаң болып кетсе, сөйлесуден қашқақтаса, қорқынышты суреттер салып, оның мәнін түсіндірмесе, мұның артында үлкен үрей бар. Демек, балаға көмек қолын созу керек. Ол үшін не істеу қажет десеңіз, баланың эмоционалдық жағдайына жіті көңіл бөліп, онымен жиі сөйлесудің маңызы зор. Сондай-ақ, күнделікті өміріне қызығушылық танытып, кез келген сәтте ойын ашық айта алатындай деңгейге жеткенге дейін жұмыс істеген жөн. Сонда ғана ол өзін сенімді сезінеді. Тіпті, қажет деп тапса, құқық қорғау органдарына (102 телефон нөміріне), мектептегі педагог-психологқа, білім беру мекемесі жанындағы ата-анаға қолдау көрсету орталығына, психологиялық қолдау мекемелеріне, өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілге, тәулік бойы тегін жұмыс істейтін «111» байланыс нөміріне хабарласып, тиісті көмек алған жөн, деп кеңес береді Балалардың құқығын қорғау комитетінің мамандары.

Нұржайна ШОДЫР.