Көктемгі су тасқынына дайын болу керек. Себебі өңірімізде биыл қар көлемі нормадан артық түскен. Елді мекендерді су басу қаупі жоғары кезеңге дайындық жұмыстары ертерек жүргізілуде. Құзырлы орган мамандары тәуекелді елді мекендер мен жол учаскелерінде тиісті әзірлік шараларын атқаруда.

Бұл жөнінде Өңірлік комму- никациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдай-лардың алдын алу басқарма-сының бастығы Шәкір Ахметов мәлімдеді.

Жалпы, қысқы уақытта облыстың елді мекендерінен 600 мың текше метрден астам қар шығарылған. Төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін су тасқыны салдарын жоюға қажетті күштер мен құралдар дайын тұр. Атап айтқанда, 1702 адам, 616 техника, 42 жүзу құралы және 198 мотопомпа сақадай сай.

– Бүгінде «Қазгидромет» мекемесінің облыстық филиалы ұсынған деректерге сүйенсек, биыл жауын-шашын мөлшері өткен жылдың ұқсас кезеңінің көрсеткіштерімен салыстырғанда  нормадан 55 пайызға артық. Топырақтың қатуы өткен жылдың ұқсас кезеңінің көрсеткіштерінен 8 пайызға жоғары. Әсіресе, Шарбақты мен Успен аудандарында топырақтың қатуы өте терең, — деді Шәкір Ахметов.

Облыста жалпы 43 елді мекенді су басу қаупі бар. Оның 17-сі – Баянауыл ауданына қарасты ауылдық аймақтар.

– Бұған себеп Қарағанды облысының аумағындағы Ащысу өзенінің бөгетінде су толған кезде ол өзен арнасымен Баянауылға барады. Сондықтан да, сол жерде су тасқыны болу қаупі басым. Жол картасы аясында 2019 жылы бірқатар ауқымды шаралар атқарылды. Қаныш Сәтбаев ауылына су тасқынының алдын алу үшін  үйінділер салынып,
габиондармен нығайтылды, – деді ол.

Шәкір Ахметовтің айтуынша, су тасқыны болуы мүмкін ауылдардың тізімі көпжылғы тәжірибеге сүйене отырып құрылған.

– Күзгі ылғалдандыру бойынша тұрақты талдау жұмыстарын жүргіземіз. Облыс көлемінде алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық науқаны жазда басталған болатын. Осы ретте бөгеттерді нығайтып, инертті материалдар әкелінді, – деді Ш.Ахметов.

Көктемгі су тасқынына байланысты ахуал күрделенген жағдайда жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар департаментінің қосымша қоры қарастырылған. Осы мақсатта 26 мың қапшық, 37 мың тонна инертті материал, 120 тонна жанар-жағармай дайындалған. Егер халықты эвакуациялау қажеттігі туындаса, 43 пункті жабдықталмақ.

 

Т.ӘБІЛДА.